науқастың туыстары жансақтау бөліміне баса-көктеп кірді
Қысқа сілтеме алу
Оқиға №7 ауруханада болған. Туыстары дәрігерлер науқастың өлімін жасырып отыр деп шешкен
НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек — Sputnik. Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлерін науқастың туыстары соққыға жықты. Бұл ақапаратты медициналық мекеме Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жансақтау бөлімінде жатқан науқастың туыстары келген. Мамандар науқасты жансақтау бөлімінде тағы бір күнге қалдырғандықтан, жақындары шу шығарыпты.
Олар мекеме қызметкерлері әкелерінің өлімін жасырып отыр деп шешсе керек.
«Біреуі санитарды металл балдақпен бірнеше рет кеуде тұсынан ұрды. Кейін аға медбикеге бас салды. Қалған туыстары бөлім меңгерушісін күтпестен, жансақтау бөліміне баса-көктеп кірді. Үстерінде тиісті киім де болмады», — деп жазады дәрігерлер.
Сондай-ақ, дәрігерлер науқастың туысқандарының өздерін балағаттап, қоқан-лоқы көрсеткенін айтады.
«Мән-жайды түсіндіруге тырысқан дәрігеріміз, профессор, медицина ғылымдарының докторын балағаттады», — деп жазады аурухана әкімшілігі.
Дәрігерлер науқастың туыстарын сотқа беруді жоспарлап отыр.
sputniknews.kz