Мұнай бағасының төмен болуы Қазақстан ұлттық қауіпсіздігі үшін өте қолайлы

0

Әлемдік экономикада күнде бір жаңалық қылаң береді. Соның дені жағымды деп айтуға келмес. Әрине, біз үшін. Алпауыт елдер әртүрлі саясат пен әртүрлі ұстанымды бір-біріне қақпақылдап, «мүдделер қақтығысы» атты ойынды тоқтататын емес. Саясаттың ерекшелігі сол. «Ол жерде достық жоқ, мүдде бар» деген мазмұнға саятын аталы сөз де осындайда ойға оралады.

Әлемдік мұнай мен газда елеулі үлесі бар, халқы аз болғанымен табиғи ен байлыққа ие, тығыршықтай Катар атты ел бірнеше сағат бұрын ғана Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығып кетті. Осы тұрғыда белгілі экономист Қайырбек Арыстанбековке хабарласып, әлемдік сауда мен саясат тұрғысындағы көкейдегі көп сауалды қойған едік.

– Катардың ОПЕК-тен шығып кеткенін БАҚ атаулы жарыса жазып жатыр. Жалпы, осы жағдай, одан кейін әлемдік саяси сахнадағы болып жатқан факторлар күллі әлем тіршілігіне, оның ішінде Қазақстанға қандай әсерін тигізуі мүмкін?

Мұнай өндіру тұрғысынан ОПЕК-тің әлемдік экономикадағы үлес-салмағы 33-35 пайыз төңірегінде. Бұл – бір. Ұйым қатарындағы мұнайды ең көп өндіретін ел – Катар емес, Сауд Арабиясы. Соңғы кезде Сауд Арабиясының бүйрегі Вашингтоннан гөрі Мәскеуге тартыңқырап тұр. Мұны екі деп қойыңыз. Үшіншісі – 1991 жылы Кеңес Одағы тарап кетті ғой. Оның себебін қазір сан-сақтан іздеп, әртүрлі себептерді айтып жүрміз ғой. Ал шын мәнінде осы алып одақты тарқатқан – 1985 жылы Сауд Арабиясының мұнай министрі болып тұрған Закария Ямани. Олар АҚШ-пен бірігіп КСРО-ны құлатты. Қалай құлатты? Сол жылдары Сауд Арабиясы мұнай өндіруді 3,5 есе ұлғайтқан екен. Сондықтан мұнай бағасы үш жыл ішінде 6 есеге түсіп кеткен. Мұнай баррелінің бағасы 1 долларға түскенде КСРО мемлекеті төлем балансында 895 миллион доллар жоғалтып отырған. Міне, мәселе қайда жатыр! Сауд Арабиясы осы саясатты алты жыл бойы ұстап келген ғой. Алты жыл өткен соң 1991 жылы одақ жойылып кетті. Жалпы, экономикалық зерттеулер институтының дерегі бойынша соңғы 100 жыл көлемінде мұнай бағасы үш мәрте қатты шарықтапты. Оның алғашқысы – 1979-80 жылдар. Екіншісі – 2008 жыл. Үшіншісі – 2014 жыл. Неге бұл үш жылды ерекшелеп атап отырмыз, білесің бе?

– Жоқ, есіме түспей тұр.

1979-80 жылдары Кеңес Одағы Ауғанстанға басып кірді. 2008 жылы Ресей Грузиямен соғысты. Ал 2014 жылы не болды?

– Ресейдің Қырымды аннексиялау оқиғасы шығар…

 Иә, дәл өзі. Ресей де мұнай экспортынан түскен табыс мөлшерін арттыруға қатты мүдделі ғой. Бұлар мұнай бағасы көтеріліп, қазынаға көп қаржы түссе, қатты белсенділік танытып кетеді. Сөйтеді де қару-жарақты, әскерді қаржыландыра бастайды. Түрлі қаруларын сынағысы келеді. Сынау үшін бір мемлекетпен соғысу керек қой. Мінездері сондай. Кішкене қалтасына ақша бітсе атыс-шабыс мәселесін алға шығарады.

– Бұл айтып отырған мәселеңіз бен біздегі мұнай табысы және экономикалық фактордың қандай байланысы бар?

 Үкімет қит етсе болды «мұнайдың бағасы түсіп кетті, сол себепті жағдайымыз қиын деген» уәжді алға тарта береді. Мұның бәрі жалған. Қысқасы, мұнай бағасының төмен болуы – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі үшін өте қолайлы болып тұр. Егер мұнай бағасы төмен болса Мәскеу әскери саланы, қару-жарақты қаржыландыруын азайтады. Сосын көршілеріне тиісуін тоқтатады. Украинаның қандай жағдайда екенін көріп отырсыздар. Ендігі кезекте Беларусь пен Қазақстан тұруы әбден мүмкін ғой. Ал енді Катар мәселесіне оралайық. Ең көп газдың қоры Катарда екен. Олар Парсы шығанағы емес, Сирия арқылы Жерорта теңізіне тікелей шығатын болса Ресейдің «Газпром» компаниясы Еуропадағы нарығынан айырылып қалады. Ал Ресей Сирияда соғысып жатыр. Неге? Себебі, ресми Мәскеу Сирия жері арқылы өтетін газ құбырын салдырмау үшін жұмыс істеп жатыр. Егер Ресей әскері Сириядан кетіп қалып, әлгі газ құбыры салынып кететін болса «Газпром» Еуропадан түсетін экспорттық табыстың 30 пайызынан айырылып қалады. Сондықтан Катар Трамптың қолдауына сүйеніп, әрекет етіп отыр. Катардың ішкі жалпы өнімінің 73 пайызын үш ірі компания береді. Бәрібір Сауд Арабиясы мықты. Катарда мұнай мен газ соншалықты көп емес. Дегенмен баршылық.

– Әлемде мұнай бағасының жоғарылағанына қарамастан біздегі тауар, азық-түлік бағасы неге қымбат күйінде қала береді?

 2004-2007 жылдар аралығында мұнай бағасы 50 доллар шамасында болды ғой. Экономикалық өсім 9 пайыз болды. Қазір мұнай баррелінің бағасы 60-тан асты. Ал экономикалық өсім 3 пайызға құлдырап кетті. Демек Үкіметтің экономикалық саясатының сапасы күрт төмендеп кетті деген сөз. Сосын «голланд ауруы» деген бар. Үкімет соған қарсы тиісті күрес жүргізбей жатыр. «Голланд ауруы» дегеніміз – шикізатты, әсіресе мұнай мен газды сыртқа экспорттағанда экономикаға түрлі валюта келіп құйылады. Сөйтеді де нарықтағы баға жоғарылап, шикізат емес секторларды әлсірете бастайды. Яғни, мұнай мен шикізат саласындағы жетістіктер түрлі өнеркәсіптерді тұншықтырып, олардың ресурстарына қауіп төндіреді. Осылайша, Ұлы далада «голланд ауруы» тарап жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Еске салайық, ұйым 1960 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. 1970 жылдан бастап ОПЕК эмбарго орнату арқылы әлемдік мұнай бағасын көтере бастады. Қазір аталған ұйымға 15 ел кіреді. Олардың денін Таяу Шығыс және Африка елдері құрайды.

«The Qazaq Times»