«Мұқағали» фильмі халықаралық фестивальде жүлдеге ие болды

0
517

 Белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмі «Темные ночи» атты 25-ші Таллин кинофестивлінде (PÖFF) экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақфильмге сілтеме жасап.

Бұл туралы фестиваль ұйымдастырушылары «Эстония» концерт залында өткен шараның жабылу салтанатында жария етті. «Фильмнің поэзиялық тілі мен ерекше көркемдігі адам жанын ерекше сезімге бөлейді. Нағыз рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған кинотуынды», — деді Эстонияның діни ұйымдары өкілдері кірген экуменикалық қазылар алқасы. Айта кетсек, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуынды аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірге жазды. Аталған кинотуынды үстіміздегі жылы 21 қазанда прокатқа шыққан болатын.