Мұрат Байменов Орал әкімі болып тағайындалды

0

Орал әкімі болып Мұрат Байменов тағайындалды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, әкім лауазымына кандидатура ұсынды. Депутаттар оны қолдады.

«Мұрат Болатұлы көп жыл бойы Орал қаласында және облысымызға қарасты аудандарда жұмыс істеді. Барлық мәселемен таныс. Ең бастысы, қала тұрғындары оны жақсы біледі. Жинақталған тәжірибесі мен білімі оған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзінің әлеуетін іске асыруға көмектеседі деп сенемін», – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Нариман Төреғалиев жаңа әкімнің алдына облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру бойынша бірқатар міндет қойды.

Айта кетейік, Мұрат Байменов 1969 жылы дүниеге келген. Әр жылдары БҚО қаржы басқарма бастығының орынбасары, Шыңғырлау және Зеленов ауданы әкімдерінің орынбасары, БҚО әкімі аппаратының экономикалық талдау, ішкі бақылау және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің меңгерушісі, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары, «Жайық жылу қуат» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған.

2020 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.