«Мына сұхбатты мамам оқыса ұрысады»: Аян Өтепберген намаз, ең көп гонорары және балаларының есімі туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

«Зеркала», «Қазақ хандығы», «Дала қырандары», «Жаужүрек мың бала», «Тайталас» және т.б. көптеген отандық ауқымды жобаларда бой көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген танымал актер Аян Өтепберген алғаш рет еш жерде айтпаған сырын бөлісті. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында отбасы, өзі түскен жобалардағы ыңғайыссыз сахналар мен өміріндегі қызықты оқиғаларын баяндады.  

Аян ӨтепбергенСурет: Stan.kz/Қарлыға Бүйенбай

— Сізді осы күнге дейін ауқымды он шақты жобаға түсіп үлгерді деп айту қиын. Жұлдыз ауруына шалдықпай, қарапайым болуыңызға не көмектеседі?

— Меніңше, мұның барлығы бірінші кезекте әке-шешемнің берген тәрбиесінің арқасы. Бала күнімде көп жоқшылық көрдім деп айтқым келмейді. Қанша қиын заман болса да, әке-шешем өмірдің суығын бізге көрсетпей өсірді. Екіншіден, ғылымға, киноға еңбегі сіңген, әлемдік деңгейде маңызы бар жобаларды қолға алған азаматтардың сұхбатын көп қараймын. Қарап отырып өзімнің осы күнге дейін істеген жетістіктеріммен салыстырамын. Сондайда «Менің істегенім әншейін дүниелер. Олардың еңбегінің жанында шаң екен» деген ой келеді. Сол себепті қарапайымдылық – мен үшін қалыпты нәрсе. 

— Ораза ұстап, достарыңызбен бірге ауызашар беретініңізді білемін. Жалпы мешітке жиі барасыз ба?

— Иә, әр апта сайын жұма намазға барып тұрамын. Бірақ, өтірік айтпайын, осы жұмада бара алмадым. Өзімді «жерде ұстап тұруға» осы нәрсе де көмектеседі деп ойлаймын. 

— Жалғыз ұл болып өскен қиын емес пе? «Ағам немесе інім болса» деп армандаған кездеріңіз болды ма?

— Әрине, Шерхан Мұртаза ағамыз жазып кеткендей, бір кем дүние ғой. Бұл өмірде адамға бәрібір бір нәрсе жетпей тұрады. Мектепте оқып жүріп, жоғары сыныптың оқушылары жұдырық жұмсаған кезде «Ей, ағам болғанда ғой» деп немесе бір жерге бару керек болса, «Ех, осындайда інім болса ғой» деп аңсаған кездерім болды. Бірақ осы күніме де көп шүкіршілік етемін. Қамқор әпкем мен ерке қарындасым бар. Оларға мен де кейде еркелеп, үйге кіре салысымен киімдерімді әрі-бері лақтырамын. (Күлді.) Кейде, тіпті, төсегімді жинамай кететін күндерім болады. Үйге барғанда бірінші кезекте қарындасымды іздеп тұрамын. Ол да «О, ағам келді» деп қарсы алады. Дауысын естімей қалсам болды, «Қарындасым қайда?» деп іздеп кетемін. 

— Қандай шебер актер екеніңізді жақсы білеміз. Бірақ үйде қандайсыз? Әке-шешеңізге көп еркелейсіз бе? Қарындасыңызға күйеу балалар тақырыбына келгенде қаталсыз ба?

— Жалғыз ұл болған соң, сөзсіз еркелетеді. Бірақ барлығы да орнымен. Ал қарындасыма келсем, қажет кезде қаталмын, реті келіп тұрса, еркелетемін. Жігіттер жағы – өзінің жеке ісі, кімді таңдайтынын өзі шешеді. Қарындасым Аружан өте ақылды, оның таңдауына толықтай сенемін. Бір шетінен бұл тақырыпта сөз қозғау өте қиын. Төбе шашым тік тұрады десем де болады. (Күлді.) 

Аян Өтепберген

— Ақылды демекші, суреттегі қызыл диплом өзіңіздікі ме?

— Ұл бала болған соң, ата-анамның үмітін ақтаймын деп 8-сыныпқа дейін үздік оқыдым. Кейін Алматы қаласына келіп, сұлу қыздарды көріп, үлгерімім кенеттен нашарлап кетті. Содан кейін үздік оқушылар қатарынан көрінбедім. Бірақ 8-сыныпқа дейін мектепте білім министрі, президенті дегендер болып, олимпиада мен спорт жағынан ерекше көзге түсіп жүргенім бар. 

— Соңғы кезде сүрбойдақтар тізімінен жиі көрініп жүрсіз. Қалай ойлайсыз, неге Қазақстанда ертерек үйлендіруге тырысады?

