НАҒЫЗ ТЕМІРЖОЛШЫ | «Айқын» газеті
Еңбек жолын 1983 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын бітіргеннен кейін Қызылорда станциясында пойыз құрастырушының көмекшісі болып бастаған бүгінгі танымал теміржолшы Ермек Төлегенов алпыстың асуына келді.
Ерекең бастапқы үш жылда пойыз құрастырушы, станса кезекшісі, жүк алаңы меңгерушісі болып, қызмет ете жүріп, теміржол жұмысының қыр-сырын игерді. 1986 жылы наурыз айында Қызылорда стансасы бастығының орынбасары, 1988 жылы бөлімше бойынша қозғалыс ұйымдастыру бастығының орынбасары болып тағайындалды.
1991 жылдың жазында Совет Одағы Коммунистік партиясы Қызылорда стансасы тораптық бастауыш партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Бұл қызметте адаммен жұмыс істеу, қоғамдық жұмысты ұйымдастыру бойынша тәжірибе жинақтады. Сол жылы күзде Қызылорда станциясының бастығы болып тағайындалып, өзі білетін жұмысқа қайта оралды. Екі жылда станса жұмысын жаңаша ұйымдастыру бойынша көп еңбектенді. Бұл қызметте ол нағыз теміржолшы болып қалыптасты.
Кеңес Одағы тарқап, экономикалық қарым-қатынас үзілгенде, теміржолда қажет материал табылмай, ағымдағы, күрделі жөндеу кестеге сай жүргізілмей қалатын. Осындай жағдайда 1993 жылы күзде Ермек Нақыпбекұлы Қызылорда жол бөлімшесі жолаушылар тасымалы бөлімінің бастығы, 1997 жылы көктемде Батыс Қазақстан теміржолы Жолаушылар тасымалы қызметінің бастығы қызметіне тағайындалды.
Бұл өте бір қиын кезең еді. Вагон жетіспейді. Қолдағы бары – ескі-құсқы. Көрпе-жастық сын көтермейді. Жолаушылардың шағымы күн сайын теледидардан көрсетіліп, газет-журналда жазылып жататын. Оның бәріне жауап жазып, ақталу да филиал басшылығының міндеті еді. Ерекең соның өзінде қолдағы барды ұқсатып, жолаушыларды жолдан қалдырған күні болған жоқ. Уақытпен санаспай жұмыс істеп, тәжірибелі, білікті теміржолшылардың сеніміне ие болды, әріптестерінің құрметіне бөленді.
Сол жылдарда Қазақстан теміржолында құрылымдық өзгеріс көп болды. 1998 жылы мамыр айында Ермек Нақыпбекұлы «Жолаушылар тасымалы» ЕММ-нің Батыс аймақтық филиалының директоры болып тағайындалды. Ол екі жылда аймақтық филиалдың өндірістік көрсеткішін жақсартуға қол жеткізді. Мекемеде тәртіп орнатты. Жолаушыларға ұсынылатын көрпе-жастықтың сапасын талапқа сай келтірді. Вагон қашан да таза, қыста жылы, жазда салқын болып тұратын. Осының бәрі басшылық назарынан тыс қалған жоқ.
2000 жылы көктемде Ермек Нақыпбекұлы «Жолаушылар тасымалы» ЕММ директоры болып жоғарылатылды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен жұмысты талап ете білуі бұл қызметте жаңа қырынан танытты. Ұлттық компания бойынша жолаушылар тасымалдайтын вагондардың жөндеуден өткізілуін жоспарлы жолға қойды. Жаңа вагон сатып алуға қол жеткізді.
Ермек Нақыпбекұлы – 2002-2016 жылдары Тасымалдау үрдісін үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, Техникалық басқарма бастығы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Тасымалдау дирекциясының бас инженері, Қарағанды жол бөлімшесі филиалының директоры, «Тасымалдау үрдісі» филиалының директоры, Басқарушы директор – аппарат жетекшісі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы, Ақмола ЖТ бөлімшесі филиалының директоры қызметтерін атқарды.
Оның еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, «Құрметті теміржолшы» атағымен, «Қазақстан теміржолына – 100 жыл», «Біртұтас Қазақ теміржолына – 50 жыл», «Достық – Алашанькоу темір жолдарының түйіскеніне – 20 жыл» төсбелгілерімен, грамоталармен марапатталды. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміз теміржолында талай-талай жауапты қызмет атқарып жүр.
Ерекеңнің еңбексүйгіштігі, қиналған кезде қашан да қол ұшын беретін нағыз азаматқа лайық қасиеті әріптестерінің құрметіне бөледі. Теміржол дамып, өркендеген жылдар оның жемісті еңбек еткен, нағыз кемеліне келген кезеңмен сәйкес келді.
Ермек Нақыпбекұлын асқаралы алпысымен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, отбасына ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз! Қашан да табыстан табысқа жете беруіне тілектеспіз.
Әріптестері
Дереккөз: Айқын