Мұнайлы тұрғындары жолдарын өздері жөндеп алды (видео)
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе ауылы мен Дәулет ауылының тұрғындары ақша жинап, ойылған асфальтті өз күштерімен жамап алды, деп хабарлайды kznews.kz сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде аудан тұрғындары асфальт жөндеп жатқандарын жариялап, үкіметтен қайыр болмай тұрғанын айтқан.
«Есеп беру, жиналыстарда талай айтылып жатыр. Әкімшілік білмейді емес, өте жақсы біледі. Амал жоқ, мына жер қауіпті аймақ болған соң қайғылы оқиғаның алдын алып, қалтамыздан ақша шығарып, асфальтті тегістеп жатырмыз», – деді видеоны түсірген тұрғын.
Бұған дейін ауыл тұрғындары аталған жерді жөндеу керек екенін әкімдікке айтқан. Алайда әкімдік тарапынан жол бірнеше рет орташа жөндеуден өтсе де, ойылып қала берген.
Мұнайлы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, жөнделген жолда жүк көліктері көп өтетін болғандықтан қайтадан ойылып қалады.
«Биыл аудандық маңыздағы 91 шақырым жолды күтіп ұстау үшін 21 млн теңгеге мердігер мекемемен келісімшарт жасақталып жатыр. Алдағы айда аудандық маңызы бар жолдардың шұңқырларын бітеу, олқылықтарын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары басталады. Айта кетейін, бұл тек аудандық маңызы бар жолдарға ғана арналған. Соған қарамастан біз, ауылішілік жолдарды күтіп ұстауды да осы қаражат есебінен жүргіземіз», – дейді Мұнайлы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бейсенғали Кенжеалиев.
Сондай-ақ ол Маңғыстау ауданындағы «Рахат» супермаркетінен бастап Қызылтөбенің бағдаршамына дейін, сол жерден оңға қарай «Шоғы» мейрамханасына және Дәулет ауылына кететін жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын жолды толықтай жөндеп, оны төрт жолақты етіп кеңейту үшін жоба жасақталғанын айтты.
«Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. Егер мемлекеттік сараптамадан өтсе, бірінші жартыжылдықта ЖСҚ жасауды ұсынып, қаржыландыруын сұраймыз», – деді Мұнайлы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бейсенғали Кенжеалиев.
Айта кетсек, ойылған жолды жамау үшін тұрғындар әкімдіктен алдын ала рұқсат сұраған.