Мұхамеджан Тазабек өзін «жаңа билікке жағымпазданып жатыр» деген Светқалиға жауап берді

0

Қаңтар бүлігінен кейін кейбір белсенділер Қазақстанның қоғамдық-саяси сахнасынан көрінбей кетті. Солардың бірі – Мұхамеджан Тазабек. Ол қазір шетелде жүр. Өзінің айтуынша, ол ешкімнен қашып жүрген жоқ.

Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

– Мұхамеджан Тазабектің жазбасы – жаңа билікке жағымпаздану, сол арқылы санатқа кіріп, сапқа тұру» деді ақын Светқали Нұржан. Не дейсіз?

– Ал, жарайды, санатқа кіріп, сапқата тұрғанның несі жаман?  «Мен жүрейін ол болмасын» дейтіндей Жаңа Қазақстан белгілі бір топ пен әлде біреулердің меншігі ме еді?

Әрқайсымыз жаңа биліктің жақсы ісі болса қолдап, жаманы болса түзетіп, осы елдің санатында жүруіміз керек. Ондай ниеттің еш ерсілігі жоқ.

Отқа айдаса боққа қашып, қырсығып, қыңырайып жүргендерден қоғамға не пайда? Менің бірқатар жылы өлең жолымнан билік бұзылып кетпес. «Сайлауға барамын» деп, елді ортақ шаруаға үндеуді жағымпаздық деп ойламаймын.

Мен де осы елдің азат адамымын, ескі билікте тізгін ұстағам жоқ, қылмыстық топтың мүшесі емеспін. Керісінше, миллиондаған қолдаушысы бар рухани бағытта қызмет жасап жүрген қоғам қайраткерімін. «Санатқа кіріп, сапқа тұрып кететін болды» деген не қорқыныш?

С.Нұржан.

– «Мұхамеджан Тазабек – қазақ ұлтынан, ұлттың рухани құндылықтарынан тамыр үзген азамат» деді тағы.  Бұған не айтар едіңіз?

– Соңғы он бес жыл бойы айтылып, тізесі шыққан айыптаулар ғой. Жаңа бірдеме айтты ма десем. Ондай жаланы естіп, тексеретіндер тексеріп, ақтайтындар ақтап, боқтайтындар боқтап қойғалы қашан?!

Кешегі Ұлытау төрінде өткен құрылтайда Тоқаевтың айтқан: «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидасы қазіргі темірқазығымыз болу керек.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Кім қандай пікірді ұстанса да, ортақ құндылыққа қызмет ету – ұлы мұрат. Мен жайлы, сен жайлы, ол жайлы да әртүрлі пікір болу керек. Еркін пікірдің заманы туып жатыр. Біреу шыңнан қыран секілді саңқ етеді, біреу құдықтың түбінен құрбақа секілді бақылдайды.

Қазір бір-бірімен ұстасып алған қазақ емес, ішін кең ұстап, әлемдік дамуларға қарай қадам басқан қазақ ұтады. Үш жүз жыл пайда бермеген ішкі тіресу, ғылым мен технологияның заманында тіптен уақыт жоғалтатын нәрсе емес.

– Ақын ағамыз сонда сізге жала жауып отыр деп есептейсіз бе?

– Мен жайлы пікір айтқан сұхбатының соңында ағамыздың өзі артық кеткенін мойындап, көрермендерден кешірім сұрап отыр ғой, «ақындық дегеннің бір міні – қызбалық» деп.

– Айыптауларға айтатын басқа жауабыңыз жоқ па?

– Өзіне жақсы болса ағалар айта берсін. Ештеңе етпейді. Содан іші босап, жеңілдеп қалса, айтсын. Дүние эмоция мен күдіктен ғана тұрмайды ғой.

Алланың заңы бар, адамның заңы бар. Айтқан айыбы қанша үлкен болған сайын әуелі өзіне қиын, сосын тыңдарманға обал. Бәрі болмаса да, ақынның сөзін сыйлайтын кейбір адам сеніп те қалуы мүмкін.

Сенгесін, шатасады, ғайбатқа, өсекке үлес қосады. Аталы сөз айтатын ақсақалдық жасқа келгенде бір сағат сұхбаттасып көрмеген беймәлім адамның сыртынан үкім шығарып, өкпе түгілі өлімге қию – қазіргі қазақ қоғамының үлкені қасіреті!

Бірақ, ол кісі шабытты ақын болғасын, көңіліме көп алған жоқпын. Жәй ақын емес, шын ақын. Иманның қазығына тұқыртып байламаса, ақындық арынның жықпайтын жары, ұялтпайтын жері жоқ екені құранда жақсы айтылған.

Ақын ағамыз бізді терроризмге айыптап, «Сирияда өлгендердің құнын сендерден алам» деп бопсалап, қолмен жасамақ түгілі ойман орындауға қорқынышты істе айыптап, шын шығармашылық қиялдың ақыны екенін әбден танытыпты.

Алла Тағала құранда арқалы ақындар жайлы: «Сондай-ақ олар өздері істемейтін істерді сөз қылады…» («Шұғара» сүресі 226 аят) деп бекер айтпағанын түсініп қойғаныма біраз болған.