«Нағыз дос олай істемейді». Жээнбеков Атамбаевты сынға алды
Қысқа сілтеме алу
Қырғызстан президенті Атамбаевтың 31 наурызда жасаған мәлімдемесіне таңғалғанын айтты
АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 24.kg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында бұрынғы мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаевпен қарым-қатынасы жайлы айтты.
Президент Атамбаевпен соңғы рет 29 наурызда Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) съезі алдында кездесіп, төрт сағаттан астам әңгімелескенін атап өткен.
«Оның 31 наурызда, мені ұлықтау рәсімі өткеннен кейін төрт айдан соң, жауапты президенттік жұмысымның алғашқы қиын кезеңінде жасаған мәлімдемесіне таңғалдым.
Ол мені Бішкектің жылу электр орталығындағы жемқорлық пен апатқа қатысы бар деп айыптады. ҚСДП съезіне партияның өзі үшін де, Атамбаев үшін де қиын кезеңдерде біздің партиямыздың басы-қасында жүрген Ош облысындағы ескі партия өкілдерін шақырмады. Жағдайдың осылай күрт өзгергеніне таңғалдым», — дейді Сооронбай Жээнбеков.
Президент Атамбаевтан бөлек кеттім деп ешқашан айтпағанын, ұзақ уақыт бойы партиялас және серіктес болғанын жасырмады.
«Қандай да бір үшінші тұлғалар арқылы менен бағынышты басшы жасауға, менің іс-әрекеттерімді басқаруға тырысу – мұның бәрі оған адам ретінде де, бұрынғы президент ретінде де, партия мүшесі және серіктес ретінде де абырой әпермейді.
Маған оның осы ұмтылыстары түсініксіз болды. Ол әлгі жиырма жыл жайлы жиі айтады, бірақ мен осы жылдар ішінде босқа сандалып жүрген жоқпын ғой», — дейді ол.
Жээнбеков партия мүшелерімен бірге елде, әсіресе, Ош облысында, Баткен және Жалал-Абадта партияның позициясын нығайтумен айналысқанын еске салды.
«Ол «досум» және «партиялашым» (досым және партияласым – агенттік) деген сөздерді айтқанды ұнатады. Бірақ нағыз достар мен партияластар олай істемейді. Біздің партия үшін қиын сәттерде әрдайым оның қасынан табылдым. Тіпті одан бәрі қашып кеткен кезде де, онымен бірге болдым, өзіме, отбасыма, туысқандарыма және достарыма қауіп төнгеніне қарамадым. 2009 жылы ҚСДП-дан президентке үміткердің штабын басқардым», — дейді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, ол кезде Атамбаевты қолдауға екінің бірінің батылы жетпеген, сол кездегі режимнен барлығы қорыққан көрінеді. Оңтүстіктегі 2010 жылғы оқиғалар кезінде мемлекеттің тұтастығын сақтау үшін өзінің мансабын ғана емес, өмірін де қатерге тіккенін айта кетті.
«Кеуде соққым келмейді, бірақ бұл шындық. Ол мұны жақсы білді және қазір де біледі. Оның саяси технологтарының сүйікті тренді – мені сатқын деп атау. Кімнің кім екенін уақыт көрсетеді», — деп түйіндеді Қырғызстан президенті.