Науқаншылдыққа бой алдырмасақ екен — Тимур Бектұр
Атаулы жылдың белгіленуі жастар өміріне алаңдайтын азаматтар үшін жақсы жаңалық болды. Қуанта тұра, бұл ұсыныс маған үміт пен күдік сыйлады.Үмітім үнемі «біздің болашағымыз» деген әдемі тіркеспен айтылатын жастарға да бір жыл арналып, жас буынның саяси-әлеуметтік, материалдық, рухани ахуалын жақсартатын маңызды бағдарламалар жасалатын жыл болады дейді. Ал, күдігім бұл жолы құрғақ ұрандарды көтерген флешмобтар көбейіп, «Жастар жылы» көшедегі алаулаған, жалаулаған шаралармен аяқталып қалмаса екен дейді.
Жастардың ақпараттық технологияны жетік меңгеріп, озық ойлы маман, білікті бағдарламашы ғана емес, маңызды салаларда тың жаңалықтар ашуына ықпал ететін жобаларға көңіл бөлінгені абзал. Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар, жастар компьютер тілін және ағылшын тілін, өзге де шетел тілдерін жетік меңгерсе «Цифрлы Қазақстан» сынды алып міндеттерді алдына қойған еліміздің шын тірегі болып, ауқымды істерді өз қолдарымен қиналмай жүзеге асыратын болады.
Озық ой, ізгі идеялармен жарақталған, нәтижелі жұмысқа негізделген жобалар республикалық деңгейде қолданысқа ие болса деген ой бар.
Жастар мәселесіне көңіл бөліп, арнайы жыл белгілегені үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз шексіз, ендігі міндет Қазақстан халқының мойнында, ол – мемлекеттік органдар мен жастар саясаты басқармалары жастармен бірлесіп аталмыш жылды абыроймен өткізуі және тек өткізіп қана қоймай жастар өміріне оң әсерін беретін нәтижелі істерге қол жеткізу.
Тимур БЕКТҰР,
IT маманы, «Timur academy»
жобасының жетекшісі
Маңғыстау облысы