Музыка мектептерін оңтайландырмаймыз — Ерлан Сағадиев

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 12:56 134

Музыка мектептерін оңтайландырмаймыз - Ерлан Сағадиев

АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев музыка мектептерін оңтайландыруға қытысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала деңгейінде белгілі бір шешімдер болған. Онымен вице-министріміз (Эльмира Сұxанбердиева — авт.) айналысып жатыр. Білуімше, музыка мектептерін оңтайландырмайтын болды. Негізі, ондай жоспар болған да жоқ. Музыка мектептері сияқты мекемелерді басшылық деңгейінде біріктіруге қатысты ой болды. Мәселен, бір директор үш мектепті басқарады. Маған солай баяндаған болатын. Бірақ мен өзім «бір мектеп жабылды, я болмаса, жұмыс орындары қысқарды» дегенді естіген жоқпын. Музыка мектептерін ешкім оңтайландырмайды», — деді Е.Сағадиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суxанбердиева музыка мектептерін оңтайландыру шараларын түсіндірген болатын. Оның айтуынша, музыка мектептерін Жастар сарайы сияқты бір мекеме ретінде ұйымдастыру шаралары қолға алынды. Сөйтіп, аталған мекемелерді оңтайландыру жоспарланып отыр. 

«Жастар сарайының басшысы өз бағдарламасын ұсынуы қажет. Музыка мектептерін қалай дамытады және тағысын тағы. Бұл ретте барлық жұмыс орындары сақталады. Ұжымдарды ешкім таратпайды. Мұғалімдер де баяғы жұмысында қала береді. Қазір Алматы мен Астанада осы мәселеге қатысты шу шығып жатыр ғой. Негізі, бұның бәрі — музыкалық мектеп басшыларының наразылығы. Себебі ондай жағдайда басшылық ауысады. Ал мұғалімдер толығымен қалады. Оқушылардың саны да қысқармайды», — деді Э.Суxанбердиева журналистерге берген сұxбатында. 

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, екі-үш мекемеге бір басшыны қою сияқты оңтайландыру шаралары орта білім беру саласында да бар тәжірибе. Енді осындай тәжірибе Астана қаласында қолға алынды.

«Бір директор екі-үш музыкалық мектепті басқарады. Біз Мәскеу қаласындағы мектептердің тәжірибесін негізге алып отырмыз. Ол жақта үздік бір мектепке соған жақын не жанында орналасқан екі-үш мектеп қарайды. Сол сияқты музыкалық мектептердің басшылығын оңтайландыру шаралары да атқарылып жатыр. Ал бұл шарадағы негізгі мақсат — ондай мекемелерді ірілендіру, яғни, бір мықты мекеме аясында топтастыру», — дейді Э.Суxанбердиева. 

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz