“Мұндай қатыгездікті көрген емеспін”: Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы адвокат Жанна Уразбахова мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта іс бойынша жүргізілген барлық сараптамалармен таныстық. Бірақ қылмыстық істің материалдарымен әлі толық танысқан жоқпыз. Менің мұндай істер бойынша тәжірибем өте көп, мен бұрын кісі өлтіру істеріне қатысқанмын, бірақ тіпті сарапшылардың қорытындысы мені таңғалдырды. Мұндай қатыгездікті, салқын қандылықты көрген емеспін. Қазіргі уақытта Салтанаттың отбасына қаншалықты қиын боларын ескере отырып, жағдай туралы егжей-тегжейлі хабарлай алмаймыз”, – деп жазды Уразбахова.
Тараптар іс материалдарымен танысып, қорғаушылық өтініштерін бергеннен кейін іс шешім қабылдау үшін прокуратураға жіберіледі.
«Прокуратура мен ішкі істер министрлігінің өкілдері бұған дейін БАҚ өкілдеріне бұл іс бойынша күдіктінің ағасы қамауға алынғанын хабарлаған. Бұрын жазғанымдай, біз істің барлық материалдарымен әлі таныс емеспіз, бірақ тәжірибеге сүйенсек, күдіктінің ағасына “Қылмыс туралы хабарламау” бабы бойынша айып тағылуы керек”, – дейді қорғаушы.
Сонымен қатар Уразбахова бұл бап бойынша қандай жаза тағайындалатынын айтты.
“Бұл бап бойынша алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бас бостандығын шектеуге жазаланады. Бұл санаттағы істер – қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес негізгі адам өлтіру ісімен бірге сотқа жолданады. Қылмыстық істің барлық материалдарымен танысқаннан кейін толығырақ айта аламыз”, – деді Жанна Уразбахова.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған болатынбыз. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Сондай-ақ жақында Сенат отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеу жақында аяқталатынын айтты.