«Мұнай инесінде» отырған елімізді 2019 жылы не күтіп тұр?
Газ бен жылудың арзандайтыны желтоқсан айының басында белгілі болды.
Бірақ Үкіметтің уәдесінен кейінгі әсеріміз көпке созылмады. Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында апта басында қалдырған жазбасы талайлардың түн ұйқысын төртке бөлгелі тұр.
«Жаңа жылдың алдында ешкiмдi қорқытқым келмейдi, бiрақ дүние жүзi нарықтарында цунами пайда бола бастады. 2008-09 жылдардың дағдарысы ойыншық болып қалады. 2019 жыл бәрiмiзге оңай жыл болмайын деп тұр. Қарыздарыңызды жабыңыз, ақшаңызды жұмсамаңыз, шығындарыңызды үнемдеңiз. Болжамым бойынша келесi жылы бiзге бизнесмендер мен экономиканы жақсы түсiнетiн адамдар қажет болады».
2019 жылғы әлемдік динамика да осыны айтады / Фото Марғұлан Сейсембаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Қыркүйек айынан бері «2019 жылы Қазақстанда кезекті сайлау болады» деген пікірдің бәсі басым болып жүр. Теңге динамикасы да сол айдан бастап тұрақтала бастады. Желтоқсанның соңғы күндері АҚШ доллары бағасы 389 теңгеге дейін «секіріп», артынша 386 теңге тоқтады.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елімізде доллардың неге қымбаттап жатқанын үкіметтің өткен жылды қортындылаушы жиынында түсіндірді: «Біріншіден, АҚШ-тың жүргізіп отырған саясаты америкалық юрисдикция мен құнды қағаздардың инвестициялық тартымдылығының күшеюіне ықпалын тигізеді. Бұл тиісінше, доллар мен төлем балансына әсер етеді. Аталған жағдай долларға ықпалын тигізетіндіктен, ол өседі, ал қалған валюталар құлдырайды», – деді министр.
Сүлейменов мұнай бағасының тұрақтамауы да жағдайға әсер еткенін ашып айтты.
«Мұнай бағасы құны бірде жоғарылап, бірде төмендеп тұр. Тиісінше, бұл теңге бағамына әсер етпей қоймайды, – деді ол.
Осы орайда БАҚ өкілдері министрден «доллар 400 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін бе?» деп сұрақ қойды.
«Бұл сұрақты Ұлттық банкке қою қажет. Бізде келесі жылы әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 370 теңге деңгейінде енгізілген», – деп түйіндеді сөзін Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан қор биржасындағы 1 доллардың орташа бағамы 380 теңге. Ал ақша айырбастау орындарында доллардың құны 383 теңге төңірегінде саудалануда.
2018 жылдың 1 қаңтар күні 1 АҚШ доллары 332,33 дәлізінде болды. Наурыз айында ол 318,31 теңгеге дейін төмендеп кетті.
Қыркүйектің алғашқы онкүндігінде АҚШ доллары 380,93 теңгеге дейін қымбаттады.
Жаңа жыл алдында доллар бағамы тағы құбылды
Бұны сарапшылар қалыпты жағдай, 2019 жылдың алғашқы онкүндігінде қайта қалыпқа түседі дейді. Сарапшылардың пайымынша арқаны кеңге салуға болмайды. «Сайлау өтеді» деп межеленген уақыттан кейін де өмір бар.
Рублдің теңгеге қатысты бағамы әлсіреп жатыр. Биылғы қыркүйектен 25 желтоқсанға дейінгі жағдай / Ерлан Ибрагим ұсынған мәліметтер бойынша дайындалды
– Көрші елдің экономикалық және қаржы секторындағы жағдайын сайлауға дейінгі және сайлаудан кейінгі деп бөлуге тура келеді. 2018 жылдың бірінші жартысына дейін тұрақтылықты сақтап тұрған ресей рублі екінші жартысында 5-15 пайызға дейін арзандады, – дейді Ерлан Ибрагим.
Теңге бағамындағы тұрақтылықтың қаншаға созылатыны белгісіз
– Осы сценарий сақталса, теңге бағамы 2019 жылдың алғашқы жартысы ауғанша тұрақты болады. Содан кейінгі жағдайды Ұлттық банктің ұстанымы анықтайды. Бас банк интервенция жасаудан бас тартса, келер жылдың тамыз-қыркүйек айында 1 АҚШ доллары 500-700 теңгенің дәлізінде тербеліп тұруы мүмкін, – дейді Ерлан Ибрагим.
Сарапшы бізбен әңгімесінде теңгенің қазіргі жағдайына экономикалық факторлардың себеп емес екенін айтты.
– Ұлттық валютамыз мұнай бағасына тәуелді болатын. 2018 жылы мұнай бағасы өткен жылдармен салыстырғанда тұрақты болды. Бірақ, қыркүйек айынан дейін қымбат мұнай бағасы да теңгені тұрақтандыра алмады, – дейді ол.
