Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арба арнайы әзірленетін болды

0
04 Желтоқсан 2018, 12:40 89 0

Астана, BAQ.KZ. «Асыл Бала» республикалық қауымдастығына қарайтын «Асыл Бала» және «Spina Bifida» қоғамдық қорлары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Абылқасымовамен кездесті.

Spina Bifida — бұл тағы бір аты жаман ауру. Қазақстанда 254 бүлдіршін осы дертке тумасынан шалдыққан. Балғындардың денсаулығын оңалту кезінде көптеген қиындықтар кездеседі. Оларды шешу жолдарын ұсынып, мүгедектер арбасына қатысты мәселені біржақты ету мақсатында, «Асыл Бала» республикалық қауымдастығына қарайтын «Асыл Бала» және «Spina Bifida» қоғамдық қорлары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымовамен кездесті.

Министрмен негізгі үш бағыт бойынша проблемалар талқыланды. Мәселен, жергілікті әкімдіктер бюждеттен ақша бөліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны сатып алады. Бұрын берілген арбалар, әсіресе, бүлдіршіндер үшін өте қолайсыз. Себебі, әр баланың салмағы, бойы және диагнозы әр түрлі.

Жұлын және омыртқа дамуында күрделі кемістігі бар балалар мемлекет тарапынан беріліп жүрген арбаларды пайдаланса, ауруы одан сайын асқынады: омыртқасы қисайып, денесінде ойықтар пайда болады. Сондықтан, арбаны баланың ерекшеліктеріне сәйкес, индивидуалды түрде дайындау өте маңызды.

Ол үшін, әр ата-ана мемлекет қаржысынан өз баласына арбаға тапсырыс бере алатындай, монетизация жүйесін ойластыру қажет. Өкінішке қарай, мұндай арбаларды тек шетелде дайындайды.

Мәдина Әбілқасымова айтылған мәселелерді мұқият тыңдап, «Асыл Бала» республикалық қауымдастығы өкілдерінің өтінішін қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, арбаға қатысты мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданды.

Бұдан басқа, «Асыл Бала» және «Spina Bifida» қоғамдық қорлары мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері бірігіп, «Атамекен» ҚР ҰКП-ға елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арба дайындайтын зауыт ашуға қатысты өтінім жасайтынын мәлімдеді.

Сіз де осы жағдайға қатысты проблеманы көтергіңіз келсе, хабарласыңыздар. Хаттарыңызды director.asylbala@gmail.com поштасына жіберіңіздер.

Айта кетейік, «Асыл бала» қоғамдық қоры қайырымдылық мақсатында «Ғұмыр үшін», «Білім жолы» интеллектуалды марафоны», «Күн әлемі» оңалту орталығы» және «Балалар – біздің болашағымыз» жобалары аясында, қайырымдылық мақсатында обыр ауруына шалдыққан бүлдіршіндерге, Даун синдромына душар болған бөбектерге және зағип балаларды емдеуге атсалысады. Сондай-ақ, «UMC» КҚ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының төрт онкология бөлімшесіне қаржылай-материалдық көмек көрсетеді, білімдерін ерекше дамытуды қажет ететін дарынды балаларды оқыту мен олардың жан-жақты дамуына бағытталған жобаларға қаржылай қолдап келеді.

Одан өзге, «Асыл бала» қоғамдық қоры обырға шалдығып, еліміздің әр аймағынан Астана қаласына емделуге келген балалар мен олардың ата-анасын өз қарауындағы пансионатқа тегін жайғастырады және автокөлікпен қамтиды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