Мұнай бағасы қанша болғанда Қазақстан экономикасына қауіп төнеді
БАҚ өкілдері үкімет мүшелерінен мұнай бағасы қандай шекке жеткенде ел экономикасы қиын жағдайда қалатынын сұрады
НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Мұнай бағасы 30 долларға дейін түскеннің өзінде ел экономикасына қауіп төніп тұрған жоқ. Дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
БАҚ өкілдері үкімет мүшелерінен мұнай бағасы қандай болғанда ел экономикасы қиын жағдайда қалатынын сұрады.
«Өткен жылдары мұнай бағасы 30 доллардан да төмен түскен еді. Сол кезде Қазақстан бюджеті мұны өте оңай және жылдам еңсерді. Дағдарысқа қарсы жоспар дер кезінде қабылданды», — деді Шолпанқұлов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ол қазір барлық тиісті есептеулер дайын екенін атап өтті. Үкімет бірінші тоқсанның қорытындысын күтіп отыр, ол наурыздың соңында дайын болады.
«Осы қорытындыларға сәйкес, тіпті, мұнай бағасы барреліне 30 доллар болса, бұл Қазақстан бюджеті үшін қатты қауіпті емес. Тиісті шаралар қолға алынады», — деп сендірді вице-министр.
Ал ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұнай бағасының 30 доллар болуы республикалық бюджетті нақтылауға негіз екенін айтты.
«Бюджетті пессимистік деп айтпас едім, өйткені баға төмендесе, ынталандырушы бағдарламалар іске қосылады. Олар жұмыспен қамтуды сақтауға, жергілікті жерлерде инфрақұрылымды жақсартуға бағытталады. Сондықтан мен бюджетті мөлшері жағынан да, мазмұны жағынан да пессимистік деп айтпаймын», — деді ол.
Тағы оқыңыз: Ақшаны қай валютада сақтау керек – министр қазақстандықтарға кеңес берді
10 наурыз таңертең мамырға арналған Brent фьючерс бағасы 6,67%-ке қымбаттады, яғни, баға барреліне 35,69 долларға дейін өсті. Арасында өсім 7%-ке жетті. Сәуірге арналған WTI маркалы фьючерс баррелі 32,37 долларға дейін қымбаттап, 3,85%-ке өсті.
sputniknews.kz