Ерлан Ибрагим / Фото Айтжан Мурзановтікі
Ұлттық Банк баспасөз қызметі ұсынған деректер қыркүйек айындағы интервенция теңгенің тұрақтылығын желтоқсан айының ортасына дейін ұстап тұрғанын айтады. Бұған қоса 16 қазан күні төмендеп келе жатқан базалық пайыздық мөлшерлемені 9 пайыздан 9,25 пайызға көтеріп, теңгенің құнын 0,25 пайызға арттырды.
Желтоқсанның 19-нан кейінгі теңгенің әлсіреуіне АҚШ-тың Федералды жүйесі пайыздық мөлшерлемені көтеруі себеп болыпты.
Елімізді 2008-2009 жылдардағыдан да ауыр кезең күтіп тұруы мүмкін
Бұған мұнай бағасы мен сырттан келетін инвестицияларға тәуелділік себеп. Қытайдың шикізат секторынан бетін бері бұрғанына бірер жыл ғана болды.
Қытай зауыттарының экономикаға мультпликативті ықпалын өткен материалдарымыздың бірінде айттық.
Оқи отырыңыз:
Қытайдың қажеттілігін экономикамызды өркендетуге пайдаланатын кез келді
Бюджеттің инвесторы әлі де – Ұлттық қор мен Қытай жобалары. Осылай қала да береді. Ал, 2019 жылы сырттан келетін инвестициялар көлемі азайып, мұнай бағасы 50-55 АҚШ долларына дейін арзандайтыны айтылып жатыр.
Үкімет ұйқыдан ояна бастады ма? Үш жақты статистика үш жаққа тартып тұр
Ерлан Ибрагим оған сенеді.
– Жағдайымызды сыртқы рейтингтен бөліп қарауға болмайды. Сыртқы-ішкі жағдайды сараптап, үкіметтің назарына ұсынып отыратын тәуелсіз сараптамалық орталық керек. Осы уақытқа дейінгілер үкіметті шатастырып бітті, – дейді Ерлан Ибрагим.
Ерлан Ибрагимтің айтуынша, бұл құзірет Ұлттық Банктің, Үкімет және Статистикалық комитеттің жауапкершілігінде болған. Үкіметтің «алаңдауға негіз жоқ» деп алаңсыз келуінің себебі сол екен.
Бұл сырт көзге «қойшы көп болса, қой арам өледіге» көбірек ұқсайды.
– Инфляцияның деңгейі баға динамикасына әсер ететіні белгілі. Біздегі мәліметтер үш түрлі, – дейді Ерлан Ибрагим.
Ресми деректер арасында сәйкессіздіктер нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік бермей отыр.
Үкімет инфляцияны тұзақтай ала ма? Бұл халықтың табысына қалай әсер етпек?
– Үкіметтің экономикалық блогы «инфляция деңгейі бақылауда болады» деген ұстанымынан жаңылған емес. Тәуелсіз сарапшылар экономикалық өсімнің индикаторы 2019 жылы 2,6 пайыз болады деп күтіп отыр. 2017 жылы бұл көрсеткіш 3,5 болатын, – дейді Ерлан Ибрагим.
Сарапшылар үкіметтің бақылауының осы жерде керек екенін айтады. Сыртқы сауда балансындағы доллармен бағаланатын қымбат мұнай мен құнсызданған теңге арасындағы айырмашылықтың өзі жұмыс орындарын сақтап қалуға, шағын және орта бизнес арқылы ішкі нарықты инвестициялауға мүмкіндік береді.
– Үкіметтің көңіл бөлетін факторы осы болуы тиіс, – дейді Ерлан Ибрагим.
1998 жылы мұндай факторлар Аргентина мен Ресей экономикасында байқалған
Қазақстандық қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бюджет тапшылығы мен төлем балансы тапшылығының қатар келуі қауіп төндіретінін айтады. Мұның соңы девальвацияға немесе дефолтқа апарып соғуы мүмкін.
– Қазір Түркия бастан кешіп отыр бұл құбылысты, – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Қаржыгердің пайымдауынша, мұндай қауіпті Ұлттық Банк те, ұлттық экономика министрлігі көріп-сезіп отыр. Бірақ, мәселені терең талдаусыз шеше салуға тырысатыны сарапшыларды алаңдатады. Ұлттық экономика министрлігі кешеге дейін «инфляция тек теңгеге ғана әсері болады» деген ұстанымнан танбай келді.
– Үш ведомстваға тізе қосып қимылдайтын кез келді. Ішкі нарықтың жағдайына бәрі жауапты, – дейді Бейсенбек Зиябеков.
2019 жылғы экономикалық өсім 2,6 пайыз болады деген болжамды Үкімет 3,9 пайызға өсіріп жіберді
2019-2023 жылдары ішкі жалпы өнім 4,1 пайызға көбейіп, жан басына шаққандағы табыс 9,4 мың АҚШ долларына жететін көрінеді. Бұл жаңалық Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің осы жылы желтоқсан айында үкімет жиынындағы сөзінен белгілі болды. Министр Сүлейменов пен тәуелсіз сарапшылардың мұнай бағасына қатысты болжамы осы жолы алысқа кеткен жоқ.
