Home Жаңалықтар «Мүмкіндігінше, өмірден таза өткім келеді»: Бақытжан Бұхарбай мемлекеттік қызметке неге барғысы келмейтіні...

«Мүмкіндігінше, өмірден таза өткім келеді»: Бақытжан Бұхарбай мемлекеттік қызметке неге барғысы келмейтіні туралы – Қазақстан жаңалықтары

0
43

Белгілі отандық публицист, саясаттанушы, суретші, бірнеше кітаптың авторы Бақытжан Бұқарбай елімізді дамыту үшін әрбір азамат бірінші кезекте өзнен бастау керек дегенді алға тартады. «Алдымен өзімді тәрбиелеп алсам, соның өзі үлкен жетістік» дейді ол. Stan.kz тілшісі қоғам қайраткерімен тілдесіп, не себепті параға қатысты табандылық танытуымыз керек, неге қоғам құқықтары үшін күресуі тиіс және мемлекеттік қызметтен не үшін бас тартатынын білді.

–    Бақытжан мырза, ақпан айында Ұлттық Кеңестен шығатыныңызды мәлімдеген болатынсыз. Ұлттық кеңестен не үшін кеттіңіз?

–    Ол туралы жасаған бейнемәлімдемемде айтып кеткенмін. Одан кейін бірнеше сұхбат да бердім. Қайталап айтудың қажетін көріп тұрғаным жоқ. Айтпағым, қоғамға қызмет ету тек бір ұйымның не мекеменің шеңберінде ғана жүзеге асуы мүмкін деп ойлау қате. Қазаққа қызмет етемін деген адам бүгінде әлемнің кез-келген нүктесінен қызмет жасай алады. Мен ағартушылық бағыттағы жобаларымды ары қарай жалғастырып жатырмын. Егер халықтың сөзден гөрі әрекеті басым болса, онда жарқын болашаққа үміттенуге болады. Егер істен гөрі сөз басым көбірек болса, келешек те сондай болады.

–    Ұлттық Кеңестен басқа қызметтерге шақырып жатса, барасыз ба?

–    Бұған дейін бірнеше рет шақырған болатын. Кейбір облыстардың жастар саясатын басқаруға немесе Астанадағы кейбір акционерлік қоғамдардың төрағасының орынбасары болуға шақырды. Бас тарттым. Мемлекетке қызмет етуден тартынбаймын. Бірақ кейбір мәселелерге көзқарастарым бөлек: бюджет бар жерде коррупция болады. Осыны ашық түрде меңзеген ұсыныстар да болды: қызметің бойынша алатын айлық көп болмайды, бірақ жобаларға бөлінетін бюджет бар, содан да көресің дегендей. Мен мүмкіндігінше, өмірден таза өткім келеді. Сондықтан ондай нәрселерге ұрынғым келмейді.

–    Саясаттанушы ретінде карантиннен кейінгі елдің жағдайын қалай болжайсыз? 

–    Қазір бұрынғыдай күні-түні саяси жаңалықтарды бақылап, оларға талдау жасай бермеймін. Өйткені уақытымның біраз бөлігін баспагерлік істі дамытуға жұмсаудамын. Десе де, бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Егер бізде шынайы саяси реформалар болмаса, азаматтық қоғам қалыптаспаса, азаматтар реформаларды талап етпесе, онда болашақта оң өзгеріс болады деп үміттенбеу керек. Тарихтан төмен жақ азаматтық еркіндікті талап етпейінше, жоғары жақтан ешуақытта берілмейтінін білеміз. Бүгін біз еркімізді шектемейтін бейбіт жиындар туралы заңды, құқықтарымызды таптамайтын сайлау туралы және тағы басқа заңдарды қабылдауды талап етуіміз керек.

Біз отыз жыл бойы алдымен экономика, сосын саясат деп келдік. Нәтижесінде не экономика жоқ, не саясат жоқ. Шынайы саяси реформалар болмайынша экономикалық жағдайымыз оңалмайтыны анық. Осыны түсінетін кез келді.

– Бір жылдары қазақ тілін тегін үйрететін курс жүргіздіңіз. Бірақ сол BAS QOSU жобасымен қазір айналыспайсыз. Неліктен екен? Әлде мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмады ма?

– Ең алдымен бұған дейін ешбір жеке жобама мемлекеттен бір тиын қаражат алмағанымды атап өтейін. BAS QOSU жобасын 2014 жылы бастап, төрт жыл жүргіздік. Мыңнан астам адамға өз еркімізбен қазақ тілін тегін үйреттік. Сосын ары қарай жалғастырмаймыз деп шештік. Бұл туралы да ертеректегі сұхбаттарымда айтып өткен болатынмын.

Қазақ тіліне қатысты тәуір жобалардың барлығы жанашырлардың арқасында жасалып жатқан дүниелер. Қарнымыз тоқ болған жылдардың өзінде мемлекет тарапынан тілдерді дамыту үшін миллиардтаған қаражат жұмсалатын. Бірақ сондай бір керемет нәтижесі болмады. Ешкімге пайдасы жоқ жиындар мен конференцияларға кететін, ол жерде тілді былай да білетіндер қазақ тілінің қандай бай тіл екенін қайталап айтумен, сонымен тарасатын. Сондай бірнеше шараға қонақ ретінде шақырылған едім. Біздің жобамызға басқа қалалардан да қызығушылық туған болатын. Сол кезде мемлекеттен қаржы сұрағанымыз рас, өйткені кем дегенде жол шығынын ақтауымыз керек. Өкінішке қарай, ешқандай қолдау көрмедік.

