Мұхтар Жәкішев жылына 600 млн доллар табыс табуға болатын бизнес көзін айтты

0

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев Қазақстанның жылына 600 млн доллар табыс табатын және ешкімнің меншігіне айналмайтын бизнес туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты orda.kz порталына сілтеме жасап.

Ол пайымдауларымен Алматыда өткен Шаңырақ бизнес-форумында бөлісті. Ол өз сөзінде Қазақстанда биткоиннің экспорттық түсімінен еш табыс жоқ екеніне таңқалды.

«Жақында жасырын майнинг фермалардың көптеген техникасы анықталғаны туралы жаңалық болды. Менің ойымша: үкімет оны аукционда сатудан әрі ойлай алмайды. Осы ретте неге деген заңды сұрақ туындайды. Бұл жабдықты біреу пайда қылам деп сатып алды ғой. Мүмкін оңтайлы жолды таңдап, квазимемлекеттік компания құру қажет шығар» деді ол.

Оның айтуынша, квазимемлекеттік компаниялар екіұшты беделге ие болғанымен, биткоин жағдайында олардың жұмысы мүлдем ашық болады. Себебі криптовалютаны ұрлау мүмкін емес.

«Біз техниканы жеткізіп, осы құрылғылардың барлығын іске қосамыз, қазынадан арнайы шот ашамыз да майнингтен түскен пайда тікелей ел бюджетіне түсіп отырады. Ешбір дәрежелі ағамыз бұл қоржынға қол сұға алмайды. Бұл мүмкін емес: мұнда электр энергиясы болса, онда биткоин. Жарты жолдан қосылып, ешкім ақшаға ауыз сала алмайды» деп сендірді Жәкішев.

Сондай-ақ, ол Қазақстан тәркілеген техниканың өзі жылына шамамен 600 млн АҚШ доллары көлемінде пайда таба алатынын еске салды.

Еске салсақ, 2010 жылы Қазатомөнеркәсіп ҰАК-ның экс-басшысы Мұхтар Жәкішев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен 14 жылға сотталған. Ол 2020 жылдың наурыз айында Семей қаласының №2 соты оны мерзімінен бұрын босату туралы өтінішімен шартты түрде босатқан.