Мұстафа рухын іздеген қазақтар
Осылай шеттен топырақ бұйырған тағдыр иесінің бірі – халқының жарқын болашағы үшін күрескен қайсар тұлға Мұстафа Шоқай. Атамыздың қазасы жайлы жанжары Мария Шоқай апамыз 1972 жылы Ыстанбұлда жарық көрген естелігінде: «1941 жылы 25 желтоқсан күні маған немістің бір әскери адамы келіп, күйеуімнің өте ауыр науқас екендігін айтты. Мен 27 желтоқсан кешкі сағат 9-да Берлинге келдім, вокзалда күтіп алған ұлты қалмақ Шамба Балинов Мұстафаның бір сағат бұрын өмірден өткенін сол жерде естіртті. 1942 жылдың 2 қаңтар жұма күні Мұстафа марқұм Берлин қаласындағы мұсылмандар зиратына жерленді» дейді.
Кеңес одағы тұсында атамыздың басына бару былай тұрсын, атын атауға тыйым салынды. Өйткені М.Шоқай идеясынан социалистік жүйе қатты үрейленді. Құдайға шүкір, қазір тәуелсіздіктің арқасында атамыз жамбасы тиген жерді екінің бірі біледі. Берлин қаласына ат басын бұрған зиялылар зиярат етпей кетпейді.
Бірақ сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының өзінде атамызды іздеушілер болыпты. Оған 1967 жылы ақпан айының 18-і күні Мұстафа атамыздың басында түсірілген мына бір фото дәлел. Бұл адамдар түркиялық қазақтар. Зираттың құлпытасына сүйеніп түрегеп тұрған Бекей Сарбас, отырғандар – сол жақтан Ырысбай Ерол, Арыстан Тосын және Нығметолла Ұзман. Осы кезде бұлар 30-34 жастағы жігіттер. Бекей Сарбас ағамыз оншақты жыл бұрын қайтыс болса, Ырысбай Ерол дәл қазір Германияның Кельн қаласында, Нығметолла Ұзман Берлинде аман-есен жүріп жатыр. Ал Арыстан Тосын ақсақал Алматы іргесіндегі Райымбек ауылында тұрады. Тоқсаныншы жылдың аяғы мен жаңа ғасырдың басында Арекең теледидар арқылы қазақтың қара жорға биін билеп, көпшілікке етене танылған тұлға. Бір сөзбен айтқанда, шетте жүрген қазақ өнерін насихаттаушы.
Осы Арыстан ағамыздың айтуынша, 1966 жылы Түркиядан Алманияға (Германия) жұмыс іздеп келген төрт қазақ Берлинге табаны тиген күні аталарының басын іздепті. Арыстан ағамызға, «сіздер оған дейін М.Шоқайдың бұл қалада жерленгенін білетін бе едіңіздер?» деп сұрақ қойдық. Біледі екен. Өйткені түркиялық қазақтар Азаттық радиосы арқылы түрік, кейіннен қазақ тілінде берілетін хабар-ошарды үнемі тыңдаған және шетелдегі түркістандықтар үшін араб графикасымен шығатын «Мілли Түркістан» журналын үзбей оқыпты. Осындағы екі бірдей ақпарат көзінің ең көп айтатын тақырыбы – «Шоқай идеясы» мен «Мұстафа жолы» екен.
– Сөйтіп атамыздың басын іздеп шықтық, – дейді Арыстан Шәдетұлы. Немісше де жетік білмейміз. Берлин қаласын көктей шолып, кезіп келеміз. Арасында жөн біледі-ау деген үлкендерден «біздің Мұстафа Шоқай деген атамыз осында жерленген екен, білесіз бе?» деп сұраймыз. Сөйтіп үшінші күн дегенде көшеден салиқалы, салмақты неміс қариясын жолықтырып жөнімізді айттық. Ол кісі бізді үйіне кіргізіп қойып, жан-жаққа телефон соқты. Бір заманда «аталарың рас осында жерленіпті» деп, әлі есімде «Колумбия Дан» деген көшенің бойында орналасқан «Түрік шаһитлігі» қорымын нұсқап жіберді.
Хабар алған төрт қазақ шапқылап түрік қорымына барған. Оны биік дуалмен қоршап, үстіне тікенек сым тартып тастапты. Абажадай қақпасында нән қара құлып. Босағасында: «бұл жерде Осман патшаларының елшілері мен консулдары жерленген» деген жазу.
Содан атасының басын іздеген төрт қазақ әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ақыры ішіндегі қағылез жеңілдеуі Арыстан ағамызды дуалдан асырып ішке тастайды. Арекең топ етіп түсе қалып, қараса алты аттам жерде Мұстафа атасының зираты тұр. Қабірдің жазуын асықпай оқып, оның астында тұрған қайраткердің бюст-мүсінін әбден танып, сыртта тұрғандарға «таптым» деп ағайлайды. Олар айтады: «Тапсаң аят оқы, біз осы жерде әумин дейік».
Осы оқиғадан кейін арада бір жыл өткенде қабір іздеген төрт қазақ тиісті мекемелерді тауып, заңды түрде тот басқан қара құлыпты аштырып, ішке кіріп, естелік ретінде фотоға түседі. Мына сурет сол.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/