Мың бояулы Өзбекстан: Ташкент сапарынан қазақ журналистері не көрді
Шілде айының басында қазақ журналистердің басын қосып, түрлі іс-шаралар, семинарлар, вебинарлар өткізіп, тілші қауымның білімі мен білігін арттырып жүрген «Түркітілдес журналистер қоры» тағы бір айырықша сапарға шақырды.
Ол – мың бояулы Өзбекстан сапары. Біз қуана-қуана келістік. Нәзия Жоямергенқызы басқаратын қордың қазақ журналистері үшін атқарып жатқан бұл мыңнан бір шарасы ғана.
15 шілде күні шырайлы Шымкент қаласынан жолға шыққан қазақ журналистері көзді ашып-жұмғанша Ташкент қаласына жетті.
Ташкент бізді әп-сәтте баурап алды. Көзге ең алдымен түскені қаланың тазалығы. 6 миллион халық тұратын қаланың көшелері айнадай жарқырап жатыр. Тынысты, жасыл желекті. Елдің соңғы төрт жылдағы өзгерістеріне өз көзімізбен куә болдық. Ең қарапайым өзгерістің өзі халықтың өміріне үлкен ықпал еткенін сезесің. Бұрын қаланың ортасында 20 шақырым, 8 жолақты тек Каримов жүретін Президентская деген көше болса, қазір көшенің аты өзгеріп, бүкіл халыққа қолдануға берген. Түркия сапарында да, Өзбек сапарында да бір байқағанымыз әр өңірдің өзіне тән ас-ауқаты, тағамы болатыны. Ташкентте біз аялдаған ресторанда да самса мен сорпа, Амударияның балығы сынды ерекше астары болды. Туризм саласында бізге де әр өңірге тән ас түрін қалыптастыру, насихатттау маңызды.
Ташкент қаласындағы ең көркем жерлердің бірі — Тәуелсіздік алаңы. Жер көлемі бұл елден бірнеше есе үлкен болса да, біздің қалалар өте тар. Үнемі кептеліс болады. Ташкенттің жолдары 6-8 жолақты. Қаланы жаяу аралағанда кептеліс мүлде көрген жоқпыз. Тарихи ғимараттар жақсы сақталған. Әр жерден өзбектің ұлттық бояуы анық сезіледі. Орыс тілінде сөйлейтін халық көбінесе бір ауданда шоғырланған. Ауданның аты Мерзо Ұлықбек. Басқа ұлттар көбірек тұратын болған соң орыс тілі басым. Алматыда тропикалық, сирек ағаштарды тек Ботаникалық бақ аумағында көрсек, ондай ағаштар бұл қаланың әр көшесінде бар екен.
1966 жылғы Ташкент трагедиясына арналған мемориалды кешенге де жолымыз түсті. 1966 жылы мұнда үлкен жер сілкінісі болған. Таңғы 5:23 шамасында 8.3 балл дүмпу бүкіл қаланы жермен жексен еткен. Сол кезде Ташкент қаласында 1.5 млн адам тұрған. Соның тең жартысы үйінді астында қалып, жан тапсырған дейді гид. Қайтыс болған адам санына байланысты нақты дерек жоқ. Біреулер 15 мың адам десе, уикипедия 8 адам деп жазып қойыпты. СССР кезі екенін ескерсек шындықты жасыру қалыпты жағдай. Дәл эпицентрге осындай ескерткіш 1976 жылы қойылған. Символикалық мәні зор екен. Бүкіл Советтер одағы күш біріктіріп, Ташкент қаласын үш жылда қайта қалпына келтірген. Жалпы 1966 жылы үлкенді-кішілі осындай мың сілкініс болған.
Журналистердің тағы бір назары түсіп, көзайым болған жері Ташкенттегі Magic city кешені. «Ән айтып, би билей» алатын фонтаны бар демалыс аймағының аумағы 8500 шаршы метр екен.
Ташкенттің тағы бір ерекшелігі оның метросы. Орталық Азиядағы ең ірі қала және жер асты метрополитені салынған соңғы кеңестік қала. Метро 1977 жылы ашылды.
Ташкент атауы «Тас қала, тас қамал» деген мағынаны білдіреді.
Енді назарларыңызға Ташкентке барған туристің баруға тиісті ТОП 10 жері туралы айтсақ.
- Ташкент метрополитены
Ташкент метрополитенінің құрылысы 1970 жылдары басталды, ол Орталық Азиядағы осы типтегі алғашқы көлік жүйесі. Бүгінгі күні метро ыңғайлы әрі жылдам көлік құралы ғана емес, сонымен бірге қаланың басты көрікті жерлерінің бірі болып табылады. Ұлттық нақыштар вокзалдардың декорында жиі кездеседі. Кеңес Одағы кезінде Ташкент метрополитені бүкіл Одақтағы ең көркем метрокешендердің бірі болып саналды.
