Мыңдаған зауыт аштық, нәтиже қайда? – Үкімет басшысы

0
29 Желтоқсан 2018, 11:25 464 0

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елімізде мыңдаған зауыт ашылғанымен өңірлерде еңбек өнімділігінің артпағанын айтып, облыс әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Үкімет отырысында премьер-министр индустрияландыру күнінде Елбасы еңбек өнімділігін арттыру бойынша тапсырма бергенін атап өтті. Оның пікірінше, жарты жыл сайын еңбек өнімділігі бойынша өңірлердің рейтингісін жасап отыру қажет.

«Бүгін сіздер баяндамаларыңызда еңбек өнімділігінің өспеу себебін айттыңыздар. Сонда әрбір индустрияландыру күнінде сіздердің қосып отырған зауыт фабрикаларыңыздың қандай болғаны? Жоғары технологиялармен байланысты жаңа жобалар беріп отырсыздар. Олар еңбек өнімділігіне өсуіне неге әсер етпейді?», — деді Үкімет басшысы облыс әкімдеріне.

Сонымен қатар Сағынтаев облыстағы бір зауыттың жұмысы тоқтап қалса, ол өңірде еңбек өнімділігін төмендетіп жіберетінін ашық айтты.

«Бір ғана зауыттың жұмысы нашарлап қалса, еңбек өнімділігін артқа тартып кетеді. Басқа жұмыс жоқ. Бір ғана зауытқа тәуелдіміз. Ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі және басқа да ірі өнәркәсіптер болсын. Сонда жұмыс жоқ па? Жүйелі жұмыс қайда? Мыңдаған зауытты аштық деп айтып отырмыз. Ал еңбек өнімділігінің жоғарылауына олар неге әсерін бермейді. Сонда қандай зауыттар ашып жатырсыздар?», — деді ол.

Осы орайда премьер-министр Асқар Маминге тапсырма берді.

«Әріптестеріміз жылдың аяғына дейін бәрін дұрыстаймыз деп отыр. Жыл бітті. Оны қалай дұрыстайсыздар? Бүгін істелмеген жұмыс, ертең істелмейді. Осы мәселені әркез есте ұстау керек. Асқар Ұзақбайұлы (Премьер-министрдің бірінші орынбасары – автор), жарты жылда бұл сұраққа қайта оралып, әріптестеріміздің айтылған уәделерін хаттама арқылы бекітіп, оны салыстырмалы түрде қарап отыру қажет. Елбасының тапсырмасы толық орындалуы қажет. Асқар Ұзақбайұлы сіздің бақылауыңызда болсын», — деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, осыған дейін Үкімет басшысы облыс әкімдерінің жұмысын сынға алған болатын.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