“Науқастарға тегін көмектесеміз”. 22 жастағы кәсіпкердің Кореядағы табысты бизнесі
Жанәділ Талдыбаев сұхбатында не туралы айтты?
- 22 жасында Кореяда қалай екі компания ашты?
- Тегін қызмет ұсынатын компания қалай табысты болып отыр?
- Жанәділ Қазақстанның медицинасына қалай көмектесіп жүр?
- Шетелдегі науқастарға көмектесу туралы ой қайдан келді?
- Оңтүстік Кореяда грантпен оқу үшін не істеу керек?
Жанәділ бакалаврды ҚазҰУ-дың корей филологиясы мамандығында оқыды. 3-курсында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Теджонда (Оңтүстік Корея) бір жыл оқып келеді. Осыдан кейін магистратураға түсудің жолдарын қарастырған. Қазір Korean Government Scholarship бағдарламасымен Кореяның топ-5 университетіне кіретін Ханянг университетінің (Hanyang University) операциялық және сервистік менеджмент мамандығында магистратурада оқып жатыр.
Не себепті Кореяны таңдадым?
Ана тілімнен бөлек, орыс, ағылшын және корей тілін білемін. Оқушы кезімде жазғы демалыста Ұлыбританияның Cambridge Regional колледжінде оқыдым. Колледжден ағылшын тілін үйрендім. Ағылшын тіліндегі IELTS сияқты корей тілінің TOPIC деген халықаралық тестін тапсырып, ең жоғары алтыншы деңгейін алдым. Кореяға дейін Ұлыбританияда оқимын деген жоспар болды. Бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты ойым өзгерді. Мектеп бітірген кезімде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында серіктестік қарым-қатынас орнады. Сол кезде Оңтүстік Кореяның компаниялары біздің елге кіре бастады. Оның үстіне бұл екі елдің ұқсастықтары көп. Кореяда ешқандай қазба байлық жоқ. Ең басты ресурс – адам еңбегі.
Оңтүстік Кореяның мемлекеттік грантын қалай ұтып алдым?
Korean Government Scholarship – Оңтүстік Кореяның білім министрлігі жүзеге асыратын, шетел азаматтарының тегін оқуына мүмкіндік беретін бағдарлама. Қазақстанға жылына 8-10 грант береді. Бұл бағдарлама арқылы құжат тапсырудың екі жолы бар: бірі – тікелей университет арқылы, екіншісі – елшілік арқылы. Алматыда корей орталығы бар. Мен сол арқылы тапсырдым. Құжатты үш кезең бойынша қабылдайды. Бірінші кезеңде өздері қойған талап бойынша құжат жинап орталыққа өткізу керек. Оның ішіне мектеп, университетте алған грамота, сертификат, жетістіктер және волонтерлық тәжірибе туралы қағаздарды да қосса, пайдалы болады. Құжат тапсырар кезде үш университет таңдайсыз. Екінші кезеңде елшілік құжатты университеттерге жібереді. Сондағы бір университет сізді қабылдаса, үшінші кезеңге өтесіз. Бұл кезеңде Оңтүстік Кореяның білім министрлігінің өкілі Қазақстанға келіп, талапкермен сұхбаттасады. Гранттың берілуі осы кезеңде шешіледі. Бакалаврға тапсырушыларға талап пен құжат тапсыру мерзімі басқаша болуы мүмкін. Магистратура мен докторантурада бірдей.
Шетелде бизнесті қалай бастадым?
Ханянг университетінде startup орталық бар. Онда жылына 30 бизнес жоба қабылданады. Бірінші бизнес-жоспар өткіземіз. Сол бойынша комиссия үздіктерін таңдап, университет бизнес бастауға қолдау көрсетеді. Жобаны іске асыруға қажет мамандарды да университет тауып береді. Startup орталыққа идеяңды ұсыну үшін кем дегенде үш адамнан тұратын команда мен идеяның сенімді болашағы болуы керек. Кореяда оқуымның тағы бір себебі екі елмен байланысты бизнес жасау еді.
