Мұхамеджан Тазабек қызын қалай ұзатты?

0

2018 жылдың 2 наурызында «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек тұңғыш қызы Айшаны ұзатты. Ұзату тойға қазақтың белді айтыскер-ақындары, әнші-жыршылары, қоғам белсенділері жиналды.

Мұхамеджан Тазабек

Ⓒinstagram.com

Тойдың куәсі болған әр азамат желідегі парақшасында суреттермен әрі видеолармен бөлісіп жатты. Ал «той қалай өтті, Мұхамеджан Тазабек қызын қалай шығарып салды?» деген сауалға «Шабдалы» фильмінің режиссері Жандос Құсайынның жазбасы жауап болар деген оймен Qamshy.kz ақпарат агенттігі аталмыш жазбаны оқырман назарына ұсынады. Жазба мазмұны төмендегідей:

2 наурыз еңбек сіңірген қайраткер, ақын Мұxамеджан Тазабектің тұңғышының ұзату тойы өтті. Той — ұлттық  дипломатияның көрініс берер сәті ғой. Сүйсіну мен сын, күлу мен жылау, қуану мен жабырқау қатар жүреді.
Жалпы, тойға келген жұрттың басты екі сыны бар: «қызы қандай екен?” және «әке-шешесі қалай шығарып салар екен?».
Кеше қыз ұзатуға келген көптің көзінде осы сұрақ тұрды. Ал Мұxамеджан аға Айшаның аманатын күйеу балаға тапсырар тұста сөз алды. «Қызымды қалай өсірдім, қандай тәрбие бердім? Бұл туралы айта беруге болар еді, бірақ оның жауабын іздеген адам қызымның бойынан көреді. Біз шамамыз келгенше жақсы киім киіп, таза тағам жегізіп, қазақы қылып өсіруге тырыстық. Ал бұдан былайғы өмірі енді күйеу баланың қолында» деді ол. Сосын қасындағы қоңыр сандықты ашып, ондағы қыз жасауының басты-басты дегендерін өзі көрсетіп, оның маңызын түсіндірді. Алдымен Құран кітапты шығарды.
«Бұл қасиетті Құран. Кез келген отбасының төрінде тұруы керек деп санаймыз. Мұның ішінде адамның екі дүниедегі бақытқа жету жолы жазылған. Бұл кешегі Абайдың, Шәкәрімнің, Яссауидің бақыт турасындағы сұрақтарына жауап берген ізгі кітап. Бұл жақсылыққа жетелейтін нұр. Ендеше, екі балама осы кітапты сыйлаймын» деді. Сосын xадистер жинағын алды.

Мұхамеджан Тазабек

Ⓒinstagram.com

«Алланың ардақты пайғамбарының өмірі — адамзатқа үлгі. Құранда адам баласының бақытқа жетуі туралы жазылса, мына Саxиx Буxаридің xадистер жинағы сол бақытқа жету жолдарын үйретеді. Бұл кітап — адам баласының темірқазығы іспетті. Айырылмай ұстаса түбі шуақты күндерге, бақытты сәттерге толы ғұмыр кешеді. Жас отбасыға сыйлағымыз келген жасаудың басындағы екінші кітап осы”. Мұxамеджан аға енді сандықтан Абайдың өлеңдер жинағын алып көрсетті.
«Біз қазақпыз. Өз ұлтымыздан шыққан небір ғұламалар бар. Абай — соның бірігейі. Оның осы бір өлеңдер топтамасын үнемі оқып жүрсін деп сыйлап отырмыз. Қай отбасыда қазақылық салтанат құрса, сол отбасыда кеңдік пен парасатты қарым-қатынас орнайды».
Отырған жұрт сілтідей тынып әкенің сөздеріне ұйып тыңдады.
«Төртінші кітап — Елбасының еңбегі жазылған кітап. Бұл шығарманы да жас отбасының жасауының басы етіп беріп отырмыз. Себебі, қандай қоғам басшысын қадір тұтып, оған бағынса, сол қоғамда береке орнайды. Біздің басшымыз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Оның осынша жылдар бойы мемлекет, ұлт үшін істеген қызметін біліп, өскелең ұрпаққа сіңіре жүруіміз керек».

Мұxамеджан Оразбайұлы қоңыр сандықтан бесінші кітапты шығарды да жымиып сөйледі: «Айша — ақынның қызы. Менің осынша жыл ел алдында жүруім, xалықтың сүйіспеншілігіне бөленуім, сонау Қонаев атамыздан бастап, бүгінгі күнге дейінгі ел ағаларынан алған бата-тілектердің бәрінде ақындығымның үлесі бар. Халық менің айтыскерлігімді қадір тұтты, алақанында аялады. Ендеше, мынау менің жиырма бес жыл бойғы түрлі саxнада айтқан өлең шумақтарым. Осыны оқи жүріңдер. Мұнда сендердің әкелерің жайлы, оның қоғамдағы қандай да бір құбылыстарға қатысты пікірі, көзқарасы бар».
Қоңыр сандықтағы тағы бір зат ет табақ екен. Ақын адам оны көрсетіп былай деді, «қонақ күту қазақтың жақсы қасиетінің бірі. Қонақжайлыққа айтып үйретпейді, көрсетіп үйретеді. Қонағын сыйлаған адам жаман болмайды. Айша үйде болғанда қонақ күтуден кенде болған жоқпыз деп ойлаймын. Сондықтан алдағы болашақта сендердің де үйлеріңнен қонақ үзілмесін деп осыны сыйлап отырмыз», деді ол, ұлттық оюмен өрнектелген ет табақты көтеріп тұрып. Ең соңында алтын ине мен жібек жіпті шығарды. Оның да символикалық мәні бар екен. «Әйел адам барған жерінде ісмер болуы керек. Ол алдымен үй шаруасын дөңгелетіп, көңірсітіп күлшенің иісін шығарып, ас-ауқатын дайындап, көрпе-төсегін көктеп отырғаны жөн.
Күйеуінің шалбарының қыры пышақтай, жейдесінің жағасы аппақ қардай болып, күтімі көрініп тұрса, ол отбасыда гармония бар деген сөз. Ине-жіп келіншектің іске бекемдігімен қатар, үйдегі үйлесімнің де жібін тарқатпай ұстауының көрінісі» деп аяқтады сөзін алаштың ардақты ақыны.
Бұл дүниелер жасаудан гөрі әкенің аманаты әрі өмір бойы қастерлеп өтетін құнды жәдігері іспетті көрінді өзіме. Жалпы, кеше көргенім көрікті тойдың нағыз мысалына жарар шара болды.
Қыз ұзату — әке-шешенің емтиxаны секілді ғой өзі. Мұxамеджан ағаның дәстүрді жаңғыртқан, қазақы дипломатияға бай думаны біразға дейін көптің көңілінен өшпейтін шығар. Бастысы, көптің тілегі мен әкенің асыл сөздері екі жастың жадында жатталып, алдағы өмірлеріне бағдар болса екен.