Мұхтар МАҒАУИН: Жұмекен Нәжімеденов (естелік)

0

Мен Жұмекенді алғаш рет 1958 жылы көрдім. Қара күз еді. Әбіш екеуміз және бірге оқитын төрт-бес бала Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайын қызықтап барғанбыз. Коммунистік (қазір Абылай хан) даңғылының  Совет (қазір Қазыбек би) көшесімен қиылысынан төмен, сол қанаттағы Дом политпросвета – Саяси-ағарту үйі аталатын ғимаратта өтіп жатыр екен. Біз университеттің екінші курсында оқимыз. Әбіштің алғашқы өлең-мақалалары баспасөзде көріне бастаған. Менің барым әзірге өз ортамыздан аспай жатыр. Басқа балалар да қаражаяу емес. Бәріміздің де талабымыз зор, кеудеміз жоғары. Қаламгерлер құрылтайы – жай ғана қызғылықты оқиға емес, ғибратты дәріс сияқты шашырай тарап, арт жақтан, көлденең бүйірден орын алдық. Бұрнада шығармаларын оқыған, көбінің жүздері де таныс ақсақал, қарасақал жазушыларға өзіміздің жақын аға, аталарымыз сияқты тамашалай қараймыз.

Құрылтайдағы баяндамалар мен жарыссөздер өз алдына бір мереке. Екінші күні ғой деймін, әлдебір үзілісте орнымыздан тұрған соң, Әбіш маған айтты: «Анау, бізден екі-үш қатар алда отырған – Жұмекен Нәжімеденов деген жігіт, «Лениншіл жастан» өлеңдерін оқыдым, үлкен ақын болғалы тұр, барып танысайық», – деді. Кім болса да, тіленіп танысуға зауқым жоқ еді, «Мен ақын емеспін, өзің бар, осы арада күте тұрам», – дедім де, сол орныма отыра кеттім. Бұл кезде ғимарат ішінде, әр жерде санаулы ғана кісі қалған екен, Әбіш ілгері озып, шеткеріге жақын, орындыққа көміліп отырған кісісіне барып амандасты. Содан соң, еңкейіп тұрған қалпында әлденендей әңгіме бастаған. Әлбетте, мына жігіттің өлеңдерін оқығаны, қатты ұнатқаны туралы. Бір минут өтті, үш, бес минут. Мен табиғатымда шыдамсыз адаммын, бәлкім, бір жарым, екі-ақ минут. Қайткенде артық, орынсыз бөгеліс.

Орнымнан тұрып, екеуінің қатарына жеттім. Әбіш назар аударған жас ақын өзіміз құралпы, асса төрт-бес жас қана үлкен, қоңыр өңді, қалың қара шашты, жұпыны жігіт екен. Үстінде сұрғылт пальтосы бар, мойнында қоңырқай тоқыма шарф, онысын айналдыра орап алыпты, иегінен асып, аузын жапқан, тұмсығы әрең көрінеді. Байқауымша, Әбішке онша түсіп тұрған жоқ, тек құлағына жеткен жағымды сөзге бола амалсыз тыңдап отырған сияқты. Мен азғана бөгелдім де: «Әбіш, жүр, кеттік»», – дедім. Жас ақынымыз менің дік шыққан даусымды ұнатпай қалған сияқты, сүзе қарады. Бұл екі ортада Әбіш те қайтадан қол алысып, кері бұрылып еді. «Неге соншама жік-жапар болдың, сөйлескісі келіп те тұрған жоқ», – дегем. «Салқын тиіп ауырыңқырап отыр екен… – деді Әбіш. – Жақсы ақын. Әлі суырылып шығады» – деді менің сөзімді салмақ көрмей. Кейін Жұмекенмен қалай танысқанын басқаша айтыпты. Тәрізі, ұмытып қалды, анығы, нақтысы – осы.

Бұдан соңғы заманда екеуі қалай жалғасты, қалай ұғысып жақындасты, білмеймін, алайда Жұмекеннің аты есімде қалыпты, газет-журналдан ұшыратқан жағдайда қалдырмай оқып жүрдім. Шынында да, Әбіш айтқандай, жақсы қалыптасып келеді екен. Біз университетті бітіргеміз, мен аспирантурада жүрмін, Әбіш «Қазақ әдебиеті» газетінде. 1963 жыл. Жазғы шағын тыныстан соң ауылдан келіп едім, Әбіш сонау Маңғыстаудан кәрі шешесін көшіріп алыпты. Алматының түстік беті, тау баурайындағы «Горный гигант» аймағынан пәтер жалдапты. Телефондап, жөн-жобасын өзінен ести салысымен үлкен кісіге сәлем бере барған едім. Жұмекен осында жүр екен. Мен сияқты сәлемші емес, осы үйге бұрнадан етене сияқты. Мен шешемізге құрмет білдірдім. Әбіш мән-жайымды айтқан. Жұмекенге де таныстырды.

Күн еңкейіп қалған кез еді. Шайға отырдық. Әңгімеміз онша өрістеп кетпеді. Мен ғана сөйлесем керек. Тәрізі, Маңғыстау жайын сұрап, өз ауылымның жағдайын айтып. Кәкір-шүкір әңгіме. Нақты есімде жоқ. Әбіш жымия күліп, ара-тұра жауаптасып отырды. Шешеміз үнсіз. Жұмекен сөзге араласпады. Ақыры шайдың аяғы жиналып бітпестен Әбіш орнынан тұрып, анасын асықтырған. Әлде қыз, әлде ұл, осындағы бір-екі баламен мәдениет үйіне кеткен. Қызықты ойын немесе концерт. Мені де шақырып еді, ермедім. Жұмекен екеуміз қалдық. Есік алдында ошақ көтеріліп, қазан асылған. Жұмекен астына от салып, еттің көбігін алып, күйбеңдеп жүр. Осы үйдің бір баласы сияқты. Менімен сөйлесуге құмарлығы байқалмаған. Мен азғана бөгеліп барып, есен-сау айтып, автобус аялдамасына беттедім. Әбіш менен гөрі жақынырақ, етене дос тапқан екен.

