Намысшыл, арлы азамат

0

Ким Серікбайұлы Се­рік­баев қазақ халқы сан алуан зоба­лаң­дарды бас­тан өткеріп, оңды-солын ен­ді-енді тани бас­таған аумалы-төкпелі заманда – 1934 жылдың қақаған қаң­тарында қасиетті Ақтөбе топырағында, Хромтау ауда­нының Көптоғай ауылын­да дүниеге келген. Он төрт жасында –  әкеден, он бесінде шешеден айыры­лып, тұл жетім болып қалады. Ба­лалар үйінде, интернатта тәрбиеленіп өскен. 1952 жылы Ақтөбедегі   жалғыз қазақ орта мектебін ойда­ғыдай тәмамдап, білім қуып Алматыға келіп, Заң инс­титутына оқуға түседі. Қыс­қа жіп күрмеуге келмей, тұр­мыс тауқыметін тартып, бі­рін­ші курсты аяқтаған соң, институттағы оқуды тас­тауға мәжбүр болады.­ Алайда, асыл пышақ қын түбінде жат­пайды, ар­ман қуған бозбала Уфа қаласындағы әс­кери училищеге оқуға тү­сіп, 1956 жылы оны үздік бі­тіреді, тырнақалды әскери атағы – лейтенант шенін ие­ленеді. Осы орайда Кимнің өз аузынан естіген бір оқиға еске түседі. Адам албырт ша­ғында еліктегіш келеді ғой. Соғыста бір аяғынан айырылып жарымжан болып келген Темір есімді ауылдас ағасы мектепте әскери даяр­лық денешынықтыру саба­ғын жүргізеді. Ұстаздың әсерлі әңгімелері, сымға тарт­­қандай тіп-тік тұлғасы се­зім­тал бала Ким­ге ой салып, ол түбінде әс­кери қыз­меткер болуды армандайды, ұстаз жолын қууға бекем бел байлайды. 

Балаң офицер «атың барда ел таны желіп жүріп» де­ген қағиданы ту ғып ұс­тап, өз еркімен қияндағы солтүс­тік­ке – Чукоткаға аттанады. Құ­дай қосқан қосағы Раиса Сәр­сенбайқызы Игілікова екеуі жердің түбі саналатын Магадан облысында жал­ғыз қазақ отбасы болады. Взвод командирі Ким Се­рік­баев ұлтымның намысы­на кір келтірмейін деген ниет­пен күн-түн демей жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Темірдей тәртібімен, бі­ліктілігімен көзге түскен офицерді сол кезде шы­нық­қан әскери кадрға өте зә­­ру При­­­кар­патье әскери ок­ру­гіне жа­ңа қызметке ауыс­ты­­рады. Мұн­да он жылға жуық же­­міс­­ті жұ­­мыс істеп, әскери қыз­меттің қыр-сы­рын толық мең­гереді, взвод командирінен мо­то­атқыш­тар батальонының штаб бас­тығына, одан полк коман­дирі­нің міндетін атқарушы дә­режесіне, аға лейтенанттан под­­полковник шеніне дейін жоғарылайды. Дивизияның құ­­рамында 12 мың сарбаз бен сардар болады. Олардың екі мыңы сардарлар (офицер­лер). 

Закарпатье әскери окру­гінде он жыл мінсіз қыз­мет атқарған подполковник К.Серікбаев 1970 жылы Мәс­­­­кеуд­егі М.В.Фрунзе атын­­­­­­дағы әскери академияны сырт­тай оқып тәмамдап, қа­мал бұ­за­тын 40 жасында әскери ғылымдар канди­даты атағын алу үшін диссертацияны ойдағыдай қор­ғап шығады. Талапкердің терең біліміне, мәселені зер­делі зерттегеніне, нақты дә­лел­­дермен мүл­тік­сіз баян­дағанына разы бол­ған комиссия мү­­ше­сі, танк әс­кер­лерінің генерал-пол­­­­­ков­нигі профессор А.И.Рад­зиев­­ский ғылыми ең­­бекке зор баға беріп, бұл жал­ғыз Се­рік­баевтың табысы емес, жа­уынгер қазақ хал­қы­ның же­тістігі деп ағынан жа­ры­лып, шын­дықты бүк­песіз айт­қанда Кимнің төбесі көк­ке екі-ақ елі жетпей шаттана­­ды. 

