Мүгедектік – қасірет емес — Атаулы күн|09 Желтоқсан 2018, 10:00
Құралай Бәйменова – тағдырдың сан түрлі сынағынан сүрінбеген жан. Рухани күштің иесі. Тағдырдың «сыйларын» қаймықпай, бойын тік ұстап, қабылдаған жан. Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың анасы. Бірегей тұлға.
Сол күні іссапарға шыққан едім…
Құралай Базарбайқызы — өзгелерге мүгедектіктің қасірет еместігін дәлелдеді. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін Ақтөбе облысы қазіргі Қандыағаш қаласындағы аудандық мәдениет бөлімін 17 жыл басқарды. Ал, қызмет барысымен жолға шығып, апатқа ұшыраған уақыт көз алдында әлі сақтаулы.
«Менің еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылғаныма 29 жыл болды. 1989 жылдың 24 тамызында іссапармен жолға шықтық. Таңғы сағат 9:15-те көлігіміз көпір үстінен құлап, апатқа ұшырады. Түрлі жарақат алдым, омыртқама зақым келіп, төсекке таңылдым. Мен ол кезде 34 жаста едім. Аудандық мәдениет бөлімінде меңгеруші болдым. Бір қуантатыны — сол кезде тұрмыс құрып, бір қыз, бір ұлым болды. Есімді жиғанымда, белден төмен қарай ештеңені сезбедім. 2 жылда 2 үлкен ота жасалды. Сол 24 ай мен үшін өте ұзақ өтті»,- деді Құралай Бәйменова.
Апаттан кейін есін жиып, көзін ашқанда ол тірі қалғанына шексіз қуанып, өзін бақытты сезінеді. Өмірге құштар жанды үлкен соққы да сындырмады. Керісінше, жанындағыларға басу айтты. Ауруханада жатқанда Құралай Базарбайқызына отбасы, туыстары мен достары қолдау білдірген. Оларға айтар алғысы шексіз. Дегенмен, қиындық та болды. «Адамдардың арбаға таңылуы мүмкін» дегенді қаперіне де алып көрмеген жан жұрттың назарына ілікті. Қайсар келіншектің басында «әрі қарай не істеймін?» деген үлкен сұрақ тұрды.
«Тәуелсіздік алған жылдардың басында халық қатты қиналды ғой. Көп адам жұмыстарын тастап, күн көрістің қамымен саудаға шықты. Денсаулығымды дұрыстаған соң менің де жұмысқа кірісуім керек болды. Арбаға таңылған жанмын. Қолымнан сауда жасау келмейді. Мен – идеологпын ғой. Белсенді өмірді жақсы көремін. Сол кезде аудандық «К9» телеарнасына жұмысқа тұрдым. Телеарнада өзім тақырып тауып, материалымды жазып, монтаждап, кейін эфирге шығатынмын. Эфирде «өз тәуелсіздігімізді алдық, жас мемлекеттің алар асулары көп» деген секілді тек жақсы дүниелерді ғана айтатынбыз. Бастысы — халықтың еңсесін көтеру болды. Күш-қайраттың бойымда әлі сарқылмағанына қатты таңқалатынмын. Былай қарасаң, жылап-еңіреп, «мен – мүгедекпін» деп жата беруіме болатын еді ғой», — деді Құралай Базарбайқызы.
Мүгедектерді дүрліктірме!
«Дені сау жан жанындағылардың қайғы-қасіретін көрмейді». Осылай деген кейіпкерімнің өміріндегі сол қатерлі жағдай оның өмірге деген көзқарасын, құндылығын өзгертті. Ол айналасында қанша адамның мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрді. Жағдай жасалмаған, барар жер, басар тауы жоқ, тілек-талаптарын тыңдар адамы жоқ жандарға көмек қолын созуға шешім қабылдайды. 1998 жылы «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігін құрды.
