Наразыларды ұстамау «уақытша жылымық» па, реформаға бетбұрыс па?
Тамыздың 7-сінде Қазақстанның үш қаласында түрлі талаппен бір күнде жеті наразылық акциясы өтті. Бес ай бұрын ғана, 2019 жылдың наурызында «өтуі мүмкін митинг туралы жазбасы үшін» ғана астаналық белсендіні жеті тәулікке қамаған Қазақстан билігінің жеті пикеттің ешбірінен наразыларды ұстап әкетпеуі құқық қорғаушылардың таңданысын тудырған.
БІР КҮНДЕГІ ЖЕТІ АКЦИЯ
Алғашқы акция – Нұр-Сұлтандағы БҰҰ өкілдігі ғимараты алдында ондаған адам өткізген жиын. Наразылар құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған қамаудағы азаматтарды бостандыққа шығаруды талап етті. Акцияға келгендер сотталған немесе ісі енді қаралып жатқан ондаған белсенді азаматтың суреті мен «Саяси тұтқындарға бостандық» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Түске жуық астанада тағы бір акция өтті. Нұр-Сұлтанның 23 жастағы тұрғыны Шолпанай Тангирова темір жол вокзалы маңында зорлық-зомбылыққа қарсы бір адамдық пикетке шықты. Ол «Зорлық – ауыр қылмыс», «Зорлық-зомбылық жазасын ауырлатуды талап етемін!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Тангирова шілденің 6-сында Қостанай сотының «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік әйелді зорлады деп айыпталған екі жолсерікке шығарған үкіміне наразы екенін айтты. Оның сөзінше, «бұл үкім тым жұмсақ және ондай әлсіз үкім шығарған судья отставкаға кетуі тиіс».
Астанадағы үшінші акцияны биыл президент сайлауы болған маусымның 9-ында «билік рұқсат етпеген наразылыққа шықты» деп танылып, айыппұл салынған белсенді, «Қаһарман» адам құқығын қорғау қозғалысын құрушылардың бірі Әлия Ізбасарова ұйымдастырды.
Нұр-Сұлтандағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының алдында бір адамдық пикет өткізген оның қолында «Бейбіт тұрғындарды емес, ағаш отырғызыңыздар» деген жазуы бар плакаты болған еді. «Ресей билігі ойын айтқысы келген өз халқына қысым жасап жатыр. Қазір Ресей де, Қазақстан да экологиялық, әлеуметтік, экономикалық апаттың алдында тұр. Олар бұл мәселені шешудің орнына бар күшін талабын айтқысы келген жұртты ұстауға жұмсап жатыр» деді ол. Тап осындай ұранмен бір адамдық пикетті Алматыда белсенді Данияр Хасенов өткізді. «Қазақстан мен Ресей билігінің бірін-бірі қолдайтынын айтқан» Данияр қазақстандықтарды «Мәскеуде әділ сайлау талап етіп, полиция соққысына жығылып жатқан наразы жұртты қолдауға» шақырды.
Сәрсенбі күнгі бесінші акция астанадағы «Нұр Отан» партиясының ғимараты алдында өтті. Белсенді Кәмила Шоқанова «Менің қаруым – сөзім» деген плакат ұстап тұрып, түрмедегі азаптаулар мен ұзақ жылдан бері қамауда отырған белсенділердің жайын сөз етті. Шоқанова «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-басшысы, 10 жылдан бері қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етті. Аздан соң оны «Нұр Отанның» өкілі сөйлесуге партия кеңсесіне алып кетті.
Билікті Жәкішевті босатуға тап сол күні семейлік белсенділер де шақырды. Бірі – Семей прокуратурасының алдына, екіншісі қалалық № 2 соты ғимаратының маңында бір адамдық пикетке шыққан белсенділер – Толқын Шауалиева мен Қуат Уәлиев «Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етемін!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Полиция үш қалада акция өткізген азаматтардың ешбірін ұстап әкетпеген. Нұр-Сұлтандағы акцияның кейбірін полицейлер сырттай бақылап қана жүрген. «Зорлықшыларға кесілетін жазаны қатаңдатуды сұраған» тұрғынның пикетіне құқық қорғау органдарынан ешкім келмеген. Белсенді Роллан Мәшпиевтің сөзінше, семейліктердің акциясында да полиция байқалмаған. «Екі жерде өткен екі пикетті қарапайым киінген белгісіз алты азамат видеоға түсіріп қана жүрді» дейді Машпиев.
