Мұхтар Алтынбаев Қазақстан армиясының қалай құрылғанын еске алды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

8 0 0

Қазақстанның Қарулы күштері сонау 90-шы жылдардың басында біраз қиындықпен бетпе-бет келген

НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр – Sputnik. Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Осы орайда Қазақстанның Халық Қаһарманы, бар ғұмырын қорғаныс саласына арнаған армия генералы, бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев қазақ әскерінің қалай құрылғанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Қазақстанның Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев

«Қорғаныс министрлігі не екенін де білмедік»

Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Қазақстанның дербес әскері құрылған жылдар өте ауыр кезең болған.

«8 мамыр күні маған хабарласып, шұғыл Алматыдағы резиденцияға шақырды. Ол кезде мен корпус командирі едім. Резиденцияға келсем, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов отыр екен. Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұрмын деп едім, ол кісі президенттің бұйрығымен шақыртылғанымызды айтты. Сөйтіп елу минуттай отырдық, не болып жатқанын түсінбейміз. Бір сағаттан кейін президент шығып, «енді ТМД-ның ортақ біріккен армиясы жоқ, Ресей президенті Борис Ельцин Ресейдің қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойды» деді. Содан кейін Қазақстан президенті біздің көзімізше Қазақстанның қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңес одағының үлкен армиясы атымен жоғалып, біздің әскердің тарихы басталды», — деп еске алды армия генералы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Осыдан кейін Қазақстанның тұңғыш президенті Сағадат Нұрмағамбетовті қорғаныс министрі етіп тағайындап, генерал-полковник атағын берген.

«Президентіміз » шампан қайда, Қарулы күштердің жоғары басшылығымен суретке түсейік» деді. Ал біз автоматты түрде министрдің орынбасары болып шыға келдік», — дейді Алтынбаев.

Экс-министрдің айтуынша, Кеңес одағы заманында ішкі істер министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар болса да, қорғаныс министрлігі атымен болмапты.

«Ол уақытта қорғаныс министрлігі не екенін, қалай құру керек екенін де білмедік. Өте ауыр кезең еді. Тұңғыш президентке сол сәтте қалай қиын болғанын түсінемін», — дейді ол.

Армияны құру кезіндегі қиындықтар

Қарулы күштерді құру туралы жарлыққа қол қойылғаннан кейін, еліміз үлкен мәселелермен бетпе-бет келді. Ең үлкен проблема мамандардың жоқтығы еді.

«Кадрлық тұрғыдан әскеріміз қатты қиналды, себебі генералдар, полковниктер, өзге ұлт өкілдері өз Отанына оралып жатты. Бізге дереу оқу орындарын құрып, өз мамандарымызды дайындауға тура келді. Кеңес Одағының басқа өңірлеріндегі қазақ әскерилерін елге қайтару керек болды», — дейді Алтынбаев. 

Қару-жарақ, оқ-дәрі толы қоймалар да Қазақстанда шоғырланғандықтан, мұның бәрін сақтап қалу нөмірі бірінші проблема болған. Бәрі кетіп қалғандықтан, әскери бөлімдер иесіз қалыпты.

«Бүгін армияның құрылғанына да 27 жыл өте шықты. Қазір Қазақстан армиясы қуатты деп айтуымызға әбден болады», — дейді армия генералы.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

7 мамыр — Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиын

Сөз соңында Халық Қаһарманы қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

«7 мамыр әскерилердің ғана мерекесі емес, баршамыз үшін мейрам. Біздің жеріміз үлкен әрі бай, бірақ халық саны салыстырмалы түрде көп емес. Егер сырттан қандай да бір қауіп төне қалса, ұл-қызы бар бәріміз сапқа тұрып, жерімізді қорғауға әрқашан дайынбыз», — деді Алтынбаев.



sputniknews.kz


Тегтер:Qazaqstanармия