«Нәсілге, ұлтқа бөлінбейді»: Қазақстандық жігіт Африкадағы балаларға құдық салып берді

0

Ақтау тумасы Жәнібек Жарасұлы 10 күнде бір миллион теңгеден аса қаражат жинап, африкалық балаларға көмек көрсетті, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Ақтаудағы қазақ-түрік лицейінің түлегі кейін оқуын Ыстамбұлда жалғастырған. Оның айтуынша, қалада Африка балаларына көмектесу туралы үндеулер жарияланған.

«Бірде «Африка медресесінің балаларын қолдау» туралы үндеуді көрдім. Кінәлі сезіндім бе, аяушылық сезімі ме — мені осындай қадамға итермеледі. Бәрін мұқият зерттеп, ақша жинауға кірістік. Негізінен достарым көмектесті. Қазір Instagram — үлкен мүмкіндік алаңы, репосттар арқылы қайырымды адамдар ақша жинады. Жұмыстың негізгі бөлігін бір қыз жасады, бірақ ол аты-жөнін жарияламауды өтінді», — деді Жәнібек Жарасұлы.

Олар 10 күнде 1 111 111 теңге жинаған.

Жәнібек Жарасұлының командасы жасаған ауызашарға 620 ауыл баласы жиналған. Олар үшін ең басты ғажайып ауыз су толы құдық ашылуы болды.

«Шын мәнінде біз ақша жинау кезінде қатты уайымдадық. Ақшаны жинай аламыз ба, мақсатты орындай аламыз ба деген ойлар болды. Алайда, біз жақсылық нәсілге және ұлтқа бөлінбейтінін дәлелдей алдық. Бейнеесепті көрдім, бақытты балаларды көріп жүрегім толқыды. Олар қарапайым тамақ пен суға қуанады», — деді идея авторы.