Музыка мектептері біріктіріле ме? | «Айқын» газеті
2020 жылға қарай елордада мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамту үлесін 90-95 пайызға өсіру жоспарланып отыр. Музыка және шығармашылық мектептерін біріктіруге қатысты нақты шешім де шықты. Бұл жөнінде Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
«Музыка және шығармашылық мектептері біріктірілмейді. Қосымша білім беру орындарының жағдайын жақсартамыз деген жоспар бар. Сол себепті ата-аналарға уайымдауға негіз жоқ. Балалардың сапалы білім алуына ешкім кедергі келтірмейді. Қосымша білім беру орталықтарының саны былтыр 90 болса, биыл 140-қа жуық. Осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі таңда қала бойынша қосымша біліммен қамту үлесі – 74 пайыз. 2020 жылға дейін 90-95 пайызға көтереміз. Музыка және шығармашылық мектептері желісін кеңейтумен қатар, оқушылар сарайы, комьюнити-орталықтар да ашылады» дейді елордалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздің бірқатар қалаларында музыка мектептерін біріктіруне қатысты шу болған. Осы мәселені өткен айда газетімізде жарияланған «Мектеп біріктіруден не пайда?» (https://aikyn.kz/2018/11/28/74540.html) мақаласында талқылаған едік.
Айша ЕРСҰЛТАН