Мүсін өнері мүлгімесін. Шетелдік мүсіншілерді жиі шақырудың сыры неде?

0

Рас, кешегі мүсіндер мүлде басқаша еді: сом қоладан құйылып, қымбат тастардан қашалып, қыш балшықтан иленіп жасалатын, ең бастысы, шебердің шығармашылық шабытынан, ұзақ толғанысынан туатын. Қоңырқай кейіптегі мұңлы мүсіндердің тілсіз болса да, түсініксіз тұрқымен-ақ асығып бара жатқан адамды аялдататындай көркемдік қуаты атойлап тұратын. Бірақ ежелгі дүниеден жеткен балбалтастар секілді қазақстандық шеберлердің қиялынан туған мүсіннің өзегінде, өн бойында үнемі белгісіз бір мұң жататын. Әу баста мүсін дейтін өнерді өмірге әкелген де мұң сияқты, бұл өнердің пайда болу мақсаты, оның адаммен арадағы байланысы ойландырып қоятын осы қуатына жасырулы ма дейсің. Алайда қанша жерден талантты адамдардың қолынан туғанымен, орындалу техникасы мінсіз болғанымен, тақырып жағынан тарығу көргендіктен шығар, кешегі мүсіндердің бірсарынды әсер қалдыратынын біз бүгін ғана байқап жүрміз.

Өйткені бүгін мүсін жанры жағынан да, стилі, орындалу техникасы жағынан да әр алуан. Мүсін өнері кең көрініс тапқан Алматының саябақтары мен көшелеріндегі классикалық мүсіндердің күні келмеске кетіп бара жатқанын байқамау мүмкін емес. Бәлкім, «келмеске кетті» дегеннен гөрі «басқа сатыға өтті» дегеніміз орынды болар. Айлар, жылдар бойы маңдайының терін бұршақтатып, мүсінді тек қола, жез, темірбетон, тас секілді «текті» материалдардан жасаған алдыңғы буын ағалардың есіл еңбегі еш керекке жарамайтындай аяқ астынан ескіріп шыға келгені жанға да батады. Өйткені соңғы жылдары абаттандырумен, қала сәулетімен айналысатын әкімдік қызметкерлерінің де, жекелеген мүсіншілердің, тіпті қарапайым адамдардың да талғамы бұрынғыдай биік-биік монументальды мүсіндерге емес, декоративті шағын дүниелерге қарай ойысып бара жатқанын байқап жүрміз. Металдан иілген, ағаштан жонылған, пластикпен желімделген, түрлі-түсті шынылардан құрастырып жасалған, тіпті резеңкені кесіп-тесіп іске жаратқан композициялар арт-декор дейтін өнердің дүр етіп көтеріліп, күрт дамуына жол ашты. Шаһар сәулетін абаттандыра түсуде айырықша үлесі бар мүсін өнері өзінің классикалық мазмұнын авангардық формаға қарай алмастыра бастағаны сезіліп келеді. Мүсін өнеріндегі соңғы жаңалықтарды орналастырудан Алматы көшелері жарысқа түсіп жатыр ма дерсің, әсіресе Арбаттың бойы, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің жанынан жасалған ашық аспан астындағы мүсін музейінен осы өнер әлеміндегі ең соңғы бағыттар, жаңа тәсілді меңгерген авторлардың жұмысы шын таңырқатады. Бір сөзбен айтқанда, Алматыны «аrt» жайлап келеді. Осы қарқынмен кете берсе «art»-тың бәрін де басып озатын түрі бар және өзінің бағасы да арзан емес. Мысалы, Forbes мәліметі бойынша, қаладағы ең үлкен сауда-бизнес орталықтарының бірі Esentai Square алаңқайында орналасқан колумбиялық суретші Фернандо Боттероның «Жеміс ұстап отырған әйел» мүсіні 2,6 миллион долларға бағаланған.

