«Мұсылман болу сондай бақыт!»: Ислам дінін қабылдаған Максим Келлер

0
2511
Сурет: Максим Келлердің жеке мұрағатынан
Advertisement

Заң саласында білім алған Максим Келлер ислам дініне қалай келгенін және мұны жақындарының қалай қабыл алғанын баяндап берді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Мұсылманша есімі — Махмұд. Семей қаласында туып-өскен. 2015 жылы ислам дінін қабылдаған. Жылқыны ерекше жақсы көреді, велоспорт және жүзумен айналысады.

«Исламға өмірімде болған көптеген жайтты ой-елегінен өткізгеннен кейін, өзіме ұнайтын, жақын дүниелер туралы саралағаннан кейін келдім. Бұл бірінші кезекте біздің кішкентай кезімізден жақсы көретін тазалық, тәртіп, әділеттілік сынды түсініктермен байланысты. Түсіндіруге келмейтін басқа да нәрселер болды. Үнемі мұсылмандар Құдайдан тілеген кезде алақанын жайып тұратын сәт туралы ойлайтынмын.

Әрдайым жүрегімде бір ғана Жаратушы бар екенін сезетінмін. Аспанмен жер қалай жаратылды деген сауал төңірегінде де ойландым. Жаздың кешінде көшеге шығып, неге мына жұлдыз дәл осы жерде, ал енді бірі екінші жерде қозғалмай тұрады екен деп толғанатынмын. Айдың жарығы туралы, оны кім ойлап тапты?» — дейді ол.

Сондай-ақ, ол адамдардың маймылдан жаратылғанына еш сенбейтінін бөлісті. Егер бұл рас болса, әлі күнге дейін маймылдар адамға айналатын еді, деген пікірде.

Сурет: Максим Келлердің жеке мұрағатынан

«Керісінше адамдар маймылға айналып бара жатқандай. «Мына адам өзін хайуанша ұстайды» десе, «Жануарлар адамдардан да жақсырақ» деймін. Адамды жануарға теңеу — қошемет сөз айтумен бір, өйткені жануардың өзі табиғатқа, жерге, бір-біріне біз секілді зиянын тигізбейді», — дейді Махмұд.

Максим Келлер ислам дінін 5 жыл бұрын ғана қабылдаса да, сонау 2004 жылы сүндетке отырған. Бұл уақытта ол әскерде борышын өтеп жүрген кез. Сондай-ақ, ол бұлай жасауға өзін ешкімнің күштемегенін айтады. Тіпті, мұны мектеп қабырғасында оқып жүргенде жүзеге асырмақ болған.

Көп адамның дінге өмірінде болған қайғылы жағдайдан кейін келетіні жасырын емес. Алайда Максим Алла жолына ешбір қиындықсыз, жеңіл келгенін айтады.

«Сенім сізге не береді?» деген сұраққа ол «Әлхамдулиллаһ, бәрін береді. Мен депрессия, күйзелістегі немесе өзіме көңілім толмай жүрген адам емеспін. Өзімнің дінге келгенге дейін қандай болғанымды және қазір қандай екенімді білемін, айырмашылық үлкен. Мұсылман болу сондай бақыт! Артық уайым-қайғың жоқ, келсе — келді, келмесе — келмеді. Жүрек те, жан да тыныш», — деп жүрекжарды сезімін бөлісті.

Жалғасы бар…

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз