Домой Жаңалықтар Мұхамбетжан Тазабек: Қонаевтың батасын алдым, Назарбаевтың назарында болдым, Тоқаев орден тақты

Мұхамбетжан Тазабек: Қонаевтың батасын алдым, Назарбаевтың назарында болдым, Тоқаев орден тақты

0
602

Осыдан бірнеше күн бұрын белгілі ақын Светқали Нұржан әлеуметтік желідегі парақшасында референдумға байланысты жазған Мұхаметжан Тазабектің өлеңін сынап жазған еді. Ақынның сол сынына бүгін Мұхаметжан Тазабек жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Светқали ағам күн сайын таң қалдырып, сәт сайын сүйсіндіретін, ең мықты ақыным ғой. Ұрсып жатса да, төпелеп жатса да, мәтіннің мәнісінен гөрі ағамның ақындық жүрегі маңызды. Екі дүниенің мазмұнын таразыға сап, қазақтың қасиетті қара өлеңімен рухыңды тербеп, пәндауи ортаның қасаңынан басқа әлемнің шуағына қарай жетелеп кететін илаһи жолдағы мінезді ағама құрметім бөлек”-деп жазды ол парақшасында.

Ол өз сөзінде ақын ағасына еш реніш білдірмейтінін, талай сахнада айтысып, көп адамды “жеңгенін” жеткізді. Сондай-ақ ол Сирияға кеткендерге де, қаңтар оқиғасына да еш қатысы жоқ екенін айтты.

”Аққа Құдай жақ! Назарбаев кезеңінде де жаладан қорыққан жоқпын, Тоқаев тұсында да жүрегім тыныш, жолым айқын. Қонаевтің батасын алдым, Назарбаевтің назарында болдым, Тоқаев орден тақты. Бірақ ешқайсының партиясында болғам жоқ, отбасы мүшелерімен бизнес жасағам жоқ, қызмет сұрағам жоқ. Өзім дұрыс деп санаған тұсына жылы сөз айтсам, ол менің азаматтық көзқарасым. Жағымпаздық деп ойласаңыз — ол сіздің көзқарасыңыз”-деген М. Тазабек желідегі барша адамды татулыққа, ауызбіршілікке, Жаңа Қазақстанды дамытуға үлес қосуға шақырды.