«Мұндай жағдайда не істерімді, кімге сенетінімді білмеймін»: Харассмент үшін қызметінен қуылған экс-депутаттың әнші қызы алғаш рет пікір білдірді

0

Бірнеше рет харассмент жасады деген айыппен мандатынан айырылған экс депутат Асқар Садықовтың қызы, әнші Dequine пікір білдірді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік, әнші Dequine мәжіліс депутаты болған Асқар Садықтың қызы.

“Соңғы күндері жаңалықты естіп жатқан шығарсыздар?! Менің әкем Асқар Садық жұмысынан қудалауға ұшырады. Жұрт алдында айыптап, қызметінен босатты. Мен де бұл жағдайға қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, не дерімді білмеймін. Мұндай жағдайда не істерімді, кімге сенетінімді және қалай әрекет ету керегін білмеймін. Өмір мені бұған дайындаған жоқ еді. Қудалау мен қаралауды басынан өткеріп жатқан адам үшін бұл оқиға – қатты күйзеліс”, – деді әнші.

Одан кейін өнер иесі зорлық-зомбылыққа қатысты ойы еш өзгеріссіз қалатынын жасырмады.

“Бұл жағдай менің өмірімдегі екі басты құндылыққа әсер етті: менің отбасым және әйел құқығы. Мен бірнеше жыл бұрын қудалау мен зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы шығатынымды айттым. Әлі де сол пікірде қаламын. Мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын. Қиын кезеңде мені қолдап, жанашырлық танытқандардың барлығына рақмет. Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін қымбат”, – деп алғыс білдірді Данеля Садық.

Еске салайық, «Харассмент қана емес, жемқорлық ісі де бар» деп «Ақ жол» партиясы экс-депутат Асқар Садықовқа тағы бір айып тағылғанын жазған едік.