Наурызда Қазақстанда ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

«Қазгидромет» синоптиктері наурыз айына ауа райы болжамын ұсынады. Көктемнің алғашқы айы қандай мінез танытады екен?

НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан — Sputnik. Бірінші онкүндіктің басында елдің солтүстігінде температура түнде 5-10 градус аяз, шығыста кей жерлерде 15-20 градусқа дейін аяз, күндіз минус 5, плюс 5 аралығында құбылады. Ал оңтүстік өңірлерде күндіз ауа 10-20 градусқа дейін жылынады, деп хабарлайды синоптиктер.

Наурыздың басында және ортасында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болады.

Оңтүстік, оңтүстік-шығыс пен шығыс өңірлердің кей жерлерінде 15-25 м/с дейін қатты, екпінді жел соғады. Ал солтүстік өңірлерде бұрқасын және жауын- шашын күтіледі.

Республика бойынша тұман жиі түсіп, солтүстікте көктайғақ болады. Жауын-шашынмен қатар ауа температурасы да төмендейді.

«Бірінші онкүндік соңында Кар теңізінен суық антициклонның келуімен республиканың солтүстігі, шығысы мен орталығында ауа температурасы төмендеп, термометр бағаны түнде 10-15, кей жерлерінде 20-25 градус аязға дейін, күндіз 5-13, оңтүстікте түнде 2-12 аязға дейін төмендейді. Бұған қоса, оңтүстікте күндіз 0-8 градусқа дейін жылынуы мүмкін», — делінген ақпаратта.

Қазақстанның батысында бірінші онкүндіктің басында және ортасында жауын-шашын болады. Ауа температурасы түнде 0-8 аяздан 0-5 жылыға дейін, күндіз 0-5 жылыдан 5-13 жылыға дейін өзгереді.

«Наурыз айында ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның басым бөлігінде нормадан 1°С жоғары болады. Оңтүстік — шығыс бөлігінде нормада болады (норма: солтүстікте – 3-9 аяз, оңтүстікте – минус 2, плюс 8) «, — дейді Қазгидромет.

Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады. Тек еліміздің батысында нормада болады деп болжанып отыр (ҚР басым бөлігінде норма 10-25 мм, тек оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс тау мен тау бөктерлі аудандарда 30-90 мм).

«Бір ай ішінде циклондар және антициклондардың жиі ауысуы жауын-шашынның жиі түсуіне, ауа температурасының өзгеруіне әсер етеді», — деп түйіндеді синоптиктер.



sputniknews.kz