Мүшеқапты айтып мінегенше… — Informburo.kz

0

Мектеп жасындағы балаға жыныстық қатынастың мән-мағынасын түсіндіретін жаңа бағдарлама енгізілгелі жатқаны қоғамда үлкен дау тудырып жатыр. Бірі: «Ұлттық менталитетке қарсы қарусыз майдан» десе, енді бірі: «Жоғарыда отырғандар есінен танған болар?..» деп шуылдасуда.

Алғаш оқығанда тіксініп қалдым. Жасыратыны жоқ, некелі түні ғана сыры ашылатын қасиетті сәтті қолжаулыққа айналдырғандай сезіндім. Әлеуметтік желідегі жас-кәрінің жаппай жазған пікірлерін оқыдым. Ой таразысына салдым. Драматург болған соң, пьесадаға әр оқиғаның түбірі ашылуы тиіс. Қоғамда қайшылық туғызған пікірдің екінші тасын зерделедім.

Жаһандану желкеге мініп, әлеуметтік желі жасөспірімдер үшін ата-анасының орнын басқан заманда, балапан баламызды келеңсіздіктен қорғай алмай, тығырыққа тірелгендей күйге түскеніміз шындық. «Ел қалаулылары бас қосқан мәжілісте мұндай заңды оқу саласына енгізуге қандай себептер болды екен?» деген сұраққа жауап іздедім.

Жетімдер үйі неге көп?!

Әдеби сөзбен «балалар үйі» деп әрлегім келмеді. Шындығы сол – кіл тірі жетімдер тәрбиеленіп жатқан үйдің жылдан-жылға жаңбырдан соңғы саңырауқұлақша көбейіп жатқанына несіне арсынамыз?! «Осы жетімдер қайдан көбейіп жатыр?!» деп ойландық па?.. Әлбетте, бұл – ұзақ жылдардан бері дабылдатып келе жатқан көне тақырып. Айқайлаймыз. Айқайдың астарындағы мәселені шешу жолына мән береміз бе?..

Бір ғана Шымкентте үш бірдей жетімдер үйі бар. Оған еліміздегі күллі жетімханаларды қосыңыз. Қаншама ұрпағымыз көздері жәудірей тірідей жетімнің күйін кешеді. Әлбетте, ата-анасы өмірден озғандары да бар. Бірақ, өте аз. Басым көпшілігі – тірі жетімдер. Тастанды жетімдер. «Балшырынды» құмарлана татып, ләззат алған бір сәттің нәтижелері.

Аурудың алдын ал

Әлеуметтік желі деген жаһандық жалмауызды тоқтату мүмкін емес. Ол үшін жер бетін топан су басып, тіршілік қайта басталуы керек. Ешқайсымыз ол кезеңнің болғанын қаламаймыз. Демек, ғасыр дертінің алдын алғанның артықтығы жоқ.

«Қыз қылығы – түзде» сөзі ұл мен қызға бірдей. Қыздың да, ұлдың да үйдегі мінезі мен түздегі мінезі екі бөлек екені шындық. Сондықтанда көбіне ересектер жаңылып жатамыз. Өз баласын еш ата-ана жаман деп ойламасы һақ. Ендеше, түздегі қылығымен түңілдірген жастар қайдан шығады, сол жағын ойладық па?

Жыланның арбауымен Адам да жұмақтан қуылды

Дүние жаралғалы адамзат құмарлық арбауымен арпалысып келеді. Қызығушылықтың аяғы – құмарлыққа тірелгеннің көрсеткіші – Адам Ата мен Хауа Ананың не себепті жұмақтан қуылғаны жайлы Құран сөзінің өзі хақиқи дәлел. Бірде егде тартқан құрбым: «Алты жастағы немереме баланы бақ құсы шаңыраққа әкеп тастайды…» деп ертегі айтсам, – «Әже, баланы бақ құсы емес – папа мен мама түнде, төсекте жасайды» дегенде, шалқамнан құлай жаздадым. Басқаны қойып, алты жасар немеремнен мұндай сөзді күтпеп едім деген болатын.

Біздер, ересектер сенетін ертегіге, 6 жастағы бала да сенбейді екен. Қазіргі қоғамда ең сенімді бала күтуші ролін атқарушы – қалта телефоны. «Жыламаса болды…» деумен қолдарына телефон бере салатынымыз ақиқат. Сіз өз тіршілігіңізбен арпалысып жатқанда, бала қолындағы телефонмен әлемге саяхатқа шығады. Әлемнен – «жәлемге айналған» небір ластанған жарнамалар мен ақпараттарды көреді. Әлбетте: «Балаларға арналған сайтты ғана қосамын» деп, өз-өзіңізді жұбатарсыз. Бірақ, бүгінгінің алты жастағы баласы әлеуметтік желіде желдей ескенде, ересектерді жолға тастайтынын ескермейміз.

Жұмақтың алмасы

Өзіңіз ойласаңыз, жәннәти алмаға қызықпайтын, құмартпайтын пенде жоқ. Тек, нәтижесін ойламайтыны өкінішті. Біздің, яғни қазіргі ересектердің даму деңгейіміз бен бүгінгі баланың даму деңгейі аспан мен жердей екенін мойындамайынша, қасіреттің алдын-алу қиындай түспек.

«Жыныстық қатынастан сақ болуды» үйде мейлінше түсіндіріп, ойбайлаймыз. Мектепте мұғалімдер жанталасады. Өйткені, оқушы жүкті боп қалса, директор мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметінен айрылады. Айтылудай-ақ айтылады. Нәтиже жоқ, бәрі-бір жылдан-жылға осалданып барады.

Мектеп жасындағы бала, «жәннәти алманың» аяғы болашақ бір «тірі жанның» пайда болуына әкеп тірейтінін ойламайды. Дәмін татуды, ләззәтына батуды ғана ойлайды. Мың жерден жалаулатсақ та, бұл шындықтан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Ендеше мүшеқапты тарату мәселесіне үдере қарсы шыққанша, аурудың алдын алуға күреске шығу керектігін неге мойындамасқа?..

Ащы алма

Біздер өз ұрпағымызды жаппай сана ластануынан қорғай алмай жүрміз. Есіме жиырма жыл бұрын көрген мультфильм оралды. Кіл қара қарғалардың арасында бір ғана ақ қарға болады. Жүре-жүре ақ қарға – қара қарғаға айналады. Режиссері есімде жоқ. Сол кезде небәрі бес минуттық мультфильмнің пәлсапалық тереңдігіне тәнті болғанмын.

Бүгінгі қоғам сол: ақ қарғаның қара қарғадан құтыла алмайтын заманы. Сіздің үйдегі баптаған періштедей балаңыз – қоғамдағы қара қарғалардың тобына еріксіз қосылады. Аула. Көше. Мектеп. Колледж. Университет. Қайда қашып құтылуы керек?! Басқа планетаға ұшып кете алмайды. Қайда барса алдынан шығатыны – «Қорқыттың көрі». Жалған намыспен дабылдатып жүргенімізде, тосыннан «ащы алманы» әкеп, алдыңызға тасиай салады.

Іштен шыққан шұбар жылан

Өз қолы – өз аузына жетпеген ұрпағың, » піспеген ащы алмасын» арқалап келгенде не істейсің?! Өлтіре алмайсың. Шығарып тастайтын қоқыс емес. Зар илейсің. «Қай жерде қателестім?!» деп, маңдайыңды тасқа ұрасың. Кеш… Запыран жұтқан күйіктен «ащы алманы» да атыңа тіркеп, тіршілік керуенге ілби ілесесің.

Үйге әкелсе бір сәрі. Қоқысқа, әжетханаға, перзентханаға тастап кетіп жатқандары қаншама?! Талай нәрестелер әжетханада тұншықты. Талқаны таусылмағаны жетімдер үйіне жол тартады. Осының бәрі бүгінгі жастардың жыныс қатынасының аяғы неге апарып соғатына мән бермеген білімсіздігінен. Ащы алманың тағдырына күле қарағанынан. Жетімнің, тастандының ақыретте күнәсі сұралатынын ата-анасының жанына батыра айтпағаннан. Өйткені біз, перзентімізді бала көреміз. Періштеге балаймыз.