Көп ұзамай Жұмекенді тағы да көріппін. Әбіш екеуміз бірге жүргенбіз, әлдебір шаруамен Жұмекеннің үйіне кіріп шықпақ. Ол кездегі жағдай белгілі ғой, жалдамалы, қаракөлеңке, жұпыны там. Екі бөлме сияқты. Жұмекен ашық жүзбен қарсылады. Әбіш өзінің шаруасын айтып жатыр. Мен бөтен үйге барған қашанғы әдетімше кітап сөрелерін іздеген едім, көрнекі ештеңе жоқ, бір жақ бұрышта тізеге жете, екі қатар болып қалаулы тұрған кітаптардың шырайы онша көрінбеді. Мендегідей том-том емес, жекелеген басылымдар, түгелдей қазақша сияқты және көбісінің бітімі шағын, өлең жинақтары тәрізді. Жұмекеннің келіншегі үзіліп тұрған әдемі екен, Әбішке шай жөнін айтып еді, уақыт тығыз, қарайламадық.

Арада тағы екі жыл өтсін. 1965. Мен Қазақ хандығы дәуірінде жасаған ақын, жыраулар туралы соқталы еңбегімді жазып бітіргем. Осы уақытқа дейін дайын тұрған жекелеген тарауларын ешқандай баспасөзге ұсынбап едім (тек Шалкиіз жырау туралы тиянақты зерттеуім ғана «Тіл және әдебиет мәселелері» аталатын аспиранттар жинағына шығып жатыр.) Жырмыштамай, ақырына дейін шыдағаным – қаншама жаңалығы бар, түбіне жетпей тұрып, басы мен ортасынан қозғасам тынышым кетер дегем. Есеп дұрыс еді. Әйткенмен әжептәуір кешіккен тәріздімін. Бұл екі ортада Әбіш «Лениншіл жастан» кетіп қалған, уақытында қозғасам ешқандай қиындықсыз жолым ашылар еді. Енді тыпырлау керек.

Маусым, шілдеде әр тарапқа барлау жасай бастадым. Әуелгі бір кезекте – «Лениншіл жасқа». Мұнда Әбіштен соң Жұмекен отырған. Баяғы «Горный гиганттан» кейін тағы да екі-үш рет көріссек керек, жақын болмаса да, жүзтаныс, арнап барып едім. Сыпайылап отырып, бірақ нақтыламай, әдебиет тарихында аты-жөні де, шығармалары да мүлде ұмытылған ұлы жыраулар болғанын, мен соларды тауып, зерттеп, үлкен еңбек жазып шыққанымды, егер Жұмекен хош көрсе, бір, әлде бірнеше мақала ұсынбағымды айттым. Жұмекен салқын тыңдады. «Әкел, мүмкіндігіне қарай көрелік» деген. Ал мен өзімнің қымбат дерек, тың толғамдарымды тек сөзсіз басылатын жағдайда ғана ұсынар едім. Әйтпесе орта жолдан қолды болуы, ең ақыры басылмай-ақ жарияға жетуі ықтимал. Университетте, қазақ әдебиеті кафедрасындағы бір ақсақал аспиранттық жылдық есеп кезіндегі біраз мағлұматымды тазалай иеленіп кеткен ащы тәжірибе бар.

Оның үстіне бұл кезде «Қазақ әдебиеті» газетіне назарым ауып тұрған. Мұнда бас редактордың орынбасары Нығмет Ғабдуллиннің алдынан өткем. Сын бөлімін басқарып отырған Әбіраш Жәмішев дейтін саяси қырағы, шалағай сыншы он алты беттік үлкен мақаламды қабылдап алған сияқты еді. Газеттің бас редакторы Қапан Сатыбалдин еңбек демалысында, кім біледі, не қылады, осы екі аралықта өтіп кетсем ғажайып болар еді. Ақыры Әбіраш Жәмішев үшкіл иегі көтеріле, еріндері әрең ашылып, тиесілі мақаланы жоғарыға өткізгенін мәлімдеді. Егер Ғабдуллин ұнатса, газеттің келесі, әлде арғы санында. Менің тағдырым қолында тұрған Нықаңа қайыра бармадым. Өткенде бәрін айтқам… Үміт – сенімге айналды, әйткенмен көңіл күпті. Ақыры… «Қазақ әдебиетінің» кезекті саны, келесі жұма – 1965 жыл 6 август күні… ақ түйенің қарны жарылды, атаулы мақала газеттің екінші бетінің тұтас етегін алып, жарқырап шығып еді: «Әдебиетіміздің тарихы жөнінде бірер сөз». Бұл бірер сөздің астында қазақ халқының төрт ғасырлық ұлы поэзиясының түйінді мәйегі байыпталған: Қазтуған жырау, Шалкиіз жырау, Доспамбет жырау… Марғасқа, Жиембет… – ежелгі ұлы әдебиеттің толымды нұсқасы. Рас, мен ұсынған дәйекті мақаланы ғұзырлы сын бөлімі екі есе қысқартыпты, алайда бұдан іс мәнісі өзгермейтін. Шынында да, Нығмет Ғабдуллиннің жебелеуімен жарыққа жеткен осы әуелгі мақала Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлы әдебиетімізді толығымен айғақтап қана қойған жоқ, болашаққа да жол ашты.

Осының алдында ғана Асан Қайғы туралы тараудың бас-аяғын түйіндеп, «Білім және еңбек» журналы, сырттай жақсы атағын естіген Бүркіт Ысқақовқа барғам. «Жауабы бір аптадан соң» деп еді. Сол бір апта өтті. Асылзат, қайтпас ұлтшыл Бүркіт аға «Қазақ әдебиетіндегі» зерттеу еңбегімді оқыған екен, енді алты-жеті беттік тиянақты мақаланың да мән-мағынасын толық аңдаған сияқты, маған ежелгі танысы, ең жақын інісіндей жайсаң көңілмен қарап, журналдың тақаудағы санына беретінін айтты. Көңілім өсіп, жоғарғы, үшінші қабаттан түсіп келе жатыр едім, кең дәлізде Жұмекенмен бетпе-бет ұшырастым. Бұл кезде «Білім және еңбек» пен «Лениншіл жас», бәлкім, тағы бір шағын редакциялар қазіргі Абылай хан мен Гоголь көшелерінің оң жақ жоғарғы бұрышы, кейінде «Атамұра» корпорациясына бұйырған келісті ғимаратта орналасқан еді. Жұмекен маған бұрын болмаған туыстық, түсіністік жылы шыраймен қарап: «Әй, Мұхтар, сен маған айтқан мақалаңды «Қазақ әдебиетіне» беріп қойыпсың ғой», – деді азғана кейіспен. «Жұмекен, – дедім. – Мен анада айтқанымдай, ежелгі қазақ поэзиясы туралы тұтас бір монография жаздым, ал «Қазақ әдебиетіне» бергенім – сол үш жүз беттің небәрі он шақты беті ғана. Екі жүз тоқсан беті сол қалпында тұнып тұр». Жұмекен менің қолымды алды. «Қашан әкелесің?» «Бүгін «Білім және еңбекке» бардым. Саған ертең әкелейін».

Үйге жете сала мәшіңкеге отырып, дайын тұрған диссертациядан аса мәнді бір тақырыпты тиісінше ыңғайлап, түгел көшіріп алдым. Небәрі бес-алты-ақ бет, алайда тұтас бес ғасырдың жүгін көтерген елеулі бір толғам. Ертеңіне Жұмекеннің қолына табыстаған едім. Арада екі күн өтіп, үшінші күні, 15 август 1965 – бір қарібі өзгермей, сол қалпында басылып шықты – «Қазтуған жырау». Келесі кездесуде Жұмекенмен құшақтасып табыстық. «Ғажап екен!» – деген. Әлде мақала, әлде Қазтуғанның сол мақала ішіндегі үзік мәтіндері. Анығында, шағын болса да, тастүйін, біртұтас, өзгеше зерттеу еңбек. «Келесі мақалаға қалайсың?» – деп едім, Жұмекен жадырай күлді. «Әкеле бер. Тек он шақты күн оздырайық». Айтқанындай, көп ұзатпай екінші мақаламды апардым. «Доспамбет жырау». Бөгеліссіз, төрт-бес күн ішінде жарыққа жетті – 4 сентябрь 1965.

Мен көкірегім кеңіп, табаным тиянақталып, өзгеше бір қуат тапқан едім. Осы жөпелдеме, айналасы бір айға жетпей жарыққа шыққан үш мақаладан соң, Қазақ хандығы дәуіріндегі ежелгі әдебиеттің негізгі тұрғылары айқындалған. Және мен үшін қаншама заман жабық болып келген, баспасөз аталатын тылсым қақпадан біржола өттім, алда даңқты, абыройлы сара жол тұр деп білдім. Осы реттегі Жұмекеннің еңбегі де айрықша көрінді. Бар пейілімді өзіне нақты білдірмесем де, Әбішке ашық айтқан едім. Шынында да, қазақта аталы бір сөз бар ғой: «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді, Қара қайыста тиген таяқтың табы кетпейді» деген. Бүгінгі биігімнен таразылағанның өзінде, осы екі мақала – «Қазтуған жырау» мен «Доспамбет жырау» – менің өмірімдегі және әдебиет тарихындағы мән-маңызы тұрғысынан алғанда әрқайсысы кейінгі бір-бір романға татитын еді, бәлкім, арғы-бергіні салмақтай келгенде артыққа шығуы да мүмкін. Ешқашан ұмытылмас игілік.