«Денім сау кезімде өте белсенді қызметкер болдым. Арбаға таңылғанымды біразға дейін мойындағым келмеді. Қиналдым. Сол кезде жан-жағыма қарай бастадым. Соғыс ардагерлерінен басқа мүгедек жанды көріп көрмегенмін ғой. Айналам толған мүгедек жандар екен. Бала да, жас та, кәрі де бар. Бірақ, ол кезде арбаға таңылған адамды көрсе жұрт «ойбай, біссіміллаһ» дейтін. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас мүлдем дұрыс болмаған еді. Олар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Қиналғандарына шыдамадым. Қоғамнан жырақ қалған, әлеуметтік, психологиялық көмекке аса зәру жандарға көмектескім келді. Маған сенгендер аз болды. «Мүгедектерді қозғама, дүрліктірме» дегендер де кездесті. Нәтижесінде қоғамдық бірлестікті құрдым. Өмір – ол үлкен күрес. Сынақтарға төз білу керек. Халықтың жағдайын жасайтын мемлекет, біз себепкер болуымыз қажет. Біз бәрін басынан бастадық. Ол кезде қиын болды. Қазір мүгедектер туралы жалқаулар ғана айтпайтын шығар», — деп бөлісті «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігіннің төрайымы.
Қоғамдық бірлестіктің құрылғанына биыл 20 жыл толды. Жарымжандарға қатысты барлық мәселе басында көтеріліп, қазір үкімет тарапынан жағдай жасалуда. Қоғамдық өмірге белсенді қатысып жүрген ақтөбелік мүгедектер аз емес. Олардың мәселелеріне қоғамның да көзқарасы өзгерді. Үлкен еңбектің нәтижесі көрініп келеді.
Бұл — үлкен жеңіс!
Құралай Бәйменова 2004 жылы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының «Құрметті азаматы» атағын алды. 2006 жылы Ақтөбе қаласының, 2015 жылы облыстың «Құрметі азаматы» болды. Құрметке лайықты жанмен қазір биліктегілер де санасады. Өңір басшысының кеңесшісі. Үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген нәзік жандының бастамасымен аймақта бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Мүгедектер үшін шаһардың ортасынан арнайы жобамен алғаш 40 пәтерлі үй салынып, пайдалануға берілді. Кейін тағы бір көп қабатты тұрғын үй салынды. Бұл үйлерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдай жасалған. Арнайы жеделсатысы, пандустары бар, дәліздері кең. Баспаналардың бірінде мүгедектерді оңалту орталығы орналасқан. Ал, екінші үйдің төменгі қабатында орталық орналасты. Орталыққа көмек сұрап, күніне бірнеше адам келеді. Мәселелері түрлі. Дегенмен, әр адамның жағдайын жасауға біз тек себепкерміз. Ұйықтап жатқан жанды ояту біздің міндетіміз. Ал, көшке ілесу олардың міндеті. Еңбек етсең ғана жағдайың дұрысталады. Дегенмен, мүгедектер қолға алған ісін жарты жолда тастамайды. Жауапкершіліктер жоғары», — деп жалғастырды Құралай Бәйменова.
Облыс орталығында 40 нысан арнайы пандустармен және көтергіштермен жабдықталды. Себепкер – қоғамдық бірлестіктің мүшесі, «Пандус ОК» жобасының басшысы Шахан Жолдасбаев. Орталықта қазір 30-дан астам адам жұмыс жасайды. 11 жанның омыртқасы зақымданған. Олар үшін ірі «Инватакси» жобасы жүзеге асырылды. Қазір шаһардағы ерекше адамдарды арнайы көліктер тегін тасиды. Жарымжандардың денсаулығын оңалтуға да мүмкіндік бар. 130 ақтөбелік Қырымдағы шипажайлардың біріне жолдама алды.
«Қазір қоғамда өзгенің мәселесі мен жетістігіне немқұрайлы қарайтындар өте аз. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар өз көзқарасын қымсынбай айтып, еркін жеткізе алатын дәрежеге жетті. Олар кез келген тақырыпты кеңінен талқылай алады. Біздің пікіріміз қоғамдағы түрлі процестерге ықпал ете алады. Бұл-үлкен жеңіс!» — деді Құралай Бәйменова.
Дереккөз: BAQ.KZ