Көп жыл бойы қажымай-талмай ізденудің арқасында 2000 жылы әскери ғылымдар докторы атағы үшін диссертация қорғайды, кейіннен профессор атағын алып, Қа­зақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академияларының толық мүшесі болып сайланады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Ким Се­рік­байұлының таланты әр қырынан жарқырап ашылды. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ғылымдар докторы ретінде ол тәуелсіз мем­ле­кетіміздің әскери доктори­насын жасау бақытына ие болды. 

Тоқсаныншы жылдардың басында Президент аппара­ты мен Министрлер Каби­не­ті қорғаныс бөлімінің меңге­рушісі қызметін атқарғанда әскери істе әккі болған талай шенділермен қоян-қолтық жұ­мыс істеуге тура келді. Ол кезде қазақ сардарлары сау­сақпен санағандай аз болатын. Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын дегендей, уәжге мо­йын ұсынбай, бүйректен сирақ шығаруға тырысып бұра тартушы жат ұлт өкілдері де болмай қалған жоқ. Қатаң тәртіп ежелден бойына сіңген, ұлтының мүддесі үшін тау қопаруға да сақадай сай полковник Ким Серікбайұлы бұратартқандарды тәубе­сіне түсірді: Тура би­дің ту­ғанына да жақпайтыны сияқты, сондай тұстарда оның бағзы біреулерге ұнамай қалуы да сөзсіз. Олар өзінен іскер кісіні қайткенде аяғынан ша­луға, тобықтан қағуға әлекедей жаланып дайын тұрады.  Міне сондай көреалмаушылар Ким Се­рік­баевтың да жолын талай рет кескен сыңайлы. Бірақ та­биғатынан діні мығым, анау-мынауға мойы­майтын, жа­сымайтын К.С.Серікбаев өзі­нің білімі мен қайратының, намысқойлығының арқасын­да алған бетінен таймады,  адал­­­­дықтан, адамдықтан айны­мады. Ол шен қуған жоқ, ман­сапқа, марапатқа бой ұрған жоқ. Қанағатшыл, тәу­бешіл бол­ды. Ең жоғары атақ – ха­лықтың құрмет-қоше­меті, әділ бағасы деп ұқты, әлі де осылайша ақ­жарылқап өмір сүріп келеді.

Ким Серікбайұлы Ке­ңес Ода­­­­ғы­ның Маршалы И.С.Конев атындағы жо­ға­ры жалпы әскери-команда­лық училищенің кафедра мең­герушісі, Қазақстан Ком­­пар­тиясы орталық ко­ми­тетінің жанындағы Жоғары партия мектебінің әс­ке­ри­­ ка­фе­драсының бас­ты­ғы, Ұлт­­­тық қорғаныс уни­­вер­­­си­те­ті­нің бас ғылыми қыз­мет­кері, Ми­нистрлер Кабинеті­нің жанындағы әскери мәсе­ле­лер бойынша Жоғары аттес­та­циялық комиссияның Бас ғылыми маманы сияқты ірі-ірі лауазымдардың тұтқасын ұстады. Сол кез­дегі Білім ми­нистрі, айтулы азамат Шай­­сұлтан Шаях­метовтің:

– Аға, жоғары лауазым­дар­дың біраз қызық-шы­жығын көр­діңіз ғой, енді төменгі буын­ға ойысуға қа­лай қарайсыз? – деген бір­ауыз сөзін сыйлап, үш жыл бойы республикалық әс­кери мектептің тізгінін қол­ға алды. Қиюы қашып, әб­ден тұралап қалған оқу орнын аяғынан тік тұрғызды. Мек­тепке іскер, білікті, ынталы оқытушылар тартты, ғи­маратын адам танымастай етіп күрделі жөн­­детті, оқу-әдіс­теме­лік құрал­дармен, жаңа жиһаз­дармен жабдықтады. Сөйтіп әскери мектеп түр­леніп, гүлденіп жаңа сапаға ие болды. Ең бас­тысы – оқу­шылардың тә­ртібін жөнге сал­ды, олар­дың білім алуға де­ген ынта-жігерін жаныды, шә­кірт­тер бойкүйездіктен, нем­құрайлықтан арылып, мінез – құлықтары түбегейлі өз­герді. Жоғары орындарға бір­­неше мәрте ұсыныс хат­ жазып, тегеурінді талап қойып, әскери мектепке Ке­ңес Ода­ғының Батыры Бауыр­­жан Мо­мышұлының есімі берілуіне қол жеткізді. Осы идеяның бас­таушысы да, оны орындаушы да Ким Се­рікбаев, бұл тарихи шын­дық.

