Мұқалмас мінезі көпке үлгі | «Айқын» газеті
Құралай Байменова – тағдырында кездескен қиындыққа мойымай, бар жігерін мүгедек жандардың өмір сапасын арттыруға арнаған адам. Ол көп жетістікке қол жеткізіп, өзі қатарлы азаматтарға үлгі бола білді. Жиырма бес жылдан бері адамгершілік қағидатына беріктік танытып, табандылық пен қайсарлықтың қандай болатынын дәлелдеумен келеді.
Үміт сыйлайтын орталық
Құралайды Қазақстан мен ел сыртында өзі құрған Ақтөбе қаласының мүгедек азаматтарына қолдау көрсету орталығының жетекшісі ретінде таниды. Бұл орталық мүгедектігі бар мыңға жуық азамат пен олардың жанұясының басын біріктірген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық қажеттілігі ескеріліп салынған ғимаратта олар өзара пікір алмасып, ортақ жетістігін атап өтеді.
Орталық жергілікті және халықаралық деңгейде әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибеге ие. Мұнда жоғары деңгейлі материалды-техникалық база жасақталып, білікті мамандар таңдалған. Орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында арнаулы қызмет түрлерін ұсынады.
Құралай Байменова жоба жұмысын бір жүйеге келтірген. Мұнда стационарлық деңгейде қоғамдық қабылдау, әлеуметтік қызметтер, ұйымдастыру бөлімдері мен мүгедектерді белсенді реабилитациядан өткізу бөлмесі, «Д.А.Р.» еріктілер клубы жұмыс істейді. Мүгедектер арбасын жөндеу жұмысы жолға қойылып, тігін цехтары ашылған. 2005 жылдан бері инва-такси қызметі іске қосылған.
Мемлекет пен үкіметтік емес ұйым бірлесіп жасаған үздік әлеуметтік жобалардың бірі – Ақтөбеде екі арнаулы коммуналды үй салу. Екіқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында мүгедектігі бар 73 адамның отбасы тұрады. Ғимаратта қоғамдық ұйымдардың кеңселері, процедура мен массаж, физикалық емдеу бөлмелері, ойын және оқыту кластары бар. Осы еңбегі үшін Құралай бірнеше рет «Ақтөбе облысының жыл адамы» атанды. Сонымен қатар Құралай Байменова – Ақтөбе және Қандыағаш қалаларының құрметті азаматы, Ақтөбе облысы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі.
Өмір мен өлім арпалысы
Бала күніңнен білетін адам туралы жазу қиын. Газет беті барлық ойды сыйғыза алмайды, ал Құралай туралы бөліскім келетін ақпарат көп. Пионер жасынан бастап, біздің тәрбиемізді мойнына алған азамат осы жылдар ішінде бірде-бір рет көңілімізді қалдырған емес. Керісінше, Құралайға қарап, «Үнемі еңбек ортасында жүріп, жастарды жаңа бастамаларға қанаттандыруға күшті қайдан алады?» деген ойға қаламын. Өскелең ұрпақ бойында патриотизм сезімін қалыптастырып, өзгерістерге тез бейімделуге, туған елінің дамуына үлес қосуға баулитын жан өміріндегі ең қиын сәтті былай еске алады.
– Апат болған кезде жан шыдатпас ауру сезіміне қарамастан, жылауға, сынуға болмайтынын есте ұстадым. Басым ауыр жарақаттанып, жеті жерден сынған сүйегім қозғалуға мұрша бермеді. Сонда да күлуге тырыстым, – дейді ол.
«Әжем қайғылы, аштық қысқан 30-жылдар туралы жиі айтып отыратын. Бірде атам жалғыз түйемен отбасын Атыраудан Ресейге көшірген. Сол жылы қыс қалың болып, жолда өлі адамдардың денесін көрдік деп отыратын. Атам өзіне үлкен жауапкершілік алып, жанұясын құтқарып қалды. Оның осы қасиеті маған берілген деп ойлаймын» деген Құралай әжесінің әңгімелерін «тәрбие құралы» деп есептейді. Қазақтың «атасы мен әжесінің қолында өскен бала ақылды, қайратты, ерекше тұлға болып бой түзейді» дейтіні тегін емес сияқты. Қарт адамдардың немересіне сыйлайтын махаббаты мен мейірімі олардың бойында мұқалмас мінез қалыптастыратын болса керек. Мүгедектер арбасында отырған рухы биік әйелдің әңгімесін тыңдап отырып, менің санама осындай ойлар келді.
Жасөспірім күнінде кішкентай балалармен тастай суық өзенде қалып қойып, Құралай төменгі сынып оқушыларының өмірін құтқарып қалғаны бар. Қазір ондай ерлік жасаған адамға алғыс жариялап, оны журналистер назарына ұсынады. Ал ол кезде Құралай өзінің бұл ісін қалыпты әрекет деп қабылдап, аса мән бермегенін айтады.
– Он екі жасымда кішкентай Ворошиловкадан аудан орталығына мектептің іс-шарасына бардық. Екі-үш мұғалім, мен және өзімнен кіші бірнеше оқушы мұз жолмен жүріп келеміз. Арбамыз трактордан ажырап, суға құладық. Үлкендер шығып үлгерді де, балаларға жолда кездескен шопан көмектесті. Бізге лақтырған арқанмен кішкентай балаларды байлап, құтқардым. Кезек маған келгенде ағыс алып кетті. Су ағынының таяз тұсына жеткенде ғана аман қалуға мүмкіндік туды, – дейді өмір мен өлім арпалысын еске алған Құралай.
Өзінің өмірмен қарым-қатынасы арқылы Құралай мемлекетіміздің идеологиясына маңызды үлес қосып жүр. Бүкіл мемлекет деңгейінде алғанда оның өмір салты мен қолға алған жобалары «кішкентай кірпіш» деп бағаланатыны белгілі. Бірақ біз оны «заман батыры» деп атай аламыз. Өзі де замандас мүгедек азаматтарына лайықты құрмет көрсетуді үнемі ұсынып жүреді.
Құралай Байменова ойы мен мақсаты бір азаматтардың командасын құрды, ерекше пікіріне мыңдаған адамды қосып, көзқарасын өзгертті. Шәкірттерінің бірі Шахан Жолдасбеков жақында өткен Азаматтық форумда Президент алдында сөз сөйледі. Оны көп алдында еркін пікір білдіруге Құралай жеке өзі дайындады.
Мүмкіндігі шектеулі жандар әр минут сайын өмір қиындықтарымен күресіп, батылдық танытады. Ал Құралай сияқты азаматтардың арқасында олар өмірге оң көзқараспен қарауды үйренеді.
Жанат СИСЕКЕНОВА
Дереккөз: Айқын