«ҚАМАЙТЫНЫНА СЕНІМДІ БОЛДЫМ»
Шілденың 24-інде Семей соты қамаудағы Жәкішевтің мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды сұраған өтінішін қанағаттандырмаған соң Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жергілікті белсенділер «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысына және қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізіміне енгізген өзге азаматтарға бостандық беруді талап етіп ондаған акция өткізген.
Жәкішевке шыққан шешімнен соң алғаш болып, шілденің 25-інде жалғыз адамдық пикет өткізген – құқық қорғаушы, оппозициялық журналист Сергей Дуванов. «Жәкішевке бостандық талап етемін!» деген жазуы бар плакат ұстап, Алматы әкімдігіне қарама-қарсы Республика алаңында 15 минуттай тұрған Дуванов биліктің шешімін айыптап, саяси тұтқындар туралы айтқан. Акция аяқталғанда өзін сырттай қарап бақылап тұрған полицияға қарата журналист «Азаматтардың еш рұқсатсыз жалғыз адамдық пикет өткізуіне хақы бар. Полицейлер жаныңа келмеуі де керек. Мына полицейлер қазір заңды орындап жатыр. Пікірімді айту еркін сақтап, бақылап қана тұрған полицияға айтар өкпем жоқ. Бізге керегі – осындай полицей» деген. Акция кезінде үлкен сөмке асынып тұрған журналист Азаттықпен әңгімесінде «пикетке шығарда ұстап әкететініне сенімді болдым» дейді. Дуванов полицияның сырттай бақылап қана тұрғанына таңқалғанын айтады.
— Тіс пастасын, щеткамды, ауыстыратын киімімді алып шықтым. Ұстап әкетіп, сотқа апаратындарына, кем дегенде 10 тәулікке қамайтынына сенімді болдым. Менің плакатымды, ондағы талапты айтпағанның өзінде маған дейін бір жапырақ қағазбен шыққандардың өзін ұстап жатты. Сондықтан соған дайын боп бардым, — дейді ол.
Қазақстандағы наразылықтар мен биліктің белсенділерді жазалауын бақылайтын Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюрода сарапшы болып істейтін Дуванов биліктің қарсылық акцияларын сырттай бақылап қана тұруы өзінің акциясынан басталды деп санайды.
— Маған дейін шыққандардың бәрін ұстап жатты. Бюро дерегіне қарағанда, ұстап әкету акциялардың бәріне ортақ құбылыс болды. Сондықтан акция өткізетінімді интернетте хабарлағанымда екінің бірі «[қамауда] демалып қайтатын болдың» деп пікір жазды. [Биліктің сол кездегі] ұстанымы кез келген акцияға, тіпті бір адамдық пикетке де тыйым салу еді, — дейді журналист.
Акция өткізерден бұрын полицияның әкететіне дайындалып, бірден заттарын ала барған Дуванов қана емес. Шілденің 13-інде, «Шаңырақ оқиғасына» 13 жыл толғанда Алматыдағы Абай ескерткіші алдында Айдана Айдархан билікті қамаудағы әкесін, диссидент ақын Арон Атабекті босатуға шақырып әдеби акция өткізді. Тұрғындар мен журналистер қоршаған 27 жастағы Айдархан «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен 18 жылға сотталған әкесінің түрмеде жазған өлеңдерін оқып тұрды. Полиция реакциясы Айдана күткендей-ақ болды. Шамамен 20 минуттай уақыттан соң ескерткіш маңына полицейлер келіп, Айдарханның жеке куәлігін алып, не кітап ұстап тұрғанын сұрады. Артынша оны көлікке мінгізіп, Медеу аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті. Бірақ екі сағаттан аса уақыттан соң Айдархан Азаттыққа хабарласып, Мұхтар Әблязовтің қозғалысына қатысы бар-жоғы сияқты бірлі-екілі сұрақ қойған соң, полиция «митингіге шығу ережесін бұзбауды» ескертіп, бөлімшеден босатқанын айтты. Ол «сотқа тартылмастан босап шыққанына таңқалған».