Үкіметке масылдық

Түркменстанда балалар үй жоқ дегенді оқығанда риза болдым. Балалар үйін болдырмаудың жолын ата-ана қолға мықтап алған! Міне, өнеге?! Әр қаламызда кемінде үш балалар үйі бола тұрып, мүшеқапты оқу жүйесінде түбегейлі түсіндіргеніне біздер неге шулаймыз?!

Балалар үйіндегі тастанды сәби кәмелеттік жасқа жеткенше үкіметтің мойнында екенін ескерсек, әр баланың қоғамға қосылуына қаншама қаржы керектігін білеміз ба? Өмірге жеңіл қарайтын жастар да тастанды баланы үкімет өлтірмейтінін біліп алған. «Ел-жұртқа қай бетіммен қараймын?!» деп, жаңа туылған нәрестені құндағымен перзентханаға тапсырып жатқан ересектер де жеткілікті.

Иә, үкімет асырайды. Бірақ… Кіл жетімнің арасында ұрпағың қалай өсіп жатқаны бір сәтке жаныңызға батса, қасіреттің алдын алмағаныңызға деген жауапкершілікті мойындап, сәбиді баурыңызға басар едіңіз. Нәрестенің жазығы не?!

Жаупкершілік ұл мен қызға бірдей

Әдетте, барлық келеңсіздікке тек қызды кінәлаймыз. «Қызға – қырық үйден тыю»-ды көлденең тартамыз. Ұл ше?! Ұлдың болашақ алдындағы жауапкершілігі қыздан ауыр екенін санасына жеткізбейінше, дерттің диірменін тоқтату мүмкін емес.

Иә, тағы бір ең оңай төте жолы бар – түсік жасату. Ота жолымен алдыртып тастап, масқарадан құтылу. Мәселенің түйіні шешілді деп есептейміз. Тағы сол – «Бірақ?..». Жастай жатырына ота жасатқаннан қаншама қыздарымыз өмірлік бедеулікке ұшырап жатқанын білеміз бе? Жастық қателіктің – өмірлік қасіретке айналып, бір баланың зарынан у жұтып жатқан жандар жеткілікті.

Тірі жетім болмасын

Мүшеқапты қалай қолдануды жеке-дара оқытпай, мектеп пен жетімдер үйі арасында тығыз байланыс орнатуды қолға алу керек. Балалар үйіне жоғары сынып оқушыларын қаздай тізе апарып: «жәннәти алманың» түбі қайда апарып соғатынын көзбен көрсету керек. Жастық алаудың соңы тірідей жетімдердің сорына тірелетінін білсін. Сәбилердің «мама, папалап» жылағанын өз көздерімен көрсін. Мама-папасыз өсіп жатқан сәбилердің көздеріндегі мұңды, зарилеген жасын көріп ойлансын. Әр тастандыға өзін жауапты екенін іштей мойындасын. Айту басқа. Көзбен көру – бір басқа!

Жетім баланың басын сипа

Мектеп оқушыларын құндақтаулысынан бастап, еңбектеп жүрген сәбилер өсіп жатқан жетімханаларды аралатып көрсеткен абзал. Тілі шыққанымен тілдессін. Бауырына бассын. Олардың мамасы мен папасын күнде қалай сағына күтетінін тыңдасын. Сәби жүректің зарын естіп, өз көзімен көргенде, тұлабойында аяныш сезімі оянып, қасіретке жол бермеуге тырысар, бәлкім?..

Арнайы сабақтарда балалар үйінің түлектерін шақырып, ата-анасын сағат сайын, минут сайын сағына күткен кезі туралы әңгімесін тыңдатсын. Міне, сонда дерттің алдын алуымызға болады.

Мінберлерден дабыл қаққан ағайын, мүшеқаптың соңында осыншалық қасірет бары жайлы ойланыңыздар?!.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.