Мына ыстық мезі етті: Қазақстанда мұндай ауа райы қашанға дейін сақталады — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазгидромет мамандары Қазақстан өңірлерінде дәл осындай аптап ыстықтың қанша уақыт сақталатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Сурет: Данияр Мүсіров

Мамандардың айтуынша, Қазақстан қалаларындағы жоғары температура ыстық әрі құрғақ ауа райын Иран мен Иракқа бағыттайтын оңтүстік-батыс тропосфералық ағындармен байланысты. Яғни аптап ыстық осы ағындар ауысқан кезде ғана басылады. 

«Алдын ала болжамға сәйкес, 21 шілде күні Солтүстік және Шығыс Қазақстанда ағындар батыс және солтүстік-батысқа қарай ауысады. Осы кезде Еуропаның суық және ылғалды ауасы Ресей мен Оралға таралады. Республиканың батыс және орталық аудандарында процестер 22 шілде күні алмасады. Ал оңтүстік өңірлерге салқын ауа райы 23 шілдеден бастап бара бастайды», — деді Қазгидромет қызметкері. 

Әрі қарай ол ай соңына дейін батыс ағындардың оңтүстік-батысқа ауыса бастайтынын айтты. Ал негізінен батыс ағындар солтүстік-батысқа тамыз айында толықтай ауысады. 

«Тамыз айында ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады. Ал оңтүстік өңірлерде аздап осы нормадан жоғары болады. Десе де тамыз айында күндізгі ауа температурасының көрсеткіштері біразға дейін жоғарыламақ. Дәлірек айтсақ, солтүстікте +22, +30, арасында +33°С. Ал оңтүстік өңірлерде +27, +33, кей күндері +35, +38°С сақталады», — деді маман. 

Яғни Қазақстанда дәл осындай аптап ыстық тамыз айының соңына дейін сақталмақ. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін күннің ыстығынан оңтүстік өңірлерде бағдаршамдардың еріп жатқаны туралы хабарлаған едік. 

stan.kz