— Бұдан сорақысына әзірленіп едім. Бірнеше тәулікке қамайтын шығар деп ойлап, сөмкеме заттарымды салып алдым. Ұстап әкетіп, сотқа тартатынына сенімді болдым. Сондықан екі сағаттан соң босатып жібергендеріне таңырқадым, — дейді ол.
Айдана өзін ұстап әкеткен полицейлер «маған не істерін білмеді» дейді.
— [Бөлімшеде] полицейлер жоғарыдан менің үстімнен іс ашпау туралы бұйрық келгенін айтып жатты. Аздан соң «Медеу аудандық прокурорымын» деген адам келді де, өзінің маған ешбір айып тақпау туралы бұйрық бергенін айтты, — дейді Арон Атабектің қызы.
Дуванов полицияның өзін ұстамауына президент сайлауы кезіндегі наразылықтан соң құрылатыны жарияланған Ұлттық сенім кеңесінің отырысын күткен биліктің «уақытша шешімі» әсер етті деп пайымдайды. Ал Айдархан бұл жағдайды «пикетке шыққан адамға тиіспесе, шудың азырақ болатынын түсінген» биліктің жаңа тәсілі деп түсінеді.
«БИЛІКТІҢ КӨЗБОЯУШЫЛЫҒЫ»
Азаттық сөйлескен сарапшылар биліктің наразылық акцияларына соңғы уақытта танытып жатқан тосын реакциясын түрліше топшылайды. Адам құқықтары жөніндегі бюро директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис пен оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың сөзінше, биліктің пикетке рұқсат бере бастауын «өміршең өзгеріс» деп бағалауға болмайды.
— Таяуда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасайды. Сайлаудан соңғы сөздерінде қандай да бір реформа болатыны туралы қоғамға білдірген нышанын ескеріп, жұмысының негізгі бағытын айқындауы керек. Билік соны күтіп жүрсе керек. Оның үстіне осы айдың соңында Тоқаев құрған Ұлттық сенім кеңесінің отырысы өтеді. Ол жерде де қоғам наразылығына реакция болатын сияқты. Сондықтан биліктің наразыларға мұндай реакциясын осы шараларға дайындық қана деп білем. Билік шағын акциялар арқылы сайлаудан соң ушыққан ахуалды басқысы келеді, — дейді Жовтис.
Жовтистің сөзінше, Тоқаев қанша тырысса да, реформаны тар шеңбер ішінде жүзеге асырады. «Бұған себеп болатын – қазіргі билік пен қауіпсіздік кеңесінің, 1990 жылдары дүние жиған элитаның өзін-өзі қорғау, жеке басы мен активтерін сақтау функциясы» дейді ол.
— Шын қаласа да, Тоқаев реформасының саяси шеңбері тар болады. Бірлі-екілі ұмтылыс жасайтын да шығар. Бірақ тап қазір нақты бір саяси реформа, үлкен өзгеріс боларының нышанын көріп тұрғам жоқ, — дейді ол.
Биліктің наразыларға реакциясындағы өзгерісті журналист Жанболат Мамай да үш ай бұрын президент қызметіне кіріскен «Тоқаев әкімшілігінен түскен тапсырма» деп санайды. Оның сөзінше, бұл – «біз, міне, жұмсақтық қылып жатырмыз. Қоғаммен диалог орнатамыз» дейтін президент айналасындағы адамдардың уақытша саясаты. Мамай:
— Аз адам қатысатын шағын пикеттерге рұқсат беріп жүрген билік жүздеген, мыңдаған адам көшеге шықса, наразыларды қайтадан жаппай ұстап әкетер еді, — дейді.
Қарай отырыңыз: Астана күнгі ұстаулар мен қамаулар (6 шілде 2019 жыл).
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірі басқа. Тоқаев қызметіне кіріскелі бері «көп өзгеріс болғанын» айтқан ол «заң бұзылмайтын митингілерге рұқсат беріліп келген» дейді.
— Полицияның ұстап әкетпеуін өзгеріс деп ойлаймын. Тоқаев митингілерге қатысты заңды өзгерту керек деді ғой. Ол билікке келгелі өзгеріс көп. Мәселен, интернет қолжетімді. Ресурстарды қолдануда қиындық байқалмайды. Митингілерге рұқсат берілді, пикеттер өтіп жатыр. Оларға [биліктен] қатаң реакция жоқ, — дейді Қалиев.