Сол жаққа оқуға түсіп, кәсіп бастауға түрлі идея ойлап жүргенімде атам ауырып қалды. Қазақстанда ота жасады. Дәрігерлер оған “Бір ай төсектен тұрмауыңыз керек” деген кеңес берген. Бірақ отадан пайда болмады. Сөйтіп, Кореяның ауруханаларын зерттей бастадым. Атамның диагнозына байланысты, қаржының ретіне сай аурухананы таңдап, оны осында шақырдым. Оған корей дәрігерлері ота жасап, бір аптада жақсарып кетті. Емін алды, қазір жағдайы жақсы.
Атам елге оралғаннан кейін анамның қозғалып, тұруы қиындап, ауырды. Қазақстандық дәрігерлер “Белде грыжа бар” деген диагноз қойып, ота жасамақшы болған. “Бір-екі ай төсекте жатасыз, сосын әрі қарай көреміз” деген. Оны да Оңтүстік Кореяға шақырдым. Анамның қатты ауырғаны сонша, әуежайдан түсе сала, “Мені ауруханаға апаршы” деді. Корей дәрігерлер тексеріп, анама қате диагноз қойылғанын анықтады. Сөйтсе, бел ауруының себебі бұлшық еттен екен. Тек грыжаның басталу сатысы барын және ота жасаудың қажеті жоғын айтты. Дәрігерлер оған бір екпе салды, физиотерапиядан өтті. Анам үш күн ем алып, үш күннен кейін жазылып кетті. Жағдайы жақсы, дәрігерлер жаттығу жасап тұруға кеңес берді.
Анамнан кейін басқа туыс, достардан өтініш түсе бастады. Сегіз-тоғыз ай ішінде жеті адамға Оңтүстік Кореядан ем алуына көмектестім. Сосын ойладым, бұл жаққа емделуге келген жақындарымның өзі жетеу болса, өзгелері қанша?! Өзімнің мамандығым сервистік менеджмент болғандықтан медициналық консалтинг саласында кәсіп ашу туралы идея келді. Біз Оңтүстік Кореяның медициналық туризмін дамыту туралы бизнес жоба ұсындық. Жобадағы кей қатені түзетіп, университет жобамызды қабылдады.
КМК (Kazakhstan Medical Korea) компаниясы қалай құрылды?
Университеттің қолдауымен КМК компаниясын құрдық. Командада үш адам бар. Олар біздің университетте докторантурада оқиды. Кәкім Данабаев – қазақстандық, ҚазҰУ-ды бітірген, Ханянг университетінде Mass media мамандығында оқиды. Ким Сыра – біздің университеттің ең үздік студенттерінің бірі. Жарты жылдай ауруханаларға зерттеу жүргіздік. Шетелден емделуге келетін адамдар туристік агенттік арқылы немесе кей аурухананың келісімшарты арқылы келеді. Олар бұл жақтың бағасын білмейді, қымбатына ұрынуы мүмкін.
Қызметіміз – бізге хабарласқан науқасқа қолайлы аурухана тауып беріп, емделу кезіндегі процестерге және еліне қайтуға дейін Кореяда жүріп-тұруына көмектесу.
Оңтүстік Кореядағы ауруханалардың ақысы еміне ғана емес, оның басшылығына, көрсететін қызметіне тікелей байланысты. Мысалы, кей аурухананың науқасты әуежайдан күтіп алу, vip бөлмеге орналастыру сияқты қызметі болуы мүмкін. Аудармашы үшін ақша алатындары да бар. Сондықтан ондағы емхана, ауруханалардың емдеу ақысы да әртүрлі. Мысалы, анама аурухана іздеген кезде құжатын бірнешеуіне жіберген едім. Емнің ақысы 15 мың доллар, 5 мың доллар, тағы бірінде 7 мың доллар болды. Зерттей келе 7 мың долларлықты таңдадық. Анамның диагнозы қате болғандықтан ота жасамады. Cөйтіп 3 мың долларға емделген.