Әлбетте, газет, журнал болар, баспа не басқасы болар, кейін өзіміз де шешуші қызметтерде отырдық. Алдыңнан үлкенді-кішілі ондаған мақала, әңгіме, роман, повесть – тұтас кітаптар өтіп жатады, бір емес, әлденеше жылда қаншама мәрте. Кейбірі өз екпінімен, кейбірі сенің нақты, тікелей қолдауың арқасында. Осындай жүздеген еңбекке демесін болып, кемі бір жүз, екі жүз жас талапкерге жол ашқан сияқтымыз. Бірақ ешкімді өзіме борыштар санаған емеспін. Бәрі де сенің қызмет орайыңда, міндетті шаруаң. Алайда менің өзіме тікелей қатысты жағдаяттарда ой-толғамым мүлде басқаша болғанын көп кейін, тіпті жетпістен асып, шалғайға кеткен кезімде ғана толық аңдаған екем. Басқаның да әдепкі міндеті адамдық, әдебиетшілік оң пиғылы дегенмен, мына сенің өзің мейлінше қарыздар сияқтысың. Солай байыптап, солай түйсініппін. Әрине, жолымды ашқан, демесін жасаған, сүйесін болған үлкен ағаларымның орны бөлек. Осыған, керісінше, алғашқы бір әңгімемнің жарияға шығуына жәрдем жасаған Қадыр Мырзалиевтің еңбегін соншама жоғары бағалап, қарымтасына тура қырық жыл бойы риясыз қызмет жасауым – мәрттік пе, қырттық па – бүгінде нақты айта алмас едім. Ақыры немен тынғаны көпке мағлұм. Есенберлинді орынсыз ғайбаттан арашаламақ мақаламыздан соң, өзіміз де кәпір болып шықтық. Менің Жұмекенге қатысты дәп осы тұрғыдағы көңіл ауанымның нәтижесі сәл басқашарақ, алайда үйлес негізде қалыптасты.

«Лениншіл жастағы» қосар мақаладан соң, көп ұзамай-ақ мен әлдебір телехабар аясында ежелгі жыраулар туралы толғана сөйлеп едім, қиядан көзі шалған Ғабит аға Мүсірепов мейлінше риза болып, мені іздетіп тауып, «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналастырды. Яғни менің бүткіл болашағымды айқындайтын сара жолға бағыттаған. Беделді әдеби басылымда сын бөлімінің меңгерушісі болып отырмын. Яғни ағымдағы әдебиет сарапшысы. Әлбетте, бұл кезде Жұмекен біршама танымал ақын. Қазақ поэзиясы туралы сөз болса, атаусыз қалмайды. Оның үстіне ежелгі мұрадан еңбек қорғау машақатында жүрсем де, тиесілі қызметімді ақтау үшін ара-тұра әдеби сынға араласып тұрам. Екі ретте де Жұмекен алғы кезекте. Менің көтермем емес, әділ таразысы да осы. Жұмекенмен сыйластығымыз да жаңа бір деңгейге көшкен. Қазақтың жақындығының әдепкі көрсеткіші дастархан ғой. Газетке келгеннен соң, өткен күзде Әбіш екеуін келіншектерімен бірге, есімде жоқ, жақындас тағы бір-екі жігітпен қонаққа шақырғам. Пәтер үйіміз тәп-тәуір еді, дастарханымыз да мол болды. Көп ұзамай, қыс түсе екінші қайыра жиналдық. Жаңа жылдан соң Жұмекен Жазушылар одағына ауысқан. Енді күн сайын болмаса да, апта аралатпай кездесіп қаламыз. Өзара ықыласымыз айрықша сияқты. Ең жақын, санаулы достарымның есебінде.

Міне, өстіп қамсыз жүргенде, кездейсоқ деңіз, ақымақшылық деңіз, төтенше бір оқиға болған. Жұмекенмен арадағы жай ғана қырбайлық емес, оның өмірінің ақырына дейін созылған, он сегіз жылдық, бітіспес араздықтың басы. Шындығында, әуелгі кінәрат менен екен, бірақ түптеп келгенде, Жұмекеннің жұрт білмейтін, кешірімсіз, қатқыл мінезінің нәтижесі.

1965 жылдың соңы, әлде 1966 жылдың алғашқы айларының бірі. Баспаханаға газеттің жаңа санына кезекші ретінде барғам. Менімен бірге әлде Қабдеш, әлде басқа бір жігітіміз. Ол кездегі «Қазақ әдебиеті» – кесімі үлкен, етектей төрт бет. Мырышқа құйған қалыбынан әрқайсы жекелей келеді. Тәртіп бойынша корректорлар екі қайтара оқып қойған екен. Енді біз. Алайда ешбір бет толық емес. Кейбірінің тақырыбы кемшін, кейде тұтас бір мақаланың орны ашық. Менің қолыма дайынға жақын екінші бет тиіп еді. Қызметтес серігім басқа бір бетті қарап жатыр. Содан соң алмасуымыз керек. Сөйтіп, төрт парақ түгелденеді. Ақырында тиесілі түзетулерімізді пысықтап, бастан-аяқ қайта қараймыз. Міне, жаңа бастадық. Газеттің екінші беті әдетте көркем проза мен поэзияға арналады. Осы өлең сөзге түстім. Оң жақ екі қатар тұтас, басынан аяғына дейін тұнып тұр. Ең басында Мұқағали Мақатаевтың есім-сойы жазылған. Бір өлең, екі өлең… орталық бүктемеге дейін шағын көлемді жеті-сегіз өлең. Түгел тамаша. Мұқағалиды алғаш оқуым, сырлы, сазды, ойшыл ақын екен. Одан әрі… сапасы түсіңкіреп кеткен сияқты. Қайткенде әуелгідей көрінбеді. «Апыр-ай, – дедім қасымдағы серігіме. – Мұқағали жақсы бастап, аяғын божыратып алған екен. Тым құрыса кейінгілерін бастапқыға аралас бермеді ме?! Әйтпесе мына ірікке қоспай, топтама жинағына сақтауы керек еді…»