Oyan, Qazaqstan қозғалысының мүшесі, журналист Әсем Жапишева Қалиевтің «митингілерге рұқсат беріліп жүр» деген сөзімен келіспейді.
— Тамыздың 4-і күні «Ішкі істер реформасын талап етеміз!» деген ұранмен митинг өткіземіз деп ескерту бергенбіз. Бізге [Алматы әкімдігі] «Сарыарқа» [кинотеатрының] артында өткізіңдер, болмаса өткізбейсіңдер» деді. Біз «Жоқ, қала ортасында өткіземіз» деген соң полиция реформасын талап еткен белсенділерді шетінен тергеуге шақыра бастады. Бір адамдық пикетке рұқсат беру – ешқандай да гуманизация белгісі емес. Биліктің жай күш жинауы. Тоқаевты реформатор ретінде көрсеткісі келіп жатқаны. Көзбояушылық, — дейді ол.
Митингіге рұқсат ала алмаған жалғыз алматылық белсенділер емес. Тамыздың 4-і күні «Қауіпсіздік сертификатына қарсымыз!» деген ұранмен қарслық шарасын өткізбек болған белсенділер Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің жиын өткізуге рұқсат етпегенін хабарлаған. «Республика» қозғалысының мүшесі, белсенді Бэлла Орынбетованың жазуынша, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қол қойған қаулыда «Митингіге рұқсат сұраған өтініш мазмұны заңға сай емес» деп жазылған. Нақты қай жері заңға сай толтырылмағаны көрсетілмеген қаулыға қатысты пікір айтқан Орынбетова:
— Митинг өткізуге рұқсат берілген-берілмегенін әкімдік бес күн бұрын ескертуі тиіс еді. Өтініш тапсырған тоғыз күн бойы бізге ешкім хабарласпады. Бұл – өрескел заңбұзушылық, — дейді.
Белсенді Жәпішеваның сөзінше, шағын пикеттерге рұқсат беріле бастауына Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы кезінде Нұр-Сұлтанның наразыларды күшпен ұстағанын сөккен халықаралық ұйымдар мен шетелдік журналистердің сыны да себеп болуы мүмкін.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫН
Биліктің сайлау күндері мыңдаған наразы адамды ұстап әкеткеніне алғаш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы реакция білдірген. Ұйым сайтында жарияланған мәлімдеме «Бейбіт жиында азаматтарды, журналистерді жаппай ұстау жиналу еркіндігі мен пікір айту құқығын бұзады. Бейбіт жиындағы ұстаулар мен дауыс беру кезіндегі көп баңбұзушылықтар демократиялық стандарт сақталғанын көрсетпегені анық» деп жазылған.
ЕҚЫҰ пікірінше, Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы елде «ірі саяси, әлеуметтік және құқықтық реформалар қажет екенін» көрсеткен. Нұр-Сұлтанды наразыларды күшпен ұстап әкеткені үшін сынағандарға БҰҰ да үн қосты. Маусымның 12-інде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы Нұр-Сұлтанды адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырған. Ұйымның адам құқықтары кеңсесінің Орталық Азия бойынша жетекшісі Ришард Коменда «Наразыларды күшпен ұстау – Қазақстанның адам құқықтары бойынша міндеттемелеріне айқын қайшылық. Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырамын» деп жазған еді.
Қарай отырыңыз: Сайлау күні полицияның азаматтарды ұстауы (9 маусым 2019 жыл).
Содан бері Нұр-Сұлтанның наразыларға танытқан реакциясын сынағандар аз болған жоқ. Тамыздың 7-сінде Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, адам құқықтарының сақталуындағы проблемаларды шешуді кідіртпей қолға алуға шақырған. «Азаматтардың бейбіт наразылық таныту құқығына кепілдік беретін конституцияның 32-бабын Қазақстан билігі үнемі бұзатыны сізге белгілі» деп жазған Уильямсон Тоқаевты «адамдардың құқығын шектейтін заң ережесін қайта қарауға» шақырған.
Тоқаев бұл сындарға реакция білдірген. Сайлаудан кейін батыс ақпарат құралдарына берген сұхбатында Қазақстан президенті «бейбіт шерулер туралы жаңа заң әзірлеуге уәде еткен». Белсенді Жапишева «билік митингілерден секем алып қалғанымен, нақты өзгеріс болмады» дейді.
