Мыңдаған ұлт өкілдері: Нұр-Сұлтанда Рим Папасының қатысуымен болған қасиетті месса қалай өтті (фото)

0

Елордада Рим Папасы Францисктің қасиетті мессасы аяқталды. Шараға Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мессаның қалай өткенін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Қазақстандықтар қасиетті мессаны Әулие Әкенің уағызы өткен ЭКСПО аумағында ғана емес, онлайн режимінде де тамашалай алды. Бұрын хабарланғандай, мессаға 3 мыңға жуық қажы қатысуы керек еді, алайда, жиналған жұрттың қарасы одан да көп болғанын көрсеткендей.

Месса басталмас бұрын Рим папасы Франциск жиналған жұрттың ортасынан өтіп, елордалық тұрғындар мен қонақтарға амандасты. Әр елден келген және түрлі ұлттан құралған қажылар понтификпен бірге бір сағаттан астам дұға оқыды.

Одан кейін өткізген ғибадатына алғыс білдіріп, әулие әкеге Қазақстанға бата беруін өтінді. Жауап ретінде понтифик Қазақстан үшін қасиетті месса тостағанын сыйға тартты.

Сондай-ақ ол осы сапарды дайындаған елімізге алғысын білдіріп, Қазақстанның азаматтық және діни органдарына, сондай-ақ қажыларға, әсіресе басқа елден келген зияратшыларға алғысын жеткізді.

«Мен соғыстан зардап шеккен көптеген жерлерді, әсіресе Украинаны ойлаймын. Соғысқа үйренбеу керек, оның болмай қоймайтынымен келіспеу қажет», – деді понтифик. Ол Кавказдағы қақтығысты да еске алып, барша халықты бейбітшілікке шақырды.

Қорытынды декларация жарияланғаннан кейін және Рим Папасы Франциск тағы да үндеу жасайтын Бейбітшілік және келісім сарайында съезд жабылған соң оның кортежі Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайына аттанады, ол жерден ары қарай Римге ұшады.