Бұдан бөлек, екінші компаниямыз бар. КМК Communication Кореяда ғана жұмыс істейді. Біздің қызметіміз – Кореяның ТМД елдерімен жұмыс істегісі келетін компанияларына жарнамалық материалды орыс тілінде жасау. Оларға ТМД нарығына кіруге көмектесеміз.
Науқасқа қалай көмектесеміз?
Науқас алдымен бізге құжаттарын жібереді. Ол құжатты корей тіліне аударып, бірнеше ауруханаға көрсетеміз. Қандай ем қажет, ақысы қандай болатынын анықтап, науқасқа айтамыз. Ол өзі таңдау жасайды. Біз оны әуежайдан күтіп алып, орналасуына көмектесеміз, wifi роутер береміз. Қажет болса, аудармашы да боламыз. Еліне қайтқанша барлық жағынан көмектесеміз. Бұл қызметтің бәрі тегін. Тек науқас емінің, билетінің, тұратын жерінің ақысын өзі төлейді. Бізге ешқандай ақы төлемейді.
Пайда қайдан түседі?
Ауруханаларға жарнама жасаумен және Оңтүстік Кореяның мемлекеттік тапсырысымен табыс табамыз. Компаниямызға тек Қазақстаннан емес, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен де науқастар хабарласады. Өз елімізде КМК компаниясының филиалын ашқалы жатырмыз. Бұған дейін Алматыдағы “Асмед” медициналық орталығымен, Өскемендегі, Қырғызстандағы бірнеше ауруханамен келісімге отырдық.
Астананың денсаулық сақтау басқармасына Кореяның ауруханаларымен байланыс жасау туралы жоба ұсындым. Егер бұл жобаны қабылдаса, Қазақстан мен Кореяның ауруханалары байланыста болады, өздері емдей алмаған жағдайда науқасты арзан бағда емдетуге мүмкіндік алар еді.
Компанияның 3 бағыты бар:
1) Науқасқа тікелей көмектесу;
2) Дәрігердің Оңтүстік Кореяда тегін тәжірибеден өтуіне бағдарлама ұсыну. Оған тәжірибеден өту, конференцияға қатысу, біліктілігін арттыру, дәріс алу немесе отаға қатысуы кіреді. Жақында қызметімізді пайдаланған дәрігер бір ай бойы Инчхонда “Наын” ауруханасында тәжірибеден өтті. Ол тек бару, келу ақысын төледі. Қалған жатын орын, тамақ, транспорттық және мәдени шараларға қатысу шығындарын Инчхон әкімшілігі қамтамасыз етті. Мұндай бағдарламаны қала әкімшілігіне өзіміз ұсынамыз, кейде олар өздері хабарласып жатады. Дәрігерге қойылатын басты талап – ағылшын тілін білу және белгілі деңгейде тәжірибесі болу. Корей тілін талап етпейді. Оңтүстік Кореяның дәрігерлері ағылшын тілін білуге міндетті. Тіл білмесе, медицинаға жолай алмайды.
3) Медициналық құрылғыларды қолжетімді бағада тауып беру. Бізге Қазақстаннан корейдің медициналық құрылғылары керек деген хабар келсе, біз салыстырып, тауып жібереміз.
Қазақстанда трансұлттық компания ашқым келеді
Кореяда қалу жоспарымда жоқ. Алматыны жақсы көремін. Меніңше, Қазақстан – басқа елдерге қарағанда өмір сүруге өте ыңғайлы ел. Кей адамдардан өз еліне көңілі толмайтынын, шетелге кеткісі келетінін естимін. Шетелге бір рет болса да, шығып көрген адам мұндай сөз айтпас еді. Туған елдің қадірін шетелде жүргенде білесің.
Мақсатым – Қазақстанда трансұлттық компания ашу. Кореямен байланысты үзбей, қазіргі бизнесімді әрі қарай дамыту.
Дереккөз: Baribar.kz