Хош. Тиесілі бетті ментранпаж ақсақалға табыстадым. Бір аяғын сылтып басатын арық қара шал еді. Бұрнада байқағам, өз ісіне өте тыңғылықты кісі. Алып кетті. Арада бес-он минут өткенде линотипшілер түзеткен табақ бетті қайта әкеп берді. Бірлі-жарым қателерді тексеріп отырмын. Кенет… екі бой өлеңнің қақ орта тұсы, манағы мен бәсең көрген топтаманың үстінде басқа бір автордың есімі жазылып тұр. Кім дейсіз ғой? Жұмекен Нәжімеденов. Яғни етектегі, менің көңіліме сыймаған өлеңдер Мұқағалиға емес, Жұмекенге тиесілі болып шықты. Мен ал кеп қарқылдап күлейін. Мына қарама-қайшы шыққан өзгеше жағдайға ма, өзімнің өлең танымас тасырлығыма ма, әйтеуір, мәз болдым. Мен ол кезде саясат не ұлт мәселесі болмаса, әдебиетке, рухани ортаға қатысты қандай да жағдайда ойымдағыны ірікпес едім. Ертеңіне лездеме үстінде осы бір қызғылықты, оғаш оқиғаны қайталап айтыппын. Тәрізі, тағы да күліп алсам керек. Болды, бітті. Енді бұл әңгіме Жұмекенге жетеді. Шындығында, Мұқағалиды жаңа ашып отырсам, мана айтқанымдай, Жұмекенді бұрнадан білем. Расында да, атпал ақын. Ал жаңағы қатарлас топтамаға үңілсек… кез келген үлкен ақында орташа туындылар ұшырасып қалуы мүмкін. Сондай бір кілтипан. Немесе дәп сол мезеттегі менің көңіл күйіме сәйкеспеген. Арада қаншама заман өткен бүгінгі күні мен Мұқағали мен Жұмекенді деңгейлес ақындар санаймын, әрқайсының өзіндік ерекшелігі, олқысы мен ұтымды сыпаттары бар. Бірін соншама артық, екіншісін мұншама кем демес едім. Әйткенмен сол бір күні осындай оқиға болды.

Арада апта өтпесе керек. Одақ үйінің екінші қабаты, кең фойеде ұшырасып қалдық. Мен ойымда ештеңе жоқ, әдепкідей күліп амандасып едім, Жұмекен қолымды алды да, сілкіп лақтырып тастады. «Әлі күліп жүрсің бе?» – деген түйіле қарап. Мен бір сәт аңырып барып, содан соң ғана есіме түсті. Бұл кезде Жұмекен кері бұрылып кете берген. Енді қайтерсің. Соңынан қуып барып кешірім сұрайсың ба, әлде сондағы күлкінің себебін айтасың ба?! Қайткенде ыңғайсыз жағдай. Бірақ мен өзімді кінәлі санамадым. Несі бар, жақсы ақындардың өзі әрқилы сынға ұшырап жатады ғой. Әйткенмен арамыз ашылғанын анық аңдап едім. Десе де, әуелде жеңіл өкпе деп қана қараппын. Өкпе емес, ашулы ыза болып шықты және ешқашан тарқамайтын, Жұмекеннің ең соңғы күніне дейін жеткен жібімес кек. Қайткенде таңғаларлық жағдай.

Бір ғимаратта қызмет жасаған соң, көріспей тұрмайсың. Мен алыстан бас изеймін. Жұмекен қабағының астынан қарап өте шығады. Немесе кері, иә көлденең бұрылып кетеді. Әуелде тосырқап едім, жүре келе үйрендім. Мүлде елемейтін, көбіне өз тарапымнан сәлем ишаратын жасамайтын болдым.

Арада бірер жыл өткенде мен баспаға ауыстым. Одақ үйінің төменгі қабаты. Енді мүлде дерлік ұшыраспауға айналдық. Бірақ менің көңілімде кінәрат жоқ. Өткенде «Лениншіл жаста» қолма-қол, тезінен басылған Қазтуған мен Доспамбетті ұмытпас едім. Алдыма арнайы келмесе де, бар шаруасын сырттай түгендеп жатырмын. Міне, Ілияс Есенберлин екеуміз қабаттаса жасаған кезең – 1967, 1968, 1969, 1970, 1971 – бес жылда бес кітабы шығып, келесі 1972 жылға таңдамалы бір томдығы жоспарланыпты. Яғни қолдау күшті. Қолдамады десеңіз, ешқандай бөгесін де болмағаны. Ол заманда қандай мықтыңыз да тек өз күшімен ғана қанатын кеңге жая алмас еді.

Ақыры Ілекеңнен соң, көп ұзамай мен де «Жазушыдан» кеттім. Енді баспа тұрған одақ ғимаратына да сирек қатынаймын. Ара-тұра барғанда жоғары қабатқа көтерілуім әредік қана. Есебі, Жұмекенді де көре қоймадым. Алайда бес-алты жылдан соң «Жазушы» нәшірияты жаңа қонысқа көшті – біздің тұсымызда «Госкомиздат» төрағасы Мұхаметқали Сужиков негіздеп, жоспарлап кеткен, енді Шериаздан Елеукеновтің тұсында құрылысы сәтімен бітіп, қатарға қосылған жаңа ғимарат – Абай даңғылы, Гагаринге тақау, кеңісте орналасқан Баспагерлер үйіне. Мен жаңа кітаптарымның жөнімен үшінші қабаттағы «Жазушы», төртінші қабаттағы «Жалын» баспаларына қатынап тұрам. Бұл кезде Жұмекен «Мектеп» баспасында қызмет атқарады екен, ғимараттың бірінші қабатында. Осында көрдім. Арамыз ашылған 1966 жылдан емес, мен аулаққа кеткен 1972 жылдан санағанның өзінде, алты-жеті жыл өткен. Жиыны тура бір мүшел – он екі жыл. Жаңадан ашылған Баспагерлер үйіне алғаш келісімнің бірінде төменгі қабат, оң жақ түкпірде темекі тартып тұр екен. Көріспегелі қаншама заман, менен басталса да, одан өршіген араздығымызды ұмытып кетіппін. Жазыла келіп амандасып едім, қолымды әрең алды. Содан соң кекесінмен сынай қараған. Мен де қарадым. Ештеңе айтпады. Сол үнсіз қалпымызда айырылдық.

