Мыңбаев, Божко, Есекешев. Қазақстанда тағы үш адам «телефоны тыңдалғандар» тізімінен анықталды
Израильдік Pegasus тыңшылық бағдарламасының көмегімен кибераңдуға ұшырады делінген тізімде қазақстандық тағы үш адамның телефоны бар екені анықталды. Олар мемлекеттік қызметте істеген және әлі күнге дейін түрлі лауазымды қызмет атқарып отыр.
Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) сайтындағы ақпаратқа сәйкес, кибераңдуға төмендегі адамдар ұшыраған болуы мүмкін:
- Владимир Божко, мәжілістің бұрынғы депутаты, ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы төтенше жағдай министрі;
- Сауат Мыңбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, бұрын президент әкімшілігін басқарған, вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрі, энергетика министрі болған, қазір индустрия және сауда министрі.
- Әсет Есекешев, қазір Қауіпсіздік қызметінің хатшысы, бұрын президент әкімшілігін басқарған. Премьер-министрдің орынбасары, астана әкімі болған, индустрия және жаңа технология министрі қызметін атқарған.
OCCRP мәліметінше, аталған шенеуніктердің телефоны 2018 жылы тыңдалған болуы мүмкін. Божко ол кезде мәжіліс вице-спикері болған (72 жастағы Божко 2021 жылдың басында «Нұр Отан» партиясының кандидаттар тізіміне енгізілмеді, сәйкесінше депутат мандатын алған жоқ). Әсет Есекешов 2018 жылы қыркүйекте астана әкімі қызметінен босатылып, президент әкімшілігі жетекшісі болып тағайындалды. Ал OCCRP 2018 жылы «құпия миллиардер» деп атаған, ауқатты Meridian Capital компаниясының артында тұрған Сауат Мыңбаев 2018 жылы «Қазақстан темір жолын» басқарған. Биыл ол ұлттық компания төрағасы қызметінен кетті. Оның отставкаға кету себебі айтылмады. Алайда бұған дейін 58 жастағы Мыңбаевтың «белгісіз жағдайда омыртқасынан ауыр жарақат алғаны» хабарланған.
Бұған дейін OCCRP Pegasus-пен тыңдалған болуы мүмкін бірқатар қазақстандықтардың аты-жөнін атаған. Кибертыңшылыққа ұшырады делінген адамдар қатарында Мұхтар Әблязов, қазақстандық олигарх Болат Өтемұратов, Назарбаевтың ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың жиені Әлібек Құлыбаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин де бар.
Зерттеушілер сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Ахметжан Есімов және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының бұрынғы төрағасы, Есімовтің бұрынғы күйеубаласы Ғалымжан Есенов те тізімде бар дейді. OCCRP жазуынша, кәсіпкер Кеңес Рақышев, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстан даму банкі басқармасының төрағасы Абай Сарқұловты да аңдыған болуы мүмкін.
Әлем үкіметтінің тапсырысы бойынша «аңдуға ұшыраған» саясаткерлер мен белсенділер туралы ақпаратты зерттеу тобы (Pegasus Project) 18 шілдеден бастап жариялай бастаған. Тізімде 14 елдің басшысы мен өзге де жоғары лауазымды тұлғалар, журналистер, құқық қорғаушылар, белсенділер бар. Зерттеу 50 мыңнан астам телефон нөмірді қамтиды, 2 мыңы Қазақстанмен байланысты.
Бұған дейін зерттеушілер қазіргі қолда бар деректерді саралай келе телефонды бұзып кіріп, аңду кезінде «Назарбаевтың жақын айналасына ерекше көңіл бөлінген» деген қорытындығы келген.
Ұйым 23 шілдеде жариялаған мәлімдемесінде: «Ондаған нөмірге назар салсақ, Назарбаевтың бүкіл режимін төменнен жоғарыға дейін аңдыған деген болжам жасауға болады, оларды өз арнайы қызметі бақылаған болуы әбден ықтимал» деп жазған.
Бұған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев халықаралық зерттеуді «дәлелсіз, интрига тудыратын ақпарат» деп атаған.
Pegasus тыңшылық бағдарламасын жасаған израильдік фирма қандай да бір заңбұзушылық болғанын жоққа шығарады. Олардың айтуынша, аталған өнім қылмыскерлер мен террористермен күрес барысында қолданылады, адам құқығы саласында беделі жақсы арнайы қызметтерге ғана берілген.