Мың теңгеге асып кеткен үшін: Алматы облысында көпбалалы отбасыдан жәрдемақысын қайтаруды талап етті — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын алты балалы отбасы 5 ай көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келіпті. Алайда қыркүйек айында жәрдемақы тоқтатылыпты. Мән-жайды білу үшін жұмыспен қамту орталығына барған отанасы қара тізімге енгендерін, соңғы екі айдың ақшасын қайтаруы керек екенін білген. 

Мың теңгеге асып кеткен үшін: Алматы облысында көпбалалы отбасыдан жәрдемақысын қайтаруды талап етті

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгінде отанасы Аймаш Жақсылықова жетінші перзентін күтіп жүр. Жазда үлкен ұлының дертті екені анықталып, ота жасатуға тура келіпті. Қазіргі уақытта ол химиотерапия курсынан өтуде. Сондықтан отағасы уақытының бәрін науқас ұлының жанында өткізуге мәжбүр. Қиындыққа душар болған отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмек жалғыз табыс болыпты. Алайда төлем кенеттен тоқтатылған. 

«АӘК үшін құжаттарды сәуір айында тапсырып қойғанмын. 5 ай үшін ақша алдым. Қыркүйек айында шотқа ақша түспеді. Жұмыспен қамту орталығынан хабарласып, біздің қара тізімге енгенімізді, ендігі жәрдемақы төленбейтінін айтты. Сонымен қатар соңғы екі айда алған ақшаны қайтаруымыз керек екенін хабарлады. Бұл шамамен 250 мың теңге», — дейді Аймаш Жақсылықова. 

Отанасы қара тізімге қалай тап болғандарын түсінбей, артынша аталған орталыққа жүгінеді. Ондағылар екінші тоқсанда күйеуінің табысы артқанын, сондықтан олардың табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен шамамен  мың теңгеге асып кеткенін айтыпты.

Анықталғандай, отағасы аталған уақытта жалақымен қатар еңбек демалысына байланысты ақшасын алған екен. Нәтижесінде, келісімшартта АӘК алу үшін көрсетілген сома нормадан небәрі мың теңгеге асқан. 

«Егер отбасы құрамы өзгерген, табысын жасырған жағдайда АӘК тоқтатылады. Бұл ретте толықтай тағайындалған сома қайта есептеледі. Және өтініш беруші табысына байланысты үміттене алатын сомаға өзгертіледі», — дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова. 

Ал Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева аталған отбасының жағдайында табысын жасыру себепті жәрдемақы тоқтатылғанын айтты.

«Яғни бұл отбасы жұмыспен қамту бөліміне келіп, сол айда олардың табысы бастапқыдағыға қарағанда артатынын ескертуі керек еді. Мұндай шарт олар АӘК алу үшін қол қойған келісімшартта да көрсетілген. Ал ақшаны қайтару мәселесіне келсек, әзірге ақшаны бірден қайтаруын ешкім талап етіп жатқан жоқ», — дейді Әлия Қыйлыбаева.

stan.kz