«Мыңға жуық науқасты 1-ақ күнде қабылдаймын»: Әскери зейнеткер шөп дәрінің көмегімен адамдарды емдиді — Қазақстан жаңалықтары

0

Жарнамасы жер жармаса да жүздеген, тіпті кейде мыңға жуық науқасты бір-ақ күнде қабылдайтын Шымкенттегі халық емшісі Төреқұл Айтбаевтың алдына жетудің өзі мұң. Бес атадан қанмен тараған қасиетінің арқасында оған алыс-жақын шет елдерден дертіне шипа іздеп келетін халықтың санында есеп жоқ. Тіпті, өнерпаздар мен министрлерге дейін өздері арнайы келетін көрінеді. Науқастың қалтасын емес, жағдайына алаңдаймын деп ағынан жарылған емші Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында бауыр мен аллергия, тағы басқа дертті қалай емдейтінін айтты.

Сынық салуды бала кезден бастаған Төре емші бүгінде тәжірибелі маман атанып, саналы ғұмырын халық медицинасына арнаған. Шөп дәрінің түр-түрін әзірлейтін ол алдына келген науқастың тамырын ұстап, дертін дөп басып анықтайды. Өнерлінің қолы алтын демекші, емшіні жұртшылық тек сынықшы деп емес, шабандоз, қасапшы деп те таниды.

— Бойымдағы ерекше қасиетті әкем байқаған. Ойын баласы мені үнемі көшеге жібермес бұрын қолыма бір қап бөтелкенің қалдығын беріп, реттеуімді сұрайтын. Осылай жүріп ең алғаш рет аяғы сынған иттің сүйегін салдым. Ол жетінші сыныпта болу керек. Кейін қызығушылықтан үй жануарларынан бастап, жарқанатқа дейін сынақтан өткіздім. Бертін келе бұған жауапкершілікпен қарадым. Осылай отыз жылдан астам уақыт халық емшісі атанып жүрмін. Алыс-жақын шет елдер мен еліміздің барлық өңірінен науқастар өздері іздеп келеді. Созылмалы ауруды жылына он ай, ал сынықты күнде таңертегі салқынмен қабылдаймын. Көбіне қара зерені кәдеге жаратамын. Науқастар алғысын айтпаса, шағым түсірмеген, — дейді 43 жасар емші Төреқұл Сабырханұлы. 

Халық медицинасының өкілінің білімімен қатар мемлекеттен алған арнайы рұқсаты да бар. Арқа омыртқасындағы жарықты (грыжа) массаж жасау арқылы, түрлі жаттығулармен үзсе, остеохондроз, созылмалы буын ауруын, сынған, шыққандарды да оңай жолмен дертінен айықтырады. 

Көз тиген, жын кіргендерге дем салатын түркістандық қария бар-жоғы 30 теңге алады: «Артық берсең, алмайды»>>

Ем алушыларға мынанша бер деп те айтпайтын көрінеді. Яғни, науқастардың ризашылығымен бергенін алады. Қазір шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Атадан берілген қасиет қазір төрт жасар қызының бойынан да байқалады.

— Негізі әскери қызметкермін. Денсаулығыма байланысты ерте зейнетке шықтым. Қазір емдеуден бөлек, шәкірт тәрбиелеймін. 16 мен 75 жас аралығындағы 19 шәкіртім бар. Олардың ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келгендерін атап өтуге болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей бақылауына алған «Сақтар» рухани-халық медициналық орталығының рұқсатын алып, ем жүргіземіз. Бауыр мен аллергияны жылына бір күн 15 мамырда ғана емдеймін. Ол үшін 31 шөптің қоспасынан алты ай бойы дәрі дайындаймын. Жәй күндері 200-ге жуық науқас келсе, дертіне шипа іздеп бұл күні 600-800-ге тарта адам келеді. Біз себепші, ал шипа беруші Жаратқан, — дейді сынықшы.

Емші бала Ерболсын тойларда әнді тегін айтатын болып шықты: Ол енді емшілігін тастай ма?>>

Төреқұл Сабырханұлының бар арманы халық медицинасының дамуына өз үлесін қосу. Алдына келген адамдармен бірінші тілдесіп алатын ол бүгінде белгілі өнер жұлдыздарының сұранысына ие болған. 
 

stan.kz