«Мынадай қызды алмаңдар»: «Qalaýym Live» жобасының қатысушысы өз үміткерін неліктен жақтырмады? — Қазақстан жаңалықтары

0

«Qalaýym Live» жобасының қатысушылары Әлімжан Кеңес пен Гүлнәр Әбдірова бір-бірімен шын жұп па? Әлде, әшейін «хайп» ұстап жүр ма? Үйленсе — тойлары қашан? Осы сұрақтар айналасында Әлімжан мен Гүлнәр Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берді. 

қалаулым

Гүлнәр, бағдарламаға қатысудағы мақсатың қандай?

Қандай арман-мақсатым болмасын, қыз бала болғандықтан ең бірінші тұрмысқа шығуды ойлаймын. «Хайп» болса да, тұрмысқа шығу деген мақсатым бар. Өзім кішкентай кезімде көп қиялдағанды жақсы көретінмін. Әрбір нәрседен әдемі дүние шығаруға тырысатынмын. Өз махаббатымды да үнді фильмдердегідей етіп елестететінмін. Осыдан жарты жыл бұрын басқа бағдарламаға қатысқанмын. Алайда, ол шынайы болмады. 

Әлімжан екеуің жұп болып жүрсіңдер. Өзің айтпақшы, үнді фильмдеріндегідей бір-біріңе бір көре сала ғашық болдыңдар ма?

Бағдарламаға кіре салғанда, «осы жерден өз жұбымды кездестіріп, 3-4 айдың ішінде тұрмысқа шығып кетсем, қызық болар еді» деген ой бірден келген. Ең бастысы, қиялымдағы адамымды кездестірдім. Біздің мінезіміз екі түрлі және талаптарымыз да басқа. Сол себептен біз басында бір-бірімізді ұнатсақ та, қосыла алмадық. Кинодағыдай барлығы біздің қосылуымызға қарсы шықты. Сол кезде «Әлімжан маған ұнамайды, ешқашан тұрмысқа шықпаймын» деп айғайлаған едім. Екі жылдан бері ешқандай жігітпен сөйлеспедім. Сөз салып, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған жігіттердің ешбіріне сезімімді аша алмадым. Ойым жұмыс істеу, өз-өзімді дамытуда болды. Бір күні өзіме «Неліктен жігітпен жүре алмаймын? Неге жүрегімді аша алмаймын» деп сұрадым. Тура сол сәттерде осы бағдарлама ашылып, қатысуға бел будым. Бұйырып тұрған екен.

Тұрмысқа шығуға ұсыныс алдың ба?

Екеуміз жұп болғанымызға бір ай болды. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Дегенмен біз бір-бірімізді ұнатамыз. Бірақ басында Әлімжанның маған сөз салатынын еш ойламаған едім. Қазір бәрі шынайы түрде болып жатыр. Шынымды айтсам, жұбымды тапқаныма өзім де сене алмай жүрмін. Бір айдың ішінде Әлімжан мені ата-анасымен таныстырды. Негізі қашан үйленетінімізді шешіп қойдық. 

Әлімжан, Гүлнәр екеуіңнің үміткерге қойған талаптарың бір-біріңе сәйкес келмеген екен. Қалай ұнатып қалдың?

Жоба барысында менің Гүлнәрға айтпаған сөзім жоқ. Жігіттерге «Мынадай қызды алмаңдар» деп те айтқанмын. Бірақ артынан өзім ғашық болып қалдым.

Сені қандай мінезімен баурап алды?

«Қыз қылығымен» демекші, Гүлнәр өз қылығымен, тартымды сөздерімен, ер адамды сыйлай білу қасиетімен жүрегімді баурап алды. Біз алғашқы кездерде бір-бірімізді сырттай ұнатып жүрдік. Сөйтіп мен оны, ол мені жақын тани бастадық. Кейіннен мен бірінші қадам жасадым. Жалпы өзім Қызылорда облысы, Аралдың тумасымын. Біздің жақтың адамдарының мінздері қаттылау келеді ғой. Гүлнәр — ерке қыз. Шыны керек, кейде мен оған қатты сөйлеп қоямын. Тәрбиелеген жерім көп болды. Қазіргі кезде кешкі уақытта достарымен қыдыруын тыйдым. Өзім жауапкершілігім мол адаммын. Сол себептен де Гүлнәрға мен жауаптымын деп ойладым.

Қызылордадағы ата-анаң Гүлнәрды қабылдай алды ма? Қанша дегенмен атышулы бағдарламаға қатысып отыр…

Менің ауылым Гүлнәрдың туған жері Жезқазған қаласына жақын. Сондықтан да көбісі оны Қызылорданың қызы деп ойлайды екен. Біз жақта «ұят болады» деген нәрсені көп айтады. Сол үшін де бағдарламаға басында өзім де жүрексініп келдім. Бірақ осындай жақсы қыз кездестіргеніме өкінбеймін. Басында ата-анам «Сол жерде бір қызбен жүріп соның көңілін қалдырып қоймайсың ба? Пікірталас болғанда ашуға бой алдырып қойсаң ше?» деп айтқан болатын. Бірақ кейіннен рұқсаттарын берді. Өйткені бағдарламада біз жаман қылық жасамаймыз. Ал ұрыс-керіс ол шынайы өмірде де болып жатыр ғой. Пікірталаста тұрған ештеңе жоқ. Гүлнәрды ата-анаммен олар Алматыға келгенде таныстырдым. Гүлнәр анама қатты ұқсайды. Тіпті көрермендер де солай деп жатыр. Ең бастысы, Гүлнәрға анамның көңілі толды.

stan.kz