- Тәуелсіздік алаңы
Алаң қаланың дәл ортасында 19 ғасырдың ортасына дейін Қоқан хандарының сарайы тұрған жердің жанында орналасқан. Ресей протектораты құрылғаннан кейін мұнда генерал-губернатордың резиденциясы салынды. Кеңес уақытында алаң В.И.Лениннің құрметіне өзгертілді. 1991 жылы пролетариат көсемінің ескерткіші бөлшектеліп, орнына Тәуелсіздік монументі орнатылды.
- Әмір Темір алаңы
Саябақ 1882 жылы Түркістан генерал-губернаторы М.Г.Черняевтің бұйрығымен құрылды. Оның орталығында XIV ғасырдың көрнекті мемлекет қайраткері, алып империя құрған Әмір Темір ескерткіші бар. 2009 жылға дейін ескерткіштің айналасында шағын саябақ болған, бірақ қайта жаңартудан кейін ол субұрқақтар мен жасыл гүлзарлар бар алаңға айналды. Бұл жерде бірнеше қызықты жерлер шоғырланған.
- Хазрет имамдар кешені
Өзбекстандағы алғашқы ислам уағызшыларының бірі — Хазрати Имамның құрметіне тұрғызылған діни ғимараттар кешені. Ол мешіттен, екі медреседен, кесенеден және тағы бір намазгох мешітінен тұрады. 16-шы ғасырдан 21-ші ғасырға дейін әр түрлі уақытта құрылыстар салынған. Ескісі — 1532 жылы салынған Барақхан медресесі, ең жаңысы — президент И.Каримовтың бастамасымен салынған 2007 жылы мұсылман ғибадатханасы.
- Кіші мешіт
2013 жылы президент И.Каримовтың бастамасымен салынған жаңа мешіт. Ғимарат Бұхар хандығы дәуірінде Орта Азияға тән дәстүрлі сәулет стилінде тұрғызылған. Мешітте екі биік мұнаралар мен көгілдір күмбез бар. Ішкі кеңістік нақш стилінде безендірілген. Намаз залы 2400 адамға арналған, бұл оны Өзбекстандағы ең үлкен орындардың біріне айналдырады.
- Ташкент телемұнарасы
Бақылау алаңы бар телемұнара. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен гидроэлектростанцияның құбырынан кейінгі екінші болып саналады. Мұнараның биіктігі 375 метр. Бұл құрылым 1978-84 жылдары салынған, 1985 жылы толық жұмыс істей бастады. Ішінде, 94 метр биіктікте, туристерге арналған дөңгелек бақылау алаңы, бірнеше метр биіктікте орналасқан — екі деңгейден тұратын мейрамханасы бар.
- «Чорсу» базары
Базар Өзбекстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ескі базарлардың бірі болып саналады. Ол Ташкенттің «Ескі Шахар» деп аталатын ескі бөлігінде орналасқан. Базар Әмір Темір ұрпақтары кезінде танымал болды, өйткені бұл Ұлы Жібек жолының аралық нүктесі болды. Чорсудан барлық өзіңізге керекті заттарды таба аласыз.
- Төле би атамыздың жатқан жері
Өзбек ағайындар ортасында Төле биді Қарлығаш әулие деп атаған. Оның себебі Төле би бабамыз көшкелі отырғанда шаңырағына бір қарылғаш келіп ұя салады. Әулие сол себепті көшпей қалады да, қарылғаштың балапандары қанаттанып, ұшып кетуін күтеді. Содан кейін барып киіз үйін жығып, көшкен екен деседі. Төле бимен бір оның ұстазы Хуанд Һафур жерленген. Аян арқылы оған шәкірт болған Төле би өлгеннен кейін ұстазының қасына жерлеуді айтқан екен.
- Magic City – Балаларға арналған ойын-сауық паркі
Magic City отбасылық ойын-сауық саябағы. Мұнда әлемнің әйгілі астаналарының даңғылдарына ұқсаған көшелер, ауданы 8500 шаршы метр болатын музыкалық субұрқақ, биіктігі 57 м Бавария Нойшванштейн сарайының көшірмесі, Регистан алаңы және 650 орындық Рим Колизейі түріндегі амфитеатр бар.
- Палау орталықтары
Ташкент телемұнарасының қасындағы «Бес Қазан»(«Besh Qozon») палау орталығы тариын сонау 1990 жылдан бастайды. Мұндағы палаудың дәмін татпай кету мүмкін емес. Бағасы шамамен 3-5$ шамасында.
Мейіржан Әуелханұлы, KzNews.kz (Алматы-Шымкент-Ташкент-Самарқанд-Бұхара-Ташкент-Шымкент-Алматы)
Суреттерді түсірген: Талғат Мұратбаев