Мұхамедиұлына қатысты іс: сот үкім шығарды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхамедиұлына және оның жұбайы мен адвокатына үкім шығарды, — деп хабарлайды Kznews.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу барысында Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп (Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігі), оның жұбайы Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасады деп (Қылмыстық кодекстің 368-бабының 1-бөлігі), ал Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталды.
Сот мәліметінше, Мұхамедиұлы 2022 жылы желтоқсанда Астана қаласының тергеу изоляторында болған кезінде қамаудан босатылып, «Д» қонақүйін меншігінде ұстап қалғысы келіп, адвокат Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге қылмыстық ниет білдірген. Бұл ретте жұбайын парақорлыққа делдал ретінде тартуға шешім қабылдаған. Әрі қарай оның жұбайы Төлеевпен келіссөздер жүргізіп, заңсыз ақшалай сыйақыны лауазымды адамдарға беру туралы келісімді жүзеге асыру мақсатында Мұхамедиұлының пара беруге дайын екенін хабарлаған. 2022 жылы желтоқсанда Мұхамедиұлының жұбайы кафеде «Д» қонақүйінің мәселесін шешу үшін Төлеевке 140 мың АҚШ долларын өзі табыстаған. 2023 жылы қаңтарда ол Төлеевтің көлігінде делдал рөлін атқара отырып, Мұхамедиұлына қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту үшін 120 мың АҚШ долларын тапсырған.
2023 жылы сәуірде Мұхамедиұлының жұбайы жүргізушісі арқылы Төлеевке жазаны жеңілдету үшін тағы да 100 мың АҚШ долларын берген. 2023 жылы маусымда ол тағы да делдал рөлін атқара отырып, өзінің ұлы арқылы Төлеевке 27 млн. теңге және 40 мың АҚШ доллары сомасында ақша берген. Төлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ақшаны иемденген.
Сотта прокурор айыпты қолдап, Мұхамедиұлына 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды; Төлеевті 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды; Ал Ысқақованы 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, оларды ақтауды сұрады. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот Төлеевтің балалары барын, Ысқақованың асырауында қарт анасы барын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Мұхамедиұлынан қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.
«Сот үкімімен Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды», — деп жазылған Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәліметінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
фото: aikyn.kz