«Мүмкін емес!». Шетелдіктер Димаштың өнеріне қалай таңғалды — видео

0

Әйгілі әнші Лара Фабианның өзі қазақ баласының өнеріне тәнті болып, кездесуге ниет білдірген-ді

АСТАНА, 30 желтоқсан — Sputnik. TC Candler тәуелсіз сұлулық сарапшылары 2018 жылы сымбатымен көзге түскен 100 адамның тізімін жасады. Көрермен көзайымына айналғандардың бұл тізімінде қазақстандық Димаш Құдайберген де бар. 

2018 жылы сымбаттылар рейтінгінде Леонардо ДиКаприо көш бастаса, Лионель Месси — 98, Крис Эванс 94 орында. Ал қазақстандық жұлдыз бұл тізімде 90-орынға жайғасты.

Димаш Құдайберген әлем халқын сымбатымен ғана емес, таңдай қақтырар дауысымен таң-тамаша етіп жүргені сөзсіз. Әсіресе, Қытайдағы «I am singer» жобасына қатысқалы шетелде танымалдылығы артып, әлемнің түкпір-түкпірінде тыңдармандары пайда болды. Қазақ баласының талантына тамсана қарағандар оның өнерін қандай көңіл-күймен тамашалағандарын видеоға түсіріп, youtube желісінде жарыса жариялап жатыр.

Әншінің өнеріне тамсана қарағандар ішінде тыңдармандары ғана емес, әріптестері де бар. Оны жоғарыдағы видеодан байқауға болады. Димаш «I am singer» жобасының екінші шығарылымында Витас айтып жүрген «Опера-2» әнін орындаған-ды. Залда отырған көрермен қол шапалақтап, орнынан тұрып кетті. Ал өз кезегін күтіп отырған жұлдыздар «О, Құдайым-ай» деп бастарын шайқап, тікелей мағынасында ауыздарын ашып тыңдады. Арасында әншілердің бірі әнді Димаш секілді орындап көргісі келгенімен, нотаға түсе алмай қиналады.

Осыдан кейін Димашқа әлемдік танымал жұлдыздар қызыға қарап, болашақта онымен бірге дуэт орындағысы келетінін айтып жатты. Ал Витастың продюсері өз кезегінде Димашқа бұл әнді орындауға тыйым салатынын жеткізді. Кейін қазақстандық жұлдыздың тыңдармандары әлеуметтік желі арқылы Витасқа «шабуыл» жасай бастады. Витастың өзі бұл продюсердің ғана шешімі екенін айтып ақталды.

Димаштың алғашқы бейнебаянын әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандары асыға күтті. Бірінші болып бұл туындыны қалай тамашалағанын танымал украиналық блогер Ари Ран бөлісті.

«Димаштың бейнебаянда камераға тіке қараған сәті жүрегімді қарып өтті. Құдайым-ай, бұл енді Димаш қой! Оның видеоларын көрмегелі көп болды. Қолын камераға қарай созатын жерлері керемет. Ғаламнан ғайып болып кеткің келеді. Күртесі өзін жұлдызды аспанның бір бөлігі етіп көрсетіп отыр. Мұны күтпедім. Димаш бізге кіндігін көрсетті. Құдай-ай», — дейді Ари Ран оның бейнебаянын тамашалап отырып.

Жуырда Димаш ресейлік танымал арналардың біріндегі «Не? Қайда? Қашан?» атты телеойынының арасындағы үзілісте Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен «Шаршаған аққулардың махаббаты» атты композицияны орындады. Алғаш рет бұл туындыны канадалық әнші Лара Фабиан шырқаған болатын.

Youtube желісінде Shake the World with Kpop каналын жүргізетін блогер аталған әнді қалай тыңдағанын видеоға түсірген екен. Ол арасында басын қолымен ұстап, енді бірде шайқап отырып тыңдады. «Құдай-ай» деп Димаштың дауысы мен сымбатына ерекше тәнті болғанын жасырмады. Шетелдік тыңдарманы оған ессіз ғашық болған сияқты. 

«Димаштан кейін құдды өзімізді еттурағыштан өткізіп тастағандай күй кешеміз. Себебі бір әнді тыңдап отырып көптеген сезімді бастан кешіреміз. Соңында ғана ес жиып жатамыз», — деді тыңдармандарының бірі.

Димаштың өнеріне таңдай қаққандар қатарында британиялық әнші әрі әндер авторы Джессика Эллен Корниш те бар. Жұлдыз Димаштың ән айтқан сәтін тамашалап тұрып, кенет құлағындағы құлаққапты алып тастап тыңдайды. Жанындағылар да құлаққаптарын шешіп, таңданғаннан бастарын шайқайды. Кейін қазақстандық талантты мақтап, дауысының керемет екенін айтады.

Жұлдыздың тыңдармандарының арасында жігіт қауымы да жетерлік. Youtube желісінде Brother каналын жүргізетін блогерлердің бірі Димаштың орындауындағы «Адажио» әнін естігенде орындықтан құласа, екінші «Міне еркек!» деп басын шайқап жатты. Тыңдап отырып «Дәл бұлай ән шырқау мүмкін емес» деді олар.

Десе де бұл жігіттер бірінші кезекте өздерінің актерлік шеберлігін көбірек көрсеткісі келген сыңайлы. Видеодан жасандылықтың көп екені байқалады.

Әнді соңына дейін тыңдаған танымал видео-блогерлер Ak and Indy көздеріне жас алды.

«Димаш бір уақытта ер адамға да, әйел адамға да тән дауыспен ән шырқай алады. Оның бір дауыстан екінші дауысқа өткен сәтін сөзбен сипаттау мүмкін емес. Тіпті, ән шырқалып жатқан кезде байқалмайды. Pop opera, rock opera жанрларында ән салған кезде жүрегіңді тебірентпей қоймайды», — дейді әншінің шетелдік тыңдармандарының бірі.

Youtube желісінен осыған ұқсас жүздеген видео көруге болады. Шетелдіктер қазақ баласының тұрақты тыңдармандары болмаса да, талантына бас иетінін айтады. Тіпті, әлемге әйгілі Лара Фабианның өзі желіде Димаштың өнеріне тәнті болғанын жазып, онымен кездескісі келетінін айтқан-ды.

Ал сізге Димаштың орындауындағы қай әнін ерекше әсер қалдырды?


Дереккөз: https://sputniknews.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз