Мұз кептелсе, су жайылымдық жерге ағады
Қала іргесіндегі Тасбөгет гидробекетіндегі су мөлшері 704 см, ал ол 740 см-ге жеткенде қауіпті деңгей болып саналады. Осыған байланысты «Қазгидромет» станциясы он су бекетінен сынамалар алып, жағдайды тұрақты бақылап отыр.
Инженергидролог Раушан Бисетаева су көтеріліп яки мұз буған жағдайда топан судың жайылымдық жерлерге шығу қаупін күшейетіндігін айтады. Осыға байланысты қажетінше шаралар атқарылып жатыр екен.
Бүгінде Қырғыз Алатауынан келетін суды қабылдап жатқан Шардара су қоймасы бергі бетке секундына 900 текше метр су ағызып жатыр. Мұның 400 текше метрін «Көксарай» су реттегіші қабылдап алып қалып жатса, 500 текше метрден астамы Сыр арнасымен Аралға дейін ағып келеді.
Аяз буған сәттерде Қызылорда мен Арал аралығындағы мұз қатып, тұтасып қалады.
Төтенше жағдай орын алмас үшін он бір мекеменің үш жүзге жуық қызметкерлері арнаулы техникалардың көмегімен дария жағалап, кезекшілікте жүр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/