Желтоқсан айының басында «бәрі жақсы болады» деп халықты ерте қуантып қойған Бақытжан Сағынтаев үкіметі жыл аяғында «азық-түлік бағасын қалай тұрақтандырамыз?» деген сауалға жауап іздеп жатыр.
«Біз бұл мәселені 1 айдан бері талқылап жатырмыз. Қырыққабат пен қант бағасының көтерілуін түсінуге болады. Азық-түліктің басқа түрлерінің бағасын қымбаттатудың жөні де, жолы да жоқ. Өздерің азық-түлік қорында бәрі жеткілікті деп айттыңдар. Ендеше, қияр мен қызанақтың бағасы неге қымбаттап кетті? Өтінемін, осы мәселені бақылауға алыңдаршы»
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың үкіметтің экономикалық блогына қарата айтқан уәжін осылай өтінішпен аяқтады.
Министр Сүлейменовтің айтуынша, азық-түлік бағасының өсуіне ЕАЭО нарығындағы өнімдердің қымбаттауы және өзіндік құн құрылымындағы шығын құжаттамасының артуы негізгі себеп.
Қант 23,4% пайыз өсті. Қазақстандық қанттың едәуір бөлігі импорт шикізатынан дайындалады. Ішкі нарықтағы бағасы Ресей нарығында қанттың қымбаттауына байланысты өсіп отыр.
«Доллар бағамының өсуі өнім түрлерінің қымбаттауына әсер етеді. Күнбағыс майы 8,6%. Ресей күнбағыс майының Түркияға экспортына бұрын 36% болған баж салығы алынып тасталды. Бұған қоса өнімнің түрік нарығына қайта бағдарлануына себеп болды. Соған байланысты баға сәл өсті», – деді Тимур Сүлейменов.
Қияр мен қызанақ бағасын тұрақтандыра алмаған үкіметтің жылу бағасына шамасы жете ме?
Бұл сұраққа үкімет әлі толық жауап берген жоқ. Мұндайда бізді құтқаруы тиіс отандық тауар бағасы неге шарықтап жатыр?
– Бағаның өсуіне делдалдар да ықпал етіп отыр. Алматының дүкендерінде 10 жұмыртқаның бағасы – 380 теңге. Ал 10 жұмыртқаның құс фабрикасынан шығатын негізгі бағасы – 180 теңге. Арадағы 200 теңге делдалдардың қалтасын томпитып жатыр. Үкімет оларға қарсы әрекет жасауы керек. Ол үшін зауыттан шыққан өнім бағасымен ғана сатылатын арнайы әлеуметтік азық-түлік сататын дүкендер желісін ашайық. Сонда арадағы делдалдар азаяды. Отандық зауыт-фабрикалардың өнімі нарыққа тікелей делдалдарсыз арзанға сатылады. Бұл халыққа да, кәсіпорындарға да тиімді, – дейді Ерлан Ибрагим.
Жаңа жыл басында көпшіліктің көңіл-күйі осы сауалдың шешіміне байланып тұр
Осы күнге дейін «алаңдамаңдар» деген үкімет 2019 жыл таяп қалғанда үнсіз қалды.
Есесіне сарапшылардың жауабы дайын.
– «Сайлау жақындап қалды» деген дақпырттан кейінгі үкіметтің бағдары 2019 жылдың алғашқы жартысына дейінгі уақытты қамтиды. Осы күнге дейін ешкімге дес бермей келген жылу, жарық және су бағасын Ұлттық қор, теңге бағамын Ұлттық банктің интервенциясы арқылы тұрақтандырып отыруы мүмкін. Екінші жарты жылдықта жағдайдың қандай болатынына кепілдік бере алмайды, – дейді Ерлан Ирагим.
Ерлан Ибрагим азық-түлік және коммунальды төлемдердің халықтың жанды жері екенін айтады.
Оны кейбір топтардың мүддесі үшін саяси ойынның құралына айналдыруға болмайды.
«Мұнай инесінде» отырған елімізді келер жылы не күтіп тұр?
Қазақстан экономикасы келесі жылы 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан да ауыр қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мұнай бағасы мен сырттан келетін инвестицияларға тәуелділігіміз туралы айттық. АҚШ-тың қаржы-несие саясатын күшейтуі дамушы елдердің экономикасына оңай тимеді. Бірінші кезекте Аргентина мен Түркияның ұлттық валютасы құлдыраудың әлемдік рекордын орнатты. Оның әсері теңгеге де сезілді.
– 2018 жылы теңге Ресей рублі мен Қытай юані бастап тұрған құлдырау тізіміне кіріп кетті. Экономикалық процестерді бақылау біздің еркімізден шығып кетті. Бағыт-бағдарымызды әлемдік рейтингке қарап үйлестіруден басқа амал жоқ, бізді дефольттен сол ғана сақтап қалады, – дейді Ерлан Ибрагим.
Дереккөз: https://informburo.kz