Алматыны ажарландыру ісінде халықаралық мүсін және шағын архитектуралық пішіндердің «Parkfest» фестивалі үлкен рөл атқарып отыр. Фестивальге қатысуға талап білдіргендердің өтініші қазылардың дені шетелдіктер болып саналатын сарапшылар комиссиясының қатал сынынан сүрінбей өтсе ғана қабылданды. Былтырғы фестивальдің саралауына 500-ден артық жұмыс келіп түскен, сол жұмыстардың ішінен көркемдік құндылығын, оның қаланың архитектуралық ансамблімен үйлесімділігін, әлемдік көркемдік кеңістікпен өзара қабысуын, Алматы қаласының тарихи және ұлттық дәстүрлерімен байланыстылығын ескере отырып, 60 арт-нысан ғана таңдалып алған. Атап айтқанда, Руслан Ақанаевтың «Алдар көсесі», өзбекстандық Тамила Маматованың «Кеокер», Абдуахат Мұратбаевтың «Куб», «Вазалары», Жас Суретшілер орталығының «Алма автомобилі», «Есік», «Түйесі», тәжікстандық Хуршед Хусеновтің «Кітабы», санкт-петерборлық Андрей Люблинскийдің «Қызыл адамдары», Андрей Люблинскийдің «Бақылаушы-Иті», Италияның «Cracking Art» тобының «Ұлулар» инсталяциясы, Арыстанбек Шалбаевтың «Шәйнек», белорусиялық Кирилл Крохолевтің «Вертикаль», тағы басқа авторлардың жұмысы көшелері күрделі жөндеуден өткен Алматы қаласының әр ауданынан өз орындарын тапты. Мүсіннің көркемдік қуаты, идеялық құндылығының қандай дәрежеде екенін мамандар айта жатар, бірақ комиссиядағыларды инсталяциялардың «креативтілігі» көбірек қызықтырғанын қызылды-жасылды арт-декорлардың өздері-ақ айтып тұр. Сөз жоқ, қарапайым болса да, қомақты ойы бар. Сымтемірден істелсе де, «сөйлеп» тұр. Бірақ осы жұмыстарды пайызға шақсақ, 60 арт-нысанның 30-ы Қазақстан мүсіншілерінің, 16-сы Италияның, 11-і Ресейдің және Өзекстан, Тәжікстан, Беларусь елінің бір-бір мүсіншісінің еңбегі екен. Яғни, елу де елу. Бұған қоса, былтырғы жылдың тамыз айында еуропалық Artecitya бағдарламасымен бірге шетелдік сарапшылар қатысқан бірінші Халықаралық Artwith/outtheCiti симпозиумы («қала шеңберіндегі өнер») өткізілді. Онда да екі күн бойы Чехия, Польша, Греция, Франция, Словения, Германия, Армения, Қырғызстан сәулетшілері мен суретшілері бас қосып, қауқылдасып жатты. Іле-шала ҚазҰУ-дің іргесіндегі Достық саябағында «Сәлем, соседи!» деген мәдени демалыс ұйымдастырылып, оған тағы да Белорусь, Тәжікстан, қырғыз елінің мүсіншілері қатысқан пленэр өтті. Шетелдік мүсіншілермен жиі-жиі мәслихаттасып жүргендегі мақсат креативті жандандыра түсу болса, шаһар жұртын бір шулатып барып басылған әйгілі «белка» мен Өтеген батыр көшесіндегі билеп жүрген жалаңаш төрт семіз әйелдің мүсіні ол идеяны артығымен орындап берді. Өз таланттарымыздың бар-жоғы білінбеген соң Парижде елу жыл бұрын орнатылып кеткен әйгілі Ники де Сен-Фалльдың еңбегін Алматы төріне көшіріп әкеліп қоя салу да қиын болмай қалды. Алматыны көріктендіру мақсатында іске асырылған 60 арт-нысанның тең жартысын, яғни 50 пайызын шетелдік мүсіншілердің үлесіне беру, ұлттық мүсін өнерімізді өркендетудің, талантты мүсіншілердің еңбегін танытудың қамын ойлағаннан тумаса керек. Италияның ең мықты сәулетшілері мен мүсіншілерін алдырып, Петерборды салдырған 1Петрға парықсыз пародия жасағандай болып, Алматының жерасты жолдарының шатырына бауырымен жорғалаған бармақтай «Ұлуларды»  шаптап беру үшін сонау Италиядан мүсінші алдырып, оған атан түйенің құнын төлегеніміз мейманамыздың асқандығы болмаса, басқа ешнәрсе емес. Мүсіннен ұлттық мәдениеттің иісі аңқып тұруы керек. Сонау сақ-ғұн дәуірінен тас қашау өнерін адамзаттың алды болып меңгерген қазақ мүсіншісі қалғып кетпесе, қайда жүр бүгін, олар өзі немен айналысады? Әкімдіктер ұйымдастырып жатқан мынау аламан байқаулардан олардың сырт жүруінің себебі не, егер қатысқан болса, елу пайыздың орнын толтырып, аты бәйгеден озып келуіне таланты жетпей ме, әлде бұлардың еңбегі «мәмбетизм» деп еленбей жүр ме? Қалай болғанда да ұлттық мүсін өнерінің мүлгімей, заманауи «art»-пен табысып, қайта түлейтін күні туып-ақ тұр.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/