«Мұзбалақ» – қазақ мультфильмінің жаңа дәуірі (ВИДЕО)

0

Ұлттық болмыстың исі аңқыған «Мұзбалақ» қазақ мультфильмінің жаңа дәуірі басталғанын айғақтап тұр. Жақсылық пен жамандықтың, пенделішік пен адалдықтың бітпес күресін өзегіне сіңірген анимациялық туынды балаларға да, жасы үлкен адамдарға да арналып жасалған сияқтанып көрінді. Толықметірлі мультфильмінің журналистерге арналған көрсетілімі 16 қазан күні Алматы қаласында өтті.

«Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмнің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.

Фильм көшпенділердің саяткерлік өнерінің бастау көзін қайдан алатыны жайлы сұраққа өте жақсы жауап берген. Алып қара аждаһа қан исін сезіп шырт ұйқысынан оянады да, жер бетіне шығып, барша халыққа лаң салады. Ел ішінен шыққан батырлар оған қарсы күресті бастайды…

Фильмді толық баяндап шығу мақсат емес әрине, дегенмен ауыз толтырып айтарлық кесек туындыны өмірге әкелген «Қазақфильм» киностудиясының анимация жанрында еңбек етіп жүрген азаматтардың екі жарым жылдай тек осы мультфильм үшін «түн ұйқысын төрт бөлгенін» айта кету керек.

2000-нан астам кісі жұмылдырылып, 45 млн. АҚШ доллары қаржы жұмсалып, түсірілім уақыты 5 жылға созылған «Арыстан патша» («The Lion King») мультфильмімен салыстырар болсақ 30-дан аса адам 2,5 жыл уақытта осындай туындыны жасап шығаруы ерлікпен пара-пар.

Айта кетерлік бір жайт, туынды 67 минут. Себебі, биыл – Әмен Қайдаровтың қазақтың тұңғыш анимациялық фильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысына 67 жыл толып отыр екен.

Фильм 18 қазаннан бастап Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларында көрерменге жол тартады.

Айта кетейік, «Арыстан патша» туындысы екі «Оскар», үш «Алтын глобус» және үш «Грэмми» сыйлықтарын жеңіп алған. Біздің «Мұзбалаққа» да осындай даңықты жүлделер бұйырсын деп тілейміз.

Мейіржан Әуелханұлы,

KzNews