Мұстафа Өзтүрік: «Алтын алмасаңдар Стамбулда көміп кетемін!»
«…Бір ретте Қазақстан атынан халықаралық жарысқа шықтық. Сөйтіп біздің үш спортшымыз финалға өтті.
Бірақ жігіттердің: «Бізге екінші орын да жетеді. Әлгілер мықты, еуропа чемпиондары. Бастарыңды абайлаңдар», — деген әңгімелерін естіп қалдым да ыза болып кеттім.
Сонан соң ол үшеуін былай шығарып алып: «Сендер мұнда не үшін келдіңдер?! Маған және менің еліме екінші орынның керегі жоқ. Бірінші орын керек маған! Қазір финалдасыңдар. Жеңіліп қалсаңдар не беттеріңмен елге қайтасыңдар? Бұл жарыстан қалай да алтын аласыңдар. Алмасаңдар, Стамбулда көміп кетемін!» дегенде олар: «Өлтіреміз!» деді.
Осыдан кейін екі шәкіртім алтын алды. Маңдайларынан сүйдім. Ал әлгі жеңіліп қалған үшінші спортшымыз жоқ. Ары-бері іздедік. Сөйтсек, бір түкпірде жылап отыр екен.
Мені көрді де: «Аға, кешіріңізші. Келесіде жасаймын, ендігіде жібермеймін» деді. Мен намысын қайрап: «Келесі деген енді болмайды. Әлде Қазақстанда басқа мықты спортшы жоқ деп ойлайсың ба? Бұдан былай келмейсің!», — деп едім, анау одан сайын өкіріп жылады.
Сонан соң: «Айналайын, елім, жерім деп жылағаның үшін рахмет. Сенің ішкі дүниеңді көріп, сезіп тұрмын. Сен чемпиондардың чемпионы боласың», — дедім…» деп әңгімелейді атақты спортшы Мұстафа Өзтүрік.