Ким Серікбаевты тұңғыш бауыр­жантанушы деп атауға әбден болады. Ол – аты аңызға айналған батыр, ағасының лайықты ізбасары, теледидардан, газет-журналдардан кіші полковниктің үлкен полковник туралы мақалаларын жиі ұшыратуға болады. Та­лай алқалы жиындарда, әсі­ресе студенттер мен мектеп оқушылары, жұмысшы жас­­­­тар алдында Баукең туралы тебірене толғап, тың­даушыларын ұйытқаны көп­шілікке мәлім. Айтушысы ақыл­ды болса, тыңдаушысы дана болады деген міне осы. Ким Серікбайұлы тек Ба­уыр­жан Момышұлы ғана емес, Кеңес Одағының екі мәр­те батыры сайыпқыран Тал­ғат Бигелдиновтің, Кеңес Ода­ғының Батыры тұңғыш дивизия қолбасшысы генерал Са­быр Рахимовтың, аты аңызға айналған партизан Халық Қа­һарманы Қасым Қайсеновтің ерліктерін және өзімен бір мек­тепте оқыған тетелес ағасы генерал-лейтенант Жан­сен Кереевтің өмірін жас ұрпаққа на­сихаттаушы.

Ағаларға адалдық, жа­­сы үл­кенге құрмет – К.Се­рік­­баевтың бойына сің­­ген қасиет. Күні кеше ғана 98 жасында дүниеден оз­ған­ көрнекті мем­ле­кет­ қай­раткері, майдан­гер­ Сұл­тан Жиенбаевқа, Ми­нистр­­лер Кеңесі Төраға­сы­­ның бұ­рын­ғы орынбасары, Рес­пуб­ли­калық Арда­гер­­лер ұйы­­мы­ның тұң­ғыш жетекшісі, Ұлы Отан соғы­сының ардагері Шәң­герей Жәнібековке, қазақ әде­­биетінің көзі тірі классигі Әб­­діжәміл Нұрпейісовке, он се­гізінде от кешкен жауынгер Сағындық Кенжебаевқа, аудан бойынша жақындығы әрі ақындығы бар майдангер Леонид Гиршке, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Серік Қи­ра­баевқа інілік ізеттен әсте жа­ңылған емес.

Ким Серікбайұлының та­ғы бір қасиеті – ол ежелгі аңыз­­­дағы Антей сияқты туған жер­ден күш алып, жа­құт­тай жай­нап шыға келеді. Ақтөбесі ауызға алы­н­са­­ ішер асын жерге қоя­ды. Қал-қадерінше  жиі-жиі ат ба­сын тіреуге ұм­ты­лады. Был­тыр ғана ұш­қан ұясы – Ақтөбедегі №6 ор­­­та мек­тептің 90 жылдық ме­рей­тойына қатысып, ұжым­­ға әдістемелік құрал-жаб­дық­тар, кітаптар, компью­тер сыйлады, ұлағатты ұс­­таз­дар мен жас­өспірім оқушылардың ал­ғысына бөленді. Сүйем жері сүй­кімді, қарыс жері қасиетті ту­ған топырақтың әсері ме екен, Серікбаев серіліктен де құралақан жан емес. Мұнтаз­дай таза киімі жіп­тіктей тұл­ға­сына өте жарасымды. Сек­­сен бес белес­ке шығып, сақал-мұр­тын ақ қырау шалса да жа­ра­тылған сәйгүліктей, тал бойында бір міні жоқ осынау адамның делебесі дуда қозатын жүйріктей шаршы топта қа­зақша, орысша ән шырқап тың­даушысын тамсандыратын да өнері бар. Әсем дауысы құлақ құрышын қандырады.

Ким Серікбай­­­ұлы 2007 жылдың қыркүйек айында Медеу аудандық Арда­герлер кеңесінің төраға­лы­­ғы­на келгеннен бері тонның ішкі бауын­дай болып қоян-қолтық араласып кеттік. Бұ­рын алыстан естіп, сырттай ғана білетін болсақ, енді егіз­дің сыңарындай әріптестік дәрежеге жеттік. Төрге шық­­­­­­­­саң, есік жақтағыларға қа­рай отыр, деген тәмсіл бар. Ким Серікбаев Медеу ауданындағы 25 мыңға тарта зейнеткердің әр­қайсысының мұң-мұқтажына зер салып, қолынан келетін кө­мегін аямайды. Кейбірінің үй­леріне барып, көбіне телефонмен хабарласып, бас­тауыш ұйым­дар арқылы жай-күйін біліп отырады. Жақсыға ісің түссе үзігіңді жалғайды, жа­манға ісің түссе бүтініңді жалмайды деген осы.

Хамит БІРЖАНОВ,

Бостандық аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/