— Шын мәнінде, менің де құрдастарым қатарлы отбасын құрғым келеді. Бірақ бұл қадамға баруға кішкене уақыт керек болып тұр. Адам өмірге келгендегі басты миссиясын ұғынып, алдымен, өзін толыққанды жан сезінген кезде отбасын құруы керек деп ойлаймын. Айтпағым, «Болашақ жарым маған не бере алады?» деп емес, керісінше «Мен сүйіктімді қалай бақытты ете аламын?» деген позицияда келсе, неке берік болады деп білемін. Десе де, бұл өмірден орнымды таппадым немесе өзімді толыққанды сезінбеймін деген сөз емес. Дәл қазір мен екпінді шығармашылық мақсаттарыма түсіріп отырмын. 

«Неге ерте үйлендіруге асығады?» деген сұрағыңызға келер болсам, бұл Ислам дінімен байланысты болар. Өйткені Исламда «Үш нәрсеге асығу керек» деген «қағида» бар. Осы үш «қағиданың» біреуі – үйленуге асығу. Екіншіден, адам бұл өмірде бір ғана сұрақтың жауабын білмейтін шығар, ол – қай күні бақилық боламын деген сауал. Сол себепті кейбіреуі ұрпақ қалдырып үлгеруге асығады. Екінші жағынан жоғарыда айтып өткенімдей кеш үйленетін азаматтар маңызды мақсаттарына қол жеткізеді. 

— Мақсаттарыңызды орындап, түрлі туындыдан бой көрсетіп жүрсіз. Соның бірі – «Зеркала». Өзіңізге ұнады ма?

— Шынымды айтсам, фильмді бірінші рет көрген кезде, премьера кезінде де аса ұната қоймадым. Дәл қазір мен 2-3 фильмге түстім екен деп мәз болып жүретін жаста емеспін. Бірден фильмнің жеткізбек ойы мен өзімнің актер ретінде қателіктеріме мән беремін. Яғни алғашында сәл арзандау, жеткізер ойы мен мақсаты жоқ туынды болып көрінді. Бірақ өзің қатысып отырған кез келген жоба ыстық болып көрінеді. Бір күні арнайы билет алып, киноны жалғыз өзім барып қайталап көрдім. Сол кезде ерекше ұнаттым. Өйткені қазіргі бірсарынды комедияларға қарағанда, қоғаммен қатар келе жатқан туынды болды. Бір сөзбен бұл фильмді халықтың ықыласы арқылы сүйдім десем болады. Тіпті, бірнеше рет қайталап көргендерін жазғандар да бар.

«Жаужүрек мың бала» туындысы шыққанда есімде, көрермендер «Кешіріңіз, қазақ тілін білмейміз. Осы фильмді көріп қазақ тілін үйреніп жатырмыз» деп жазып жатты. Осындай ықыластан кейін пайдасы тиетін жобалар түсірсем қалай болады деген ой келді. Мысалы, Алматы қаласында зообаққа қатысты проблемалар бар дегендей және т.б.

Аян Өтепберген

— Ninety one тобындағы ACE-тің (Азамат Ашымақын) ойынына қатысты жағымды да, жағымсыз пікірлер көп болды. «Осыдан кейін киноны қоя қойшы» деген сындарды да көзім шалды. Жалпы кәсіби тұрғыдан ол кісінің ойынын қалай бағалайсыз?

— ACE-ке қандай да бір сын айтуым үшін менің ойыным мінсіз болуы тиіс. Өзімді мінсіз ойнадым деп ойламаймын. ACE-ке «қоя ғой» деп айта алмауымның екінші себебі — бұл оның бірінші жобасы. Үшіншіден — ол актерлік курсына менен кейін түсті. Артынша бірден әншілікке ауысып кетті. Ал бізде күнделікті театрда, басқа жобаларда тәжірибе мол болды. Яғни ACE-тің кино алаңында жүруге уақыты болмады. Сол себепті қай жағынан болса да, оған мін таға алмаймын. 

— Бұл жобадағы басты рөліңіз үшін қанша гонорар алдыңыз? Жалпы ең үлкен гонорар қай фильмнен келді?

— Шынымды айтсам, ақша алған жоқпын десем де болады. Яғни аз ақша алдым. Бірақ, қоғам үшін пайдасы мол жоба болғандықтан, бірден келісімімді бердім. Ал ең көп гонорарды «Томирис» жобасы мен Украинада «Захар Беркут» жобаларына түскенім үшін алдым. Кәдімгідей жақсы берді. Мен тойға шықпаймын, басты күн көрісім осы — фильмдер. 

Аян Өтепберген

— Instagram парақшаңыздан көп «шешінетініңізді» байқадым. Әдетте дене сымбатына 5 деген баға беретіндер осылай жасайды. Келісесіз бе?

— (Күлді.) Негізі мен бұрын майкамен түскеннің өзінде қатты ұялатынмын. Қазір «Ол жай ғана фотосессия, онда тұрған не бар?» деп ойлаймын. Залға барып жүрген еңбегім еш кетпесін, көп ұзамай арықтап кетемін дегендей. Көбісі қалжың сурет. 

— Сіз ішімдік ішпеймін, шылым шекпеймін дедіңіз. Бірақ «Странник» атты қысқаметражды фильмдегі кейіпкеріңіз бірінші рет шылым шегіп тұрған адамға ұқсамайды.

— Иә, расымен де, ішімдік ішпеймін, шылым шекпеймін. Мына сұхбатты анам оқыса ұрысатын шығар. (Күлді.) Студент кезімде 5 жылдай шылым шектім. Бір күні темекінің түтінін ішіме тартып, енді төбеге қарап шығара берейін десем, екінші қабаттан анам қарап тұр екен. Әлгі жерде түтінді не жұтарымды, не шығарарымды білмеймін. Анам «Шеге берсей әрі қарай» деп қояды. Әкем де осыған байланысты көпке дейін әзілдеп келді. Қазір мұндай зиянды әдеттерден аулақпын. Есесіне «тәжірибемнің» мамандығыма пайдасы тиіп жатыр. (Күлді.)

— Сүйіс, жыныстық қатынас секілді ашық сахналарға дайынсыз ба? Болашақта әйеліңіз өнер әлемінен болып, осындай сахналарға түсіп жатса ше?

— Актер үшін сүйіс аса қиын емес болар. Ал жыныстық қатынас болса, белгілі бір шекара болатыны сөзсіз — көрпе астында, әурет жерлер көрінбейтіндей дегендей. Ал әйеліме мүлдем рұқсат бермейтін едім. Аса қызғаншақ емеспін, көбінесе сенім артқанды ұнатамын. Десе де, әйелімнің мұндай анайы сахналарға түсіп жатқанын қаламаймын. 

 

— «Зеркала» фильмінде экс KeshYou-лік арумен сүйістіңіз. Ыңғайыссыздық тудырмады ма?

— Ондай екі сахна болды. Өте көп дубль түсірдік. Шыны керек, актерлер арасында ешқандай да сезім оты тұтанбайды, тек тезірек түсіріп бітуді ойлап тұрасың. Өзім үшін үйреншікті деп айта алмаймын. Ыңғайыссыздық тудырғаны рас.

— Жеке өмір тақырыбы сізге аса ұнай бермейтінін білемін. Десе де іштей балаларыңызға есім беріп үлгерген шығарсыз? Әке-шешеңіз сізге қоюға рұқсат бере ме?

— Әке-шешем қазақы тәрбие берді, ешуақытта бетімізден қағып көрген емес. Барынша еркін өсірді, таңдауыма араласып көрмеді. Кейін мен де балаларымның дәл өзім секілді еркін болғанын қалаймын. Пенде болған соң, «Баламның аты осындай болса екен» деп армандап қоятыным бар. Біріншіден — рулас, екіншіден — алғашқы президент, үшіншіден — үлгі болуға тұрарлық жан — Дінмұхаммед Қонаев атамыздың есімімен атауды жөн көремін.

Бірақ, бұл есімді туған әпкемнің ұлына қойдық. Гастрөлдік сапарда жүргенімде әпкем босанды. Сол түні Димаш деген есім туралы түс көрдім. Әпкеме хабарласып, есімін Димаш қойыңдар десем, «Өзіміз де сол есімді берген едік» дейді. Сөйтіп қуанған жайым бар. Ал қызыма Айси есімі бұйырса екен деген тілегім бар. Ақ ниетіммен беретіндіктен, бұл есімдер ауыр бола қоймайды деп ойлаймын. 

 

— Адам өзінде жоқты баласына тілейді, береді деп жатады ғой. Сіз не тілер едіңіз?

— Аллаға шүкір, әке-шешем мен туғандарымның арқасында менде барлығы болды. Рухани байлық та, материалдық дүниелер де. Бәрінен бұрын ол кісілердің маған еркіндік бергеніне қуанамын. Сол себепті бала-шағама өзім сезінген махаббат пен жылылықты, ешкім шектей алмайтын еркіндікті, спортта үздік болуды тілер едім. 

— Сұхбатыңыз үшін рахмет. Келесі сұхбатты кәсіби режиссер ретінде беруіңізге тілектеспін. 

— Рахмет, сіздерге де шығармашылық табыстар тілеймін.  

Сұхбаттасқан: Қарлыға БҮЙЕНБАЙ

Тағы оқыңыз:

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.



stan.kz