— Бейбіт жиындар туралы заң әлі өзгерген жоқ. Бізге алдымен заңдар реформасы керек. Саяси тұтқындарды босату керек. Былтыр қалалық мәслихатқа азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін алып тастады ғой. Қазір кандидатты тек партиялар ұсына алатын болды. Үшіншіден, кәсіподақтар ахуалы реттелуі керек. Осы үш нәрсені өзгерте бастаса, бір реформа келгенінің белгісі деп қарастыруға болады, — дейді журналист.
Журналист Жанболат Мамай мен құқық қорғаушы Евгений Жовтис «наразылыққа қатысты билік реакциясының өзгеруі жылымық емес» дегенде «саяси тұтқын» деп танылған азаматтардың – диссидент ақын Арон Атабектің, белсенді Макс Боқаев пен «Қазатомөндіріс» компаниясының бұрынғы директоры Мұхтар Жәкішевтің әлі қамауда отырғанын алға тартады.
— Полиция бақылап қана тұратын тренд бары рас. Бірақ тап сол сәтте азаматтар экстремизм бабымен сотталып жатыр, «тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар» деп айыпталған көп балалы аналар қамауда отыр. Мұхтар Жәкішев босап шыққан жоқ, — дейді Жовтис.
«АЛТЫ ЖЫЛДА МИТИНГІЛЕР БЕС ЕСЕ АЗАЙҒАН»
Тәуелсіз Қазақстан билігі белсенділерге жүздеген адам қатысатын митингілер өткізіп, наразылық білдіруге бұған дейін сирек болса да мұрсат берген. Құқық қорғаушы Жовтистің сөзінше, Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев билікке келген 1990 жылдардың басында полиция наразыларды сырттай бақылап қана тұрған. Журналист Мамай да «2009-2011 жылдары қазіргідей бір адамдық пикеттерге бір айда екі рет шыққан кездерім болған» деп еске алады.
Азаттық сөйлескен сарапшылар «2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасы мен 2016 жылғы жер митингісіне дейін Қазақстанда ірі шерулер өтпегеніне» назар аудартады. 2011 жылы желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдетіп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, наразыларды күшпен таратқан еді. Биліктің дерегінше, 17 адам қаза болып, 100-ден астамы жараланған. Ал «жер толқуы» кезінде полиция мен арнайы жасақ наразыларды жаппай ұстап, әкімшілік жазаға тартқан.
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның биыл сәуірде жариялаған азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы жайлы есебінде де Жаңаөзен оқиғасынан соң митингілердің азайғаны сипатталады. Есеп авторлары «162 бейбіт жиын өткен 2011-2012 жылдардан бергі алты жыл ішінде митингілер саны бес есе азайды» деп жазады. Құқық қорғаушылар 2018 жылы да митингілердің біршама азайғанын хабарлаған. Есепке қарағанда, былтыр Қазақстанның сегіз қаласында 32 бейбіт жиын өткен. Бұл 36 митинг өткен 2017 жылғы көрсеткіштен аз.
Қазақстан Конституциясының 32-бабында «азаматтар бейбіт әрі қарусыз жиналуға, митингілер мен шерулер өткізуге хақылы» деп жазылған. Бірақ тап сол бапта «бұл құқық шектелуі мүмкін» деген ескерту бар. Билік «мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, өзгелер құқығын қорғау мақсатында» митинг өткізуге тыйым сала алады. «Бейбiт жиналыстар, митингiлер, және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi» туралы 1995 жылғы заңның 7-бабында да «митинг өткiзу қоғамдық тәртiп пен азаматтардың қауiпсiздiгiне қатер төндiрсе, жергiлiктi билік жиынды өткiзуге тыйым салады» деп жазылған. Халықаралық ұйымдар бұл заңды сынап, өзгертуге шақырғанымен, Нұр-Сұлтан құқық қорғаушылар пікірін ескермеген.
Қазақстандық белсенділер жылдар бойы митингіге рұқсат алу қиындығын айтып, шағымданып келеді. Жыл сайын билік рұқсат етпеген шеруге шыққан ондаған адам «митинг өткізу ережесін бұзды» деп жазаланады.