Мен сирек болса да, екі әдеби баспаның біріне қатынаспай тұрмаймын, әдетте ауызғы кіреберіс, сәл жоғарыда алғашқы лифт бар, мен бүйірге бұрылуды артық көрем және бұл есікте кісі көп, сондықтан осы бірінші этажбен тура тартып, дәліз түбіндегі екінші лифтке беттер едім. Және таңғаларлығы, мен әрбір келген сайын осы шағын даланда Жұмекен темекі тартып тұрады. Кейде анадайдан бас изеймін, кейде қол көтеріп, сәлем ишаратын жасаймын, ал Жұмекен қашанда қадала, кектене қараған қалпынан танбайды және жауап ишаратын да жасап көрген емес. Аздан соң маған осының бәрі қызық көріне бастады. Бұрылып барып амандасатын болдым. Азғана тұрыс. Артық сөз жоқ. Қашанда Жұмекеннің ернінде әлденендей кекесін ілініп тұрғандай. Кейде бірер ауыз сараң сөз. «Мһм… жазып жатырсың…» «Жазып жатырмын», – деймін. «Сыннан қашып, прозаға ауыстың ғой…» «Сен де прозаға көшкен сияқтысың…» «Е, біздікін қойшы, сізбен салыстырғанда…» Енді бір жолы ешқандай сұраусыз: «Мен прозаны өлеңімді асырау үшін ғана жазып жүрмін», – деген. Мен күлем. «Біз бала-шағаны асырау үшін…» «Одан басқа да кәсібің бар ғой, – дейді. – Институт мұғалімі деген… Соның өзі жетіп жатыр емес пе?! Түсімі шаш етектен. Жазбасаң да болады…» Мен кекесіннің астарын аңдасам да, нақты сене алмай, қарымта жауап айтпаймын. Осылай кем дегенде он шақты рет кездестік. Бір айда, бір жылда емес, үш-төрт жыл орайында. Мен онша көтерімді кісі емеспін, бірақ баяғы Қазтуған мен Доспамбет тежеп тұрған. Ақыры күндердің күнінде жарылып кетуге тура келді.

1983, жазғытұрым. Кейінгі кезде бірден жоғары көтерілетін болғам. Күтпеген кездесулер жүйкеме тие бастаған. Бірақ осы жолы аңдаусызда бұрынғы сорабыммен тартыппын. Бірінші қабат, ең түкпірдегі лифтке. Тура алдымнан шықты. Әдеттегіше шылым шегіп тұр екен. Амандастық. Менің бас-аяғыма үңіле, тексере қараған. Жас кезімде мен сәнді, тәуір киінетін едім. Бұл жолы үстімде жоғары сапалы бұлғарыдан тігілген, белі қынама, етегі түсіңкі, әдемі көк костюмім бар. Ол заманда өте қат дүние. Жұмекен саусағын кеудеме тіреп тұрып: «Мынаны қалай алдың?» – дегені. Мен: «Иә, дүкенге түспейді, – дедім. – Біздің әйел әлдекімдер арқылы қолы ұзын бір саудагер тауып…» «Жоқ, – деді Жұмекен. – Қайдан емес, қалай алдың деп тұрмын?» «Қалайы қалай?» – дедім мен сөз мәнісін ұқпай. «Қай ақшаңа?» – деді Жұмекен менің бетіме тіке, табалай қарап. Сонда ғана миыма сыздықтап жеткен еді. Өткен бір жолы да тұспалдаған. Менің көзім анық жетпеп еді. Енді міне. Сұмдық қой. Күтпеген жағдайда кідіріп қалыппын. «Кемі төрт-бес жүз сом, қай ақшаңа алдың деп сұрап тұрмын».

