«Мынау сақина саған бақыт әкеледі деді»: Қатерлі дертке шалдыққан бойжеткен Баян Мақсатқызымен кездескен соң ауруынан айықты — Қазақстан жаңалықтары

0

17 жастағы қазақстандық қыз Аружан Тоқан Баян Мақсатқызымен кездескен соң өмірге деген құлшынысы артқанын айтты. Ауыр дертпен күресіп келген бойжеткеннің арманы орындалды. 

Бұл туралы Dastarhan бағдарламасында айтылды. 

Аружан Тоқан 17 жаста. 2012 жылы Аружанның онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталған. Аты жаман дерт қалқанша без бен лимфа жүйесінің бұзылуынан пайда болған. Бала күнінен Баян Мақсатқызын кумирі ретінде танып, онымен кездесуді армандаған Аружанға анасы қолдау көрсетті. 

«Қызым бала күнінен Баян Мақсатқызына ұқсағысы келетін. Сол кісі секілді ән айтатын. Сол кісінің болмысын келтіретін. Ауруға шалдығып, тамақ ішпей қалған кездері болды. Сол кездері дәріңді іш, емделген соң Баян Мақсатқызымен кездестірем деп уәде бердім», — дейді анасы Гүлім Әбит.  

Аружанның шашы, кірпігі, қасы түсіп, тамақ іше алмайтын күйге де түскен. Ол күндердің бәрі артта. Ауыр күндерді өткерген бойжеткен сәті түсіп продюсермен кездесті. 

«Алғаш Баян Мақсатқызымен кездескенде не айтарымды білмедім.  Көзіме жас келді. Ол кісі маған қолдау білдірді. Қолындағы сақинасын шешіп берді. Бұл саған бақыт әкеледі. Сен соған сен деген еді», — деді бойжеткен. 

Аружан сол күннен бастап сақинанын қолынан тастамай келеді. 

«Мен ғажайып нәрсеге сенсең, ол міндетті түрде орындалады дедім. Сақинамды бақыт сыйласын деп шешіп бердім. Аружан өте батыл қыз. Бәрін жеңе біледі. Каратэден чемпион. Жігері мықты қыз», — деді Баян Мақсатқызы. 

Бағдарламаға келген Аружан мен Баян Мақсатқызы тағы бір мәрте кездесті. 

Аружан бүгінде спортпен айналысады. Нақтырақ айтсақ, каратэмен шұғылданады. 

 

stan.kz