Қазақ тілін дамытуға жалғыз грантты Душанбеде тәжіктердің алдында жоба қорғап, 2500 доллар алып келгенмін. Бізде нақты әрекет ететіндер қолдау көрмейді. Ел алдында жанашыр болып танылу оңай. Популистік ұрандар тастаса, онда аудитория сені қазақ тілінің жанашыры деп қабылдайды. Мәселен, тіл білмегендердің айлығын ертеңнен бастап екі есеге қысқарту керек десем, бұл көпшілікке жағады, бір сағат ішінде баршаға танымал боламын. Көп адам солай жасап, ұпай жинап жүр де. Бірақ бұл – қазақ тіліне еш пайдасы жоқ популизм. Тілді дамыту үшін жоба жасап, оны дамытып, тіл үйренгісі келетіндерге нақты көмек беру керек. Тілдің тартымдылының арттырып, заманауи контент жасау керек. Бұл оңай шаруа емес және ұзақ уақыт күш жұмсап, еңбек етуді талап етеді.

– Сіз қарапайым қазақтарға не ұсыныс айтар едіңіз?

–    Шынын айтсам, мен қазаққа ештеңе айтқым келмейді. Кейбір зиялысымақтардың сұхбатын қарап отырсаң, бәрі ұлтты тәрбиелегісі келеді. Мен ұлтты тәрбиелегім келмейді. Мен мұның не екенін де түсінбеймін. Қолынан түк келмейтін адамдар үлкен істерге ынтық болады екен. Алдымен өзімді тәрбиелеп алсам, соның өзі үлкен жетістік. Солардың сұхбатын оқып отырған кезде екі нәрсеге таңғаламын. Бірінші, бұлар неге ұлтты тәрбиелегісі келеді және неге алдымен өздерін тәрбиелеп алмайды? Екіншісі, біздің журналистер неге осы сұрақты қайта-қайта қоя береді? Әлем қарқынды дамып жатыр, бірақ бізде отыз жыл бойы қойылатын сұрақтар өзгермеді.

–    Өзіне біреуді кумир жасау арқылы жетістікке жетіп жататындар бар ғой. Оларды қайтпекпіз? Мәселен, сіздің «Бір жылда 100 кітап оқып үйрен» марафоныңызға сізді кумир көрген кісілер қатысып отырған жоқ па?

–    Мен біреуді кумир тұтқанды және біреудің мені кумир тұтқанын қаламаймын. Адамды үлгі тұтуға болады. Кейбір қырларына сүйсінуге болады. Менің үлгі тұтатын адамдарым бар. Бірақ бір адамды кумир қылып алуға болмайды. «Күміс кітабымды» шығарған жылдары менің қазіргідей атағым жоқ еді. Сол кездері аз да болса ара-арасында сыни пікір естілетін. Ал қазір танымалдылығым артты. Бірақ сын айтылмайтын болды. Өйткені бізде бір кісі танымал бола қалса, бәрі соның аузына қарап отырады. Ол рас айта ма, жоқ па, назар аудармайды. Оны өздеріне кумир жасап алады. Менен кумир жасауды емес, үлгі тұтқанын қалар едім. Қоғамның білімсіздігін мынадай белгілерге қарап білуге болады: бірінші, адамнан кумир жасағыш келеді. Екінші, бәрі бірдей, бір ауыздан болғанын қалайды. Біреу елден ерекше пікір айтса, ала көзбен қарайды. Қытайлар: «Можно всю жизнь проклинать темноту, а можно попытаться зажечь маленькую свечку» дейді.  «Қоғам білімсіз, адамдар қараңғы» деп жүре беру ‒ ең нәтижесіз позиция. Бізде басқа қоғам жоқ, еңбек етіп барымызды жақсартуымыз керек.

– Бақытжан мырза, карантинде қандай шаруалармен айналысып жатырсыз? 

– Карантин жұмысымызға қатты әсер еткені рас. Әрине, біз ғана зардап шекпедік, ел болып қиындығын көріп жатырмыз. Біздің баспагерлік жұмысымыз кішкене тоқтап қалды. Өйткені жаңа тапсырыстар ала алмадық. Қайта карантиннен бұрын тапсырыс алып қалған болатынбыз.

Сонымен қатар, карантин кезінде менде полиция қызметкерімен оқиға болды. Азық-түлік алуға шыққанымда тоқтатып, пара талап етті. Өзім пара беру немесе алу дегенге қарсымын. Мұндайға  келгенде табандылық танытамын. Сол үшін де бұл мәселенің түбіне бардым: полиция қызметкері пара сұрағаны үшін жұмыстан кетті.

Бұдан бөлек Абай атамызға арнап америкалық журналист Джордж Кеннанның күнделігі желісімен мақала жаздым. Ол «Сибирь и ссылка» деп аталатын еңбегінде 1885 жылы Абайдың қандай авторларды оқып жатқандығын жазып кеткен. Осыған сүйене отырып, бүгінгі оқырман нені үлгі тұтуы керек деген тақырыпта ой-толғамдарыммен бөлістім. Мақалам «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланды. Сондай-ақ, Ресей империясы кезінде жарық көрген газет-журналдардың желідегі скандарын ақтарып отырып, он тоғызыншы ғасырда қазақ даласына еуропалық ғалымның келіп-кеткені жайлы жазылған ақпаратты тауып алдым. Ары қарай іздене келе, ол кісінің еліне орала сала өз естеліктерін кітап қылып шығарғанын білдім. Сол естеліктердің бір тарауы қазақ даласына арналған. Егер карантин бітіп жатса, осы туралы мәселе көтеремін бе деп ойлаймын. Азды-көпті жасаған дүниелерім осы. Тыныш отыра алмаймын.

Сұхбат алған Анар ДӘУКЕН

stan.kz