Бұл кезде «Аласапыранның» алғашқы кітабы шыққан, екінші кітап типографияда жатыр, оның да алпыс пайыз қаламақысын алғам, жыл аралатпай шығып жатқан, оның ішінде Москвада басылған кітаптарым өз алдына. Соған қарамастан, сұрақтың мәні түсінікті еді. Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын ҚазПИ-де қызмет жасағам. Соған мегзеп тұр. «Дәл таптың, – дедім. – Мен өткенде айтқаныңдай, институтта сабақ бердім ғой. Сондағы параға алдым», – дедім. «А-а… – Жұмекен бет-аузын тыржитып, таңғалған кейіп көрсетті. – Параға де… – Содан соң ащы жымиды. – Біз де алсақ қалай болар еді, ә?» «Ешқашан ала алмайсың, – дедім мен. – Ол үшін ең алдымен жоғары білімің болу керек. Маған ақша төлеп, институтқа түсесің. Бес жыл бойы зачет, емтихандарға жағалай беріп жүріп, диплом аласың. Содан соң тағы да пара арқылы аспирантура. Аспирантурадан соң, ғылыми кеңес мүшелерін жаппай жемдеп отырып, кандидаттық диссертация қорғайсың. Енді Москвада бекіту үшін екі есе пара. Ақыры әлдебір ректорға молынан асатып, институтқа оқытушы боласың. Былғары көк костюм содан кейін ғана… Бүгін бастасаң, енді тоғыз жылдан соң қолың жетіп қалуы мүмкін. Сонда өлең жазу үшін прозаға қор болмайсың, тіпті анада маған өзің айтқаныңдай, жазып та керегі жоқ. Болды ма?» Өзінің әдепкі қорлау сөзіне мұншама қатқыл жауап күтпеген Жұмекен дағдарып қалған еді. Алайда мен тоқтай алмадым. «Баяғыда бір мақаламды басқаның үшін, міне, он екі жыл бойы бар мазағыңды көтердім. Енді риза бол. Мен баспада отырғанда қолымнан өткен бес кітаптың төлемі осымен қайтты.  Сенің де, менің де қарызымыз жоқ!» – деппін даусымды көтермесем де, біржола нығарлап. Әбден ашуға мінген екем. Әр нәрсенің шегі болады ғой. Сол шекті сақтай алмай, басыма шығарған менің өзім кінәлі едім. Соншама былғаныш сөз, адам сенбес нәмәрт қылық. Құдай кешірсін. Ең соңғы тілдес, ең ақырғы кездесуіміз болып шықты. Жұмекеннің бақиға көшкенін мен дәп осы жылы, қараша айының орта шенінде, Мәскеуде Әдебиет институтында дәріс оқуға барған екі айлық сапардың соңында естіп едім.

Келер күзде, арада аттай он үш жыл өткеріп, «Жазушы» баспасына қайтып оралдым. Бас редактор ретінде. Жұмекеннің «Менің топырағым» атты бір томдық үлкен жинағы келесі жылдың тақырыптық жоспарында тұр екен. Көре салысымен өндіріс графигіне қойылды. Суреттері салынып, баспаға әзірленіп жатыр. Қолға алып үлгергеміз жоқ, аралық өсекшілер «Жұмекеннің кітабы ұсталып жатыр» дейтін лақап таратыпты. Бір күні сақалды басымен Әбу ағамыз келген. «Неге бөгеліп жатыр» дейді. Мен баспа графигін көрсеттім. Міне, келесі айда өндіріске тапсырылуы керек. «Осы айда өтіп кететін еді, суреттері дайын болмай қалды. Оның есесіне жоспардағы бесінші мұқаба емес, тері тысты жетінші мұқабаға ыңғайлап отырмыз» дедім. Ақсақал сенер-сенбесін білмей, азғана дағдарып барып, аманатын қайыра пысықтап еді, «Жұмекен сізге іні болса, маған замандас, өндіріске тапсырылған күні өзіңізге телефон шалам» деп, риза қылып аттандырдым. Айтқанымдай, Жұмекеннің бұл кітабы да толық құрамында, көрнекті болып шықты. Жай ғана басылған жоқ, сыншы Зейнолла Серікқалиевтің кейініректе айтуы бойынша, «Менің топырағым» – «Жұмекеннің жұлмаланбай, қаз қалпында шыққан алғашқы жинағы» екен. Әлбетте, ол заманда жалғыз Жұмекен ғана емес, Мұқағали да, Қадыр мен Сағи – әрқилы деңгейдегі ақын, жазушы атаулы ең алдымен баспа редакторы, одан соң цензура тарапынан сүргіге түсетін, ал менің ерекше бақылауымда болған мына кітап ешқандай жәбір-жапаға ұшырамапты. Енді келер жылға Жұмекеннің орыс тіліне аударма жинағы жоспарланған. Бір топ өлеңі бұрнада орыстың белгілі ақыны Юрий Кузнецовқа тапсырылған екен. Кешіктіріп жатыр. Мен телефондасып, асығыс жағдайды айттым. Ойланып барып бір аптадан соң жауап беріп еді. Арнайы хатпен, жазбаша. «Менің орайыма келмейді екен, бас тартам» деген тұрғыда. Алайда аванс ақшасын алып қойған. Мен, қайткенде үлкен ақын, оның үстіне қазақ қызын алған күйеу, басқадай бір ұсыныс жасап едім. Абайды аударса. Нақты есімде жоқ, осыдан соң Абайдың төрт-бес өлеңін аударған сияқты. Әйтеуір, келесі жылы борышынан арылтып едік.

Кейінгі замандағы естелік, шығармашылыққа қатысты мақалаларда Жұмекен көп қиындыққа ұшырады, таршылықта жазды деген сияқты лепес жиі айтылып жүр. Ол кезде қиындық атаулы жалпы жұртқа ортақ еді. Мана ескерткенімдей, алабөтен, жеке-дара қысас көрген жоқ. Керісінше, Жұмекеннің шығармашылық жолы алғашқы қадамынан бастап-ақ айрықша сәтті, керек десеңіз, тақтайдай даңғыл болды деп айтар едім. Бірден-ақ атағы көтерілді. Әділетсіз, артық-ауыс сын, әдеби ортада қағажу көрген жоқ. 1967 жылы, отыз екі жасында, Қадырдан соң, өз қатарынан озып, Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын алды, кейінде арзандап кеткен бұл мәртебе ол кезде Мемлекеттік сыйлыққа жалғас ең үлкен марапат болатын. Яғни әдеби ортада ғана емес, ресми тұрғыда да кеңінен, жоғары дәрежеде танылған, бағаланған тұлға – төрт тарабы бірдей ашық деген сөз. Қаламгер үшін ең басты мұрат – жазуының жарыққа жетуі десек, осы ретте де үнемі ең алдыңғы қатарда тұрды.

