НАҒЫЗ ТЕМІРЖОЛШЫ | «Айқын» газеті

0
219

 Еңбек жолын  1983 жылы  Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын бітіргеннен кейін Қызылорда станциясында пойыз құрастырушының көмекшісі болып бастаған бүгінгі танымал теміржолшы Ермек Төлегенов алпыстың асуына келді. 

Ерекең бастапқы үш жылда пойыз құрастырушы, станса кезекшісі, жүк алаңы меңгерушісі болып, қызмет ете жүріп, темір­жол жұмысының қыр-сырын игерді. 1986 жылы наурыз айында Қызылорда стансасы бастығының орынбасары, 1988 жылы бөлімше бойынша қозғалыс ұйым­дас­тыру бастығының орынбасары болып тағайындалды.
1991 жылдың жазында Совет Одағы Коммунистік партиясы Қызылорда станса­сы тораптық бастауыш партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Бұл қызметте адаммен жұмыс істеу, қоғамдық жұмысты ұйымдастыру бойынша тәжірибе жинақта­ды. Сол жылы күзде Қызылорда станция­сының бастығы болып тағайын­далып, өзі білетін жұмысқа қайта оралды. Екі жылда станса жұмысын жаңаша ұйымдастыру бойынша көп еңбектенді. Бұл қызметте ол нағыз теміржолшы болып қалыптасты.
Кеңес Одағы тарқап, экономикалық қарым-қатынас үзілгенде, теміржолда қажет материал табылмай, ағымдағы, күрде­лі жөндеу кестеге сай жүргізілмей қалатын. Осындай жағдайда 1993 жылы күзде Ермек Нақыпбекұлы Қызылорда жол бөлім­шесі жолаушылар тасымалы бөлімі­нің бастығы, 1997 жылы көктемде Батыс Қазақстан теміржолы Жолаушылар тасы­малы қызметінің бастығы қызметіне тағайын­далды.
Бұл өте бір қиын кезең еді. Вагон жетіс­пейді. Қолдағы бары – ескі-құсқы. Көрпе-жастық сын көтермейді. Жолаушылардың шағымы күн сайын теледидардан көрсе­ті­ліп, газет-журналда жазылып жататын. Оның бәріне жауап жазып, ақталу да фил­иал басшылығының міндеті еді. Ере­кең соның өзінде қолдағы барды ұқса­тып, жолаушыларды жолдан қалдырған күні болған жоқ. Уақытпен санаспай жұмыс істеп, тәжірибелі, білікті теміржол­шы­лардың сеніміне ие болды, әріптестері­нің құрметіне бөленді.
Сол жылдарда Қазақстан темір­жо­лын­да құрылымдық өзгеріс көп болды. 1998 жылы мамыр айында Ермек Нақып­бек­ұлы «Жолаушылар тасымалы» ЕММ-нің Батыс аймақтық филиалының дирек­то­ры болып тағайындалды. Ол екі жылда ай­мақ­тық филиалдың өндірістік көрсет­кі­шін жақсартуға қол жеткізді. Мекемеде тәртіп орнатты. Жолаушыларға ұсынылатын көрпе-жастықтың сапасын талапқа сай келтірді. Вагон қашан да таза, қыста жылы, жазда салқын болып тұратын. Осының бәрі басшылық назарынан тыс қалған жоқ.
2000 жылы көктемде Ермек Нақыпбек­ұлы «Жолаушылар тасымалы» ЕММ дирек­торы болып жоғарылатылды. Оның ұйым­дас­ты­рушылық қабілеті мен жұмысты талап ете білуі бұл қызметте жаңа қырынан таныт­ты. Ұлттық компания бойынша жолау­шылар тасымалдайтын вагондардың жөн­деуден өткізілуін жоспарлы жолға қойды. Жаңа вагон сатып алуға қол жеткізді.
Ермек Нақыпбекұлы – 2002-2016 жылдары Тасымалдау үрдісін үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, Техникалық басқарма бастығы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Тасымалдау дирекция­сы­ның бас инженері, Қарағанды жол бөлім­шесі филиалының директоры, «Тасы­мал­дау үрдісі» филиалының директоры, Басқарушы директор – аппарат жетекшісі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы, Ақмола ЖТ бөлімшесі филиалы­ның директоры қызметтерін атқарды.
Оның еңбегі лайықты бағаланып, «Құр­мет» орденімен, «Құрметті теміржол­шы» атағымен, «Қазақстан теміржолына – 100 жыл», «Біртұтас Қазақ теміржолына – 50 жыл», «Достық – Алашанькоу темір жол­дарының түйіскеніне – 20 жыл» төсбел­гі­лерімен, грамоталармен марапат­талды. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміз теміржолында талай-талай жауапты қызмет атқарып жүр.
Ерекеңнің еңбексүйгіштігі, қиналған кезде қашан да қол ұшын беретін нағыз азаматқа лайық қасиеті әріптестерінің құрметіне бөледі. Теміржол дамып, өркен­де­ген жылдар оның жемісті еңбек еткен, нағыз кемеліне келген кезеңмен сәйкес келді.
Ермек Нақыпбекұлын асқаралы алпы­сы­мен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, отбасы­на ырыс пен ынтымақ, бақыт пен бере­ке тілейміз! Қашан да табыстан табыс­қа жете беруіне тілектеспіз.

Әріптестері

Дереккөз: Айқын