Мұсабаев Қызылордадағы тікұшақ апаты жайлы толығырақ мәлімет берді

0

Бейсенбі, 28 наурызда сенаттың халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Талғат Мұсабаев журналистерге Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 27 наурыз кешке болған тікұшағы апаты туралы мәлімет берді.

Мұсабаевтың айтуынша, МИ-8 тікұшағы әуеге көтерілген кезде ауа райы қолайсыз, қараңғы болған.

«Ақтаудан ұшып келе жатқан топ Бейнеуге қонып, сосын әрі қарай «Крайний» аэродомы (Байқоңыр) арқылы Шымкентке бармақ болған. Байқоңырдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң тікұшақтың диспетчерлік қызмет радиолокаторындағы белгісі жоғалып кетті. Кейінірек тікұшақтың жерге құлағаны, толық жанып кеткені анықталды… Мұндай жағдайда ұшудың қалай екенін жақсы білемін. Экипаж [қолынан келгеннің] бәрін жасады. Техниканың аты техника, авиация — көліктің ең күрделі түрі, кейде осындай ауыр салдары болады және жағдай үнемі экипаж мүшелеріне байланысты бола бермейді» деді Талғат Мұсабаев.

27 наурыз, сәрсенбі күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшыраған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады.

Министрліктің дерегінше, тікұшақ әскери жаттығу аясында Ақтаудан Шымкентке әскерилерді тасыған. 28 наурызда Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Azattyq