Міне, қараңыз. Жұмекеннің бастапқы жыр жинағы 1961 – жиырма алты жасында шыққан екен. Ерте емес, тым кеш те емес. Осыдан соң, кітап соңынан кітап, тоқтаусыз ағым. 1983 жылы қарашада дүниеден өткенге дейін, жиырма екі жыл ішінде жиырма бір кітап шығарған екен: оның он үші – өлең және поэма жинақтары, үшеуі – роман, екеуі – орыс тіліне аударма, енді екеуі – қазақ тіліне аударма. Осыншама уақытта ешкім, тіпті кітап шығарғыш Қадыр мен Тұманбайдың өзі мұншама нәтижеге жеткен емес. Өзімізді айтпай-ақ қоялық, Есенберлиннен соңғы кезеңде әрбір кітабымызды жыл аралатып, екі-үш жыл өткеріп, қаншама қиындықпен жоспарға әрең енгізіп, баспадан тағы әзер өткізіп, әупіріммен шығарып жүрген кезде Жұмекен, өлең жинақтарын айтпайын, 1973-77 – бес жыл орайында үш романын бастырып еді. Көп көріп отырғам жоқ, Жұмекеннің барлық уақытта ерекше, ұтымды жағдайда болғанын нақтылағаным. Қайткенде шалқып, толқып жүруге тиіс-ті. Алайда әрбір кездескен сайын жүзінен кейіс қана көретін едім. Өзінің жазуына көңілі толмағаны ма, әлде кейінгі «Мұқағалишылар» тілімен айтқанда, тіршілік күнінде ұлы ақын деп танылмаған ызадан ба, қалайда жақсы мінез емес еді. Маған деген бітпес реніш те осы түсініксіз кейістің бір пұшпағы сияқты.

Не керек, мезгілсіз өтіп кетті. Енді мен ақындық алымымен қатар, баяғы замандағы ерекше көмегі үшін қадарынша қызмет жасауға тырыстым. Баспадан кетіп, көп ұзамай «Жұлдыз» журналына келгеннен соң да. Бұл кезде біз жазушылардың Құрманғазы көшесіндегі жаңа үйіне орныққанбыз. Жұмекеннің жары Нәсіп те осында, бала-шағасымен жақсы пәтер алған. Даланымыз бөлек болса да, қанаттас, жақын көршіміз. Нәсіп пен біздің Бақыт бірден-ақ тіл табысып, тату әрі сырлас абысынға айналды. Шақырысып, шай ішіп тұрамыз. Мен алғашқы күндердің өзінде Нәсіпке айтып едім, «Жұмекеннің тартпасында жаңа жырлары, баспаға үлгермеген шығармалары қалған жоқ па екен» деп. Жоқ сияқты. Арада екі, әлде үш жыл өткенде бар болып шықты. Екінші қыздары, Саида баламыз анықтаған екен. Орташа көлемді поэма, төгіліп тұрған жыр. Төрт тармақ, жеті-сегіз буынды шалыс ұйқас – байқастап қарасам, шығыстың ежелгі бәйіт үлгісі. Оның үстіне бұл қалпында, барымызға жетімсіз журнал бетінде көбірек орын алмақ. Мен бірден-ақ жаңаша қалыпқа түсірдім: төрт тармағымыз – әрқайсы он бес-он алты буынды егіз жолдарға айналды. Сол қалпында басып шығардық. Кейінде бір сыншылар Жұмекеннің белгісіз қалып, енді ғана жарияланған дастаны  классикалық шығыс поэзиясының үлгісіндегі жаңалық деп жазып жатты. Шынында да, ақынның өзі әуелде құнттамаған болмашы жағдаят. Жұмекен бір заманда Сағдидың «Бустан» – «Көктемін» аударып, атаулы кітабын екі қайтара бастырды ғой. Яғни ортағасырлық шығыс жырларын жете таныды. Сол үлгі, сол дәстүр. Ешқандай жаңсағы жоқ.

Тек осы поэма ғана емес, «Жұлдыз» журналының бетінде Жұмекеннің ақындық қызметі жөнінде арнайы мақала да басылды; қазақ поэзиясы туралы әрқилы талдау, зерттеулерде бел ортада аталып, бағаланып жататыны өз алдына. Осының бәрі табиғи жағдай болатын. Ақыры Жұмекен ақындық даңқының шырқау шыңына жетті – баяғы балауса жиырма жасында жазған, сәл кейінірек Шәмші Қалдаяқов музыкасын қалыптаған «Менің Қазақстаным» аз-маз өзгеріс, тиесілі үстемеден соң, Қазақстан Республикасы гимнінің мәтініне айналды. Ақынға Атырау қаласында еңселі ескерткіш қойылды. Шығармалары жекелей де, том-томымен де тоқтаусыз басылып жатыр. Бәрі жөн, бәрі орынды. Әйткенмен тіршілік жақсы еді. Жазмыштың кесімімен морт үзілмесе, Жұмекеннің қазақ руханиятына беретін қазынасы әлі де көп болатын. Десе де, осы барының өзіне қанағат.

Бағзы бір заман – мен жиырма бесте, Жұмекен отызда, болмашы, бәлкім, елеусіз қалар бір кілтипаннан соң арамыз ашылып, екі тарап ғұмыр кештік, өтіп кеткенге өкінгеннен пайда жоқ, көңілдегі сол бір кірне тазарсын деп, арнайы естелігімде ештеңені жасырмай айттым. Қайткенде де пендеміз ғой, кімнің басынан өтпеген